30 Қараша, 2010

“Нұрпейіс атты дауыл-жыр”

3112 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Нұрпейіс Байғанин – ерекше көркем, айрықша әсерлі, аса өн­імді шығармашылық иесі, жы­рау­лық дәстүр мен жазба әдебиет арасындағы алтын көпір іспетті сөз зергерлерінің бірі. Екі кезең әде­биетін ұштастырудағы маңызды орын осы ақын шығармашы­лы­ғына тиесілі. Ол қазақ поэзия­сындағы дәстүр жалғастығының ең белсенді үдерісін жасаушылардың қатарынан саналады. Көрнекті халық ақыны, атақты жыршы әрі жырау бұл бабамыз 1860 жылы Орал губерниясы, Те­мір уезі, Қалмаққырған болысы­ның №2 ауылында дүниеге келген. Әкесі Байғана жалшылықпен күнелткен, шаруасы төмен адам болған. Ақынның анасы – атақты Бұқарбай жыраудың қызы Үміт күміс көмей әнші әрі суырып сал­ма ақын екен. Ірі айтыстарға қатыспағанымен, орайы келген жерде қатар-құрбы, замандас қай­ныларының мінез-құлқын әзілдеп өлеңге қосып, тапқырлығымен көзге түсіп отырған. Анадан қасиет дарыған бола­шақ ақынның өлең-жырға, дом­бы­раға құмарлығы балаң сәби к­е­зі­нен басталыпты. 13 жасынан бас­тап ақ­ын­­дыққа анық бет бұрған Нұр­пейіс “бала жырау”, “жаяу жыр­­шы” атанып, елге таныла бас­тай­ды. Жас кезінде-ақ Әбубәкір Кер­­­дері, Мұрат Мөңкеұлы, Ма­ра­бай Құл­жабайұлы, Нұрым Шыр­шы­ғұл­ұлы, Шернияз Жарыл­ғасұлы се­кіл­ді дүлдүлдермен жолдас бо­лып, со­лардың ақындық өнеге­сі­нен тәлім алады. Белгілі жыршы-жы­раулар­дан үйренген жыр-дас­тан­дарын да ақын жас­тайынан жыр­лаған. Өзі туып-өскен өңірдің той-жиыны Нұрпей­іс­сіз өтпейтін болған. Нұрпейіс ақын ел арасында ас­қан жыршылық өнерімен де ке­ңі­нен танылады. Ақынның таңнан-таңға жалықпай жырлаған телегей-теңіз жыр-дастандарының қата­ры­нда “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Ор­ақ-Мамай”, “Қарасай-Қази”, “Жас Еділ”, “Төрехан”, “Құбы­ғұл”, “Ер Тарғын”, “Күлше қыз”, та­ғы басқа көптеген айтулы жы­р­-лар болған. Олардың бірқатары – атақты “Қырымның қырық ба­тыры” жырының салалары болып келеді. Көзкөргендердің айтуын­ша, Нұрпейіс ақын “Қырымның қырық батырын” тұтастай да жырлаған көрінеді. Осындай кең қарымға ие жыршы өзі көрген, ес­тіген оқиғалары негізінде “Ақкен­же”, “Нарқыз” секілді төлтума дастандарын да дүниеге келтірген. 1938 жыл – Нұрпейіс Байға­нин­нің шығармашылық ғұмырын­да­ғы ең елеулі жыл болды. Алыс Ақтөбеде, астанадан шалғайда жатқан ақын дарыны Жамбыл Жабаев шығармашылығының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында әдебиетші қауым назарына ілікті. Жазушылар одағының тапсырма­сы­мен Жәкең тойына дайындық ретінде Ақтөбеде ақындар слетін өткізуге келген ақын Дихан Әбілов осы сапар барысында Нұрпейіс ақ­ынмен танысады. Дарынның да­риядай тасып-төгілген жырларын тыңдап, таңғажайып талантына тәнті болған Дыхаң Ақтөбеде бол­ған күндерінде Нұрпейіс өлеңдерін алғаш рет облыстық “Социалды жол” газетінде жариялатады, радио арқылы ақын жырларын респуб­лика жұртшылығына тыңдатады. Облыс басшылығы Нұрпейіс ақынды Жам­был тойына жіберуге бірауыздан шешім қабылдап, оған хатшы етіп жас ақын, журналист Мәселе Жа­ңабаевты тағайын­дай­ды. Осы кезең­нен бастап Нұрпейіс Байғанин өлең­дері мерзімді бас­па­сөзде жиі жария­ланып, атағы бүкіл Қазақстанға мәлім бола бастайды. 1938 жылдың мамыр айында Ал­матыда өткен Жамбыл тойы Нұр­пей­істің ақындық талантын даралай танытқан жыр бәйгесі іспетті болды. Ақын Жәкеңе бірнеше жыр-шашу­мен келеді. Мерейтойдан кейін Жазу­шы­лар одағы ақынға көңіл бөліп, шы­ғар­машылығына жағдай туғыза­ды. Бабаның әдеби хатшысы болып Ақ­төбе облысына белгілі ақын, жур­­налист Ахмет Ескен­діров та­ғай­ында­ла­ды. Өзі хатшылық қыз­мет атқарған 1938-1941 жылдар аралығында А.Ес­кен­діров Нұр­пейіс атамыздың ай­туы­нан оның көп­теген өлеңдерін, жыр-тол­ғау­ларын, “Ақкенже”, “Нар­қыз”, “Қарасай-Қази”, “Қобыланды ба­тыр” секілді ірі дастандарын хатқа түсіреді. Ақын шығарма­шы­лығы­ның өзіне етене жақын эпикалық ар­на­ға ойысуына Жазушылар одағы­ның да ықпалы болған тәрізді. Бұл ұйым басқармасының жауапты хатшысы Дихан Әбілов пен Халық ақындары секциясының жетекшісі Қасым Аманжоловтың 1938 жыл­дың 10 шілдесінде Нұрпейіс Бай­ғанинге жолдаған хатында: “Оқи­ға­лы ірі поэма беру сіздің қолы­ңыздан келеді деп санаймыз. Ұзақ өлеңдермен қатар ірі шығарма берсеңіз өте жақ­сы болар еді... Жұрт­шылық сіздей ақыннан көп­теген жақсы өлеңдерді құмарта күтеді. Сіз бұл тілекті ақтайды деп сенеміз”, делінген. Нұрпейіс баба шығармашылы­ғы­ның тақырыптық жағынан түр­лене түсуіне сол кездегі қоғамдық өмірге белсене араласуы тікелей әсер етті. 1939 жылы ақын қазақ совет жазу­шыларының ІІ съезіне делегат болады. Съезден кейін ол кісі та­лантты ақын-жазушылар қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мү­шелігіне қабылданып, республика­лық слетке қатысады. Сол жылдың 16 тамызында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруа­шы­лы­ғы көрмесіне барған ақын көр­меден алған әсерімен “Өңімдегі жұмақ” атты өлеңін шығарады. Бұл шы­ғарма іле-шала орыс тіліне ауда­ры­лып, Бүкілодақтық радиодан оқы­лады. Нұрпейіс ақынның КСРО кө­лемінде танылуы осылай басталады. 1940 жылы Нұрпейіс Байғанин­нің қоғамдық еңбегі лайықты ба­ға­ланып, “Құрмет белгісі” орденімен марапат­талады. “Ақын шабыты” атты Н.Бай­ғаниннің таңдамалы жинағы осы жылы жарық көреді. Оның алғысөзін жазған көрнекті әдебиет зерттеушісі Е.Ысмайылов “Нұрпейіс ақын” мақаласында ба­ба­ның өмірі мен шығармашылығына кең көлемді шолу жасап, құнды ғы­лыми мәліметтер келтірген, Нұрпей­іс ақын талантының барлық қыр­ла­рына тереңдей тоқ­талып, оның біре­гей шығармашылық портретін сом­да­ған. Нұрпейіс ақын шығармашы­лы­ғы­ның соңғы кезеңі Ұлы Отан соғы­сы жылдарына тұстас келді. Ақын бойындағы мұқалмас қайрат, сөнбес сенім, асқақ отаншылдық рух оның соғыс жылдарында жазылған жырла­рында ерекше көрініс тапты. Өзі жет­піс жылға жуық жырлаған “Батырлар жырының” бар асылын ақын осы жауынгерлік жырларына сыйғыза білген. Отан соғысы кезінде де ақын сексеннен асқан жасына қарамай, үнемі ел арасында болып, майданға көмек жинады, жеңіске деген сенімге толы жырларымен жұртшылықты жігерлендіріп, еселей еңбек етуге шақырды. Майдандағы жауынгерлерге елден жолданған аз­ық-түлік, киім-кешекпен бірге Нұр­пейіс ақынның жалынды жырлары да үздіксіз жетіп жатты. Бабамыздың көптеген өршіл өлеңдері, “Даңқты жиырма сегіз”, “Ер туралы жыр”, “Жиырма бес” атты поэмалары осы кезеңде дүниеге келді. “Қазақстан – майданға” өлеңі бойынша сол тұста деректі киноочерк жасалды. Батыс­тағы әрбір жақсы хабарға қуаныш­пен жыр арнап, жеңіс сағатын тағат­сыздана тосқан, ауру меңдеп, төсек тартып жатқан соңғы сәтіне дейін “Мен өлмеймін, өрлеймін” деп жі­гер­лене жыр жазған ақын 9 мамырға бір ай қалғанда – 1945 жылдың 9 сәуірінде көз жұмады. * * * Үстіміздегі жылы белгілі ақын, бірегей шығармашылық тұлға Нұр­пейіс Байғаниннің туғанына 150 жыл толды. Осы айтулы мерейтой қарса­ңында академик С.Қасқабасов бас­қаратын Әдебиет және өнер инс­титуты Н.Байғанин шығармала­ры­ның 5 томдық толық жинағын дай­ын­­дады (құрастырған – осы жол­дардың авторы). 1956 жылдан бергі жарты ға­сырдан астам уақыт ішінде ақын шы­ғармаларының толық жинағы жарық көрмегенін ескерсек, бұл шараның ғы­лыми маңызы қан­ша­л­ықты зор екенін ұғынуға болады. Жинақтың дайындалу барысына Н.Байғаниннің не­мересі Ерболат Момынұлы Байға­нин басқаратын “Қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы қор” ұжымы қаржылай қолдау көрсетті. Н.Байғанин шығармаларының І-томында ақынның бұған дейінгі басылымдарда жарық көрген барлық өлеңдерін толық қамтуға талпыныс жасалды. Сонымен қатар бабаның бұ­рын еш жерде жарияланбаған бірнеше өлеңі (“Окопқа”, “Кектің даусы”, “Ең­бекші елім, құлақ сал”, “Отан ту­ралы жыр”, “Мұғалімге”, т.б.) акаде­мия­ның қолжазба қор­ларынан алы­нып, жинаққа енгізілді. Жекелеген өлеңдер мерзімді басы­лым­дардан алы­нып, ақын шығарма­ларының жи­на­ғына алғаш рет жі­бе­рілді. ІІ-томда ақынның толғаулары мен дастандары, айтыстары мен сөз қағыстырулары, жоқтаулары мен нақыл-термелері қамтылды. Қол­жаз­ба қорларында сақ­талған нұсқалар негізінде дайындалған “Ел тілегі”, “Өткен күн”, “Даңқты жиырма се­гіз” секілді көлемді толғау-дастандар, “Нақыл терме”, “Жұмбақ өлеңдер”, “Жоқ­таулар” секілді әртүрлі жанр­дағы бірқатар туындылар, ақынның арнау-тілектері мен бірнеше сөз қағыстырулары осы томда алғаш рет баспа жүзін көріп отыр. Н.Байғанин шығармаларының ІІІ және ІV-томдары батырлық жыр­лардың ақын жырлаған нұсқаларын қамтиды. ІІІ-томға “Алпамыс батыр” және “Қобыланды батыр” жырла­ры­ның баба жырлаған нұсқасы енгі­зілсе, ІV-томға “Құбығұл”, “Төре­хан”, “Қа­расай-Қази” дастандары жіберілді. ІV-томның кіріспесі ретінде Нұрпейіс ақынның батырлар жырын жырлар алдында айтатын атақты “Желісі” берілді. “Желінің” оншақты жолдан тұ­ратын шағын үзіндісін белгілі әде­биет зерттеушісі Е.Ысмайылов 1940 жылы жарық көрген “Ақын шабыты” жинағының алғысөзінде келтірген болатын. Сонымен қатар осы томға “Қарасай-Қази” дастанының құрам­дас бөлігі іспетті “Қараүлектің Ма­май­ды жоқ­тағаны” атты толғаудың Н.Бай­ғанин жырлаған нұсқасы ен­гізілді. “Есте­ліктер. Зерттеулер. Ар­наулар” деген атпен дайындалған V-томға ғылыми еңбектерден, мерзімді басылым­дар­дан және қолжазба қорларынан ал­ынған Н.Байғанин туралы естелік­тер, ақын шығарма­шы­лығы туралы зерттеулер және бабаға арналған өлеңдер іріктеліп, топтас­ты­рылды. Бұл томда қамтылған мате­риал­­дардың бірқатары қолжазба күй­інде сақталып келген, осы жинақта алғаш рет баспаға жіберіліп отыр. Ұлт тарихының маңызды белес­терін халықпен бірге өткерген, жет­піс жыл жырлап, өз дәуіріндегі аза­мат­тық тарихтың көркем шежіресін жасаған Нұрпейіс ақынның әрбір өлеңінен оның бойындағы сарқыл­мас күш-қуат, қажымас қайсарлық, риясыз шынайылық, терең парасат, мызғымас сенімділік төгіліп тұрады. Жырларындағы осы қасиет Нұрпейіс ақынды өмірінің өн бойында халық­тың арқа сүйер азаматы ретінде танытты. Өлеңдерінің асқақ рухты мазмұнына көңіл сүйсінтер көркем­дігі мен көз тойдырар кемел құры­лы­мы астасқан ақын шығармашы­лы­ғы төл әдебиетіміздің тарихына шын мәніндегі дара құбылыстардың бірі ретінде енді. Сол дара құбылыстың бірегей бейнесін толық әрі түпнұсқа қалпында айшықтай көрсету жолын­да жасалған біздің осы еңбегіміз ел игілігіне қызмет етсе, мақсаты­мыз­дың орындалғаны деп білеміз. Нұрпейіс Байғаниннің 150 жыл­дық мерейтойы – тек ақынның ғана емес, ол көз жұмғанша қызмет еткен ақындықтың, жыраулықтың, жыр­шы­лық өнердің тойы. Сондықтан өлең­ге арналған сөзіміздің соңын өлең­мен бекітіп, ақынның жерлесі К.Оспағамбетовтің жыр жолдарымен түйіндеуді жөн көрдік: Түйдек те түйдек өлеңі Арғымақ мініп ай маңдай, Ақыны қайта оралса, Айтылмас бүгін ән қандай! Жатқа айтып жырын жыршының Мәре де сәре бауыр жүр, Ебіл де себіл етегі Толғатып тойға ауыл тұр! Еміренген жұртын бүгінгі Ерекше күймен елітіп, Ақтөбе үстін желпиді Нұрпейіс атты дауыл-жыр! Суретте: Н.Байғанин (солдан оңға қарай екінші) және атақты диқан Ш.Берсиев (оң жақтан бірінші). Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, филология ғылымдарының кандидаты.