Нұрпейіс Байғанин – ерекше көркем, айрықша әсерлі, аса өнімді шығармашылық иесі, жыраулық дәстүр мен жазба әдебиет арасындағы алтын көпір іспетті сөз зергерлерінің бірі. Екі кезең әдебиетін ұштастырудағы маңызды орын осы ақын шығармашылығына тиесілі. Ол қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығының ең белсенді үдерісін жасаушылардың қатарынан саналады.
Көрнекті халық ақыны, атақты жыршы әрі жырау бұл бабамыз 1860 жылы Орал губерниясы, Темір уезі, Қалмаққырған болысының №2 ауылында дүниеге келген. Әкесі Байғана жалшылықпен күнелткен, шаруасы төмен адам болған. Ақынның анасы – атақты Бұқарбай жыраудың қызы Үміт күміс көмей әнші әрі суырып салма ақын екен. Ірі айтыстарға қатыспағанымен, орайы келген жерде қатар-құрбы, замандас қайныларының мінез-құлқын әзілдеп өлеңге қосып, тапқырлығымен көзге түсіп отырған.
Анадан қасиет дарыған болашақ ақынның өлең-жырға, домбыраға құмарлығы балаң сәби кезінен басталыпты. 13 жасынан бастап ақындыққа анық бет бұрған Нұрпейіс “бала жырау”, “жаяу жыршы” атанып, елге таныла бастайды. Жас кезінде-ақ Әбубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Марабай Құлжабайұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Шернияз Жарылғасұлы секілді дүлдүлдермен жолдас болып, солардың ақындық өнегесінен тәлім алады. Белгілі жыршы-жыраулардан үйренген жыр-дастандарын да ақын жастайынан жырлаған. Өзі туып-өскен өңірдің той-жиыны Нұрпейіссіз өтпейтін болған.
Нұрпейіс ақын ел арасында асқан жыршылық өнерімен де кеңінен танылады. Ақынның таңнан-таңға жалықпай жырлаған телегей-теңіз жыр-дастандарының қатарында “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Орақ-Мамай”, “Қарасай-Қази”, “Жас Еділ”, “Төрехан”, “Құбығұл”, “Ер Тарғын”, “Күлше қыз”, тағы басқа көптеген айтулы жыр-лар болған. Олардың бірқатары – атақты “Қырымның қырық батыры” жырының салалары болып келеді. Көзкөргендердің айтуынша, Нұрпейіс ақын “Қырымның қырық батырын” тұтастай да жырлаған көрінеді. Осындай кең қарымға ие жыршы өзі көрген, естіген оқиғалары негізінде “Ақкенже”, “Нарқыз” секілді төлтума дастандарын да дүниеге келтірген.
1938 жыл – Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылық ғұмырындағы ең елеулі жыл болды. Алыс Ақтөбеде, астанадан шалғайда жатқан ақын дарыны Жамбыл Жабаев шығармашылығының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында әдебиетші қауым назарына ілікті. Жазушылар одағының тапсырмасымен Жәкең тойына дайындық ретінде Ақтөбеде ақындар слетін өткізуге келген ақын Дихан Әбілов осы сапар барысында Нұрпейіс ақынмен танысады. Дарынның дариядай тасып-төгілген жырларын тыңдап, таңғажайып талантына тәнті болған Дыхаң Ақтөбеде болған күндерінде Нұрпейіс өлеңдерін алғаш рет облыстық “Социалды жол” газетінде жариялатады, радио арқылы ақын жырларын республика жұртшылығына тыңдатады. Облыс басшылығы Нұрпейіс ақынды Жамбыл тойына жіберуге бірауыздан шешім қабылдап, оған хатшы етіп жас ақын, журналист Мәселе Жаңабаевты тағайындайды. Осы кезеңнен бастап Нұрпейіс Байғанин өлеңдері мерзімді баспасөзде жиі жарияланып, атағы бүкіл Қазақстанға мәлім бола бастайды.
1938 жылдың мамыр айында Алматыда өткен Жамбыл тойы Нұрпейістің ақындық талантын даралай танытқан жыр бәйгесі іспетті болды. Ақын Жәкеңе бірнеше жыр-шашумен келеді.
Мерейтойдан кейін Жазушылар одағы ақынға көңіл бөліп, шығармашылығына жағдай туғызады. Бабаның әдеби хатшысы болып Ақтөбе облысына белгілі ақын, журналист Ахмет Ескендіров тағайындалады. Өзі хатшылық қызмет атқарған 1938-1941 жылдар аралығында А.Ескендіров Нұрпейіс атамыздың айтуынан оның көптеген өлеңдерін, жыр-толғауларын, “Ақкенже”, “Нарқыз”, “Қарасай-Қази”, “Қобыланды батыр” секілді ірі дастандарын хатқа түсіреді.
Ақын шығармашылығының өзіне етене жақын эпикалық арнаға ойысуына Жазушылар одағының да ықпалы болған тәрізді. Бұл ұйым басқармасының жауапты хатшысы Дихан Әбілов пен Халық ақындары секциясының жетекшісі Қасым Аманжоловтың 1938 жылдың 10 шілдесінде Нұрпейіс Байғанинге жолдаған хатында: “Оқиғалы ірі поэма беру сіздің қолыңыздан келеді деп санаймыз. Ұзақ өлеңдермен қатар ірі шығарма берсеңіз өте жақсы болар еді... Жұртшылық сіздей ақыннан көптеген жақсы өлеңдерді құмарта күтеді. Сіз бұл тілекті ақтайды деп сенеміз”, делінген.
Нұрпейіс баба шығармашылығының тақырыптық жағынан түрлене түсуіне сол кездегі қоғамдық өмірге белсене араласуы тікелей әсер етті. 1939 жылы ақын қазақ совет жазушыларының ІІ съезіне делегат болады. Съезден кейін ол кісі талантты ақын-жазушылар қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданып, республикалық слетке қатысады. Сол жылдың 16 тамызында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне барған ақын көрмеден алған әсерімен “Өңімдегі жұмақ” атты өлеңін шығарады. Бұл шығарма іле-шала орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радиодан оқылады. Нұрпейіс ақынның КСРО көлемінде танылуы осылай басталады.
1940 жылы Нұрпейіс Байғаниннің қоғамдық еңбегі лайықты бағаланып, “Құрмет белгісі” орденімен марапатталады. “Ақын шабыты” атты Н.Байғаниннің таңдамалы жинағы осы жылы жарық көреді. Оның алғысөзін жазған көрнекті әдебиет зерттеушісі Е.Ысмайылов “Нұрпейіс ақын” мақаласында бабаның өмірі мен шығармашылығына кең көлемді шолу жасап, құнды ғылыми мәліметтер келтірген, Нұрпейіс ақын талантының барлық қырларына тереңдей тоқталып, оның бірегей шығармашылық портретін сомдаған.
Нұрпейіс ақын шығармашылығының соңғы кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдарына тұстас келді. Ақын бойындағы мұқалмас қайрат, сөнбес сенім, асқақ отаншылдық рух оның соғыс жылдарында жазылған жырларында ерекше көрініс тапты. Өзі жетпіс жылға жуық жырлаған “Батырлар жырының” бар асылын ақын осы жауынгерлік жырларына сыйғыза білген. Отан соғысы кезінде де ақын сексеннен асқан жасына қарамай, үнемі ел арасында болып, майданға көмек жинады, жеңіске деген сенімге толы жырларымен жұртшылықты жігерлендіріп, еселей еңбек етуге шақырды. Майдандағы жауынгерлерге елден жолданған азық-түлік, киім-кешекпен бірге Нұрпейіс ақынның жалынды жырлары да үздіксіз жетіп жатты. Бабамыздың көптеген өршіл өлеңдері, “Даңқты жиырма сегіз”, “Ер туралы жыр”, “Жиырма бес” атты поэмалары осы кезеңде дүниеге келді. “Қазақстан – майданға” өлеңі бойынша сол тұста деректі киноочерк жасалды. Батыстағы әрбір жақсы хабарға қуанышпен жыр арнап, жеңіс сағатын тағатсыздана тосқан, ауру меңдеп, төсек тартып жатқан соңғы сәтіне дейін “Мен өлмеймін, өрлеймін” деп жігерлене жыр жазған ақын 9 мамырға бір ай қалғанда – 1945 жылдың 9 сәуірінде көз жұмады.
* * *
Үстіміздегі жылы белгілі ақын, бірегей шығармашылық тұлға Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 150 жыл толды. Осы айтулы мерейтой қарсаңында академик С.Қасқабасов басқаратын Әдебиет және өнер институты Н.Байғанин шығармаларының 5 томдық толық жинағын дайындады (құрастырған – осы жолдардың авторы). 1956 жылдан бергі жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ақын шығармаларының толық жинағы жарық көрмегенін ескерсек, бұл шараның ғылыми маңызы қаншалықты зор екенін ұғынуға болады. Жинақтың дайындалу барысына Н.Байғаниннің немересі Ерболат Момынұлы Байғанин басқаратын “Қазақтың халық ақыны Нұрпейіс Байғанин атындағы қор” ұжымы қаржылай қолдау көрсетті.
Н.Байғанин шығармаларының І-томында ақынның бұған дейінгі басылымдарда жарық көрген барлық өлеңдерін толық қамтуға талпыныс жасалды. Сонымен қатар бабаның бұрын еш жерде жарияланбаған бірнеше өлеңі (“Окопқа”, “Кектің даусы”, “Еңбекші елім, құлақ сал”, “Отан туралы жыр”, “Мұғалімге”, т.б.) академияның қолжазба қорларынан алынып, жинаққа енгізілді. Жекелеген өлеңдер мерзімді басылымдардан алынып, ақын шығармаларының жинағына алғаш рет жіберілді. ІІ-томда ақынның толғаулары мен дастандары, айтыстары мен сөз қағыстырулары, жоқтаулары мен нақыл-термелері қамтылды. Қолжазба қорларында сақталған нұсқалар негізінде дайындалған “Ел тілегі”, “Өткен күн”, “Даңқты жиырма сегіз” секілді көлемді толғау-дастандар, “Нақыл терме”, “Жұмбақ өлеңдер”, “Жоқтаулар” секілді әртүрлі жанрдағы бірқатар туындылар, ақынның арнау-тілектері мен бірнеше сөз қағыстырулары осы томда алғаш рет баспа жүзін көріп отыр.
Н.Байғанин шығармаларының ІІІ және ІV-томдары батырлық жырлардың ақын жырлаған нұсқаларын қамтиды. ІІІ-томға “Алпамыс батыр” және “Қобыланды батыр” жырларының баба жырлаған нұсқасы енгізілсе, ІV-томға “Құбығұл”, “Төрехан”, “Қарасай-Қази” дастандары жіберілді. ІV-томның кіріспесі ретінде Нұрпейіс ақынның батырлар жырын жырлар алдында айтатын атақты “Желісі” берілді. “Желінің” оншақты жолдан тұратын шағын үзіндісін белгілі әдебиет зерттеушісі Е.Ысмайылов 1940 жылы жарық көрген “Ақын шабыты” жинағының алғысөзінде келтірген болатын. Сонымен қатар осы томға “Қарасай-Қази” дастанының құрамдас бөлігі іспетті “Қараүлектің Мамайды жоқтағаны” атты толғаудың Н.Байғанин жырлаған нұсқасы енгізілді. “Естеліктер. Зерттеулер. Арнаулар” деген атпен дайындалған V-томға ғылыми еңбектерден, мерзімді басылымдардан және қолжазба қорларынан алынған Н.Байғанин туралы естеліктер, ақын шығармашылығы туралы зерттеулер және бабаға арналған өлеңдер іріктеліп, топтастырылды. Бұл томда қамтылған материалдардың бірқатары қолжазба күйінде сақталып келген, осы жинақта алғаш рет баспаға жіберіліп отыр.
Ұлт тарихының маңызды белестерін халықпен бірге өткерген, жетпіс жыл жырлап, өз дәуіріндегі азаматтық тарихтың көркем шежіресін жасаған Нұрпейіс ақынның әрбір өлеңінен оның бойындағы сарқылмас күш-қуат, қажымас қайсарлық, риясыз шынайылық, терең парасат, мызғымас сенімділік төгіліп тұрады. Жырларындағы осы қасиет Нұрпейіс ақынды өмірінің өн бойында халықтың арқа сүйер азаматы ретінде танытты. Өлеңдерінің асқақ рухты мазмұнына көңіл сүйсінтер көркемдігі мен көз тойдырар кемел құрылымы астасқан ақын шығармашылығы төл әдебиетіміздің тарихына шын мәніндегі дара құбылыстардың бірі ретінде енді. Сол дара құбылыстың бірегей бейнесін толық әрі түпнұсқа қалпында айшықтай көрсету жолында жасалған біздің осы еңбегіміз ел игілігіне қызмет етсе, мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы – тек ақынның ғана емес, ол көз жұмғанша қызмет еткен ақындықтың, жыраулықтың, жыршылық өнердің тойы. Сондықтан өлеңге арналған сөзіміздің соңын өлеңмен бекітіп, ақынның жерлесі К.Оспағамбетовтің жыр жолдарымен түйіндеуді жөн көрдік:
Түйдек те түйдек өлеңі
Арғымақ мініп ай маңдай,
Ақыны қайта оралса,
Айтылмас бүгін ән қандай!
Жатқа айтып жырын жыршының
Мәре де сәре бауыр жүр,
Ебіл де себіл етегі
Толғатып тойға ауыл тұр!
Еміренген жұртын бүгінгі
Ерекше күймен елітіп,
Ақтөбе үстін желпиді
Нұрпейіс атты дауыл-жыр!
Суретте: Н.Байғанин (солдан оңға қарай екінші) және атақты диқан Ш.Берсиев (оң жақтан бірінші).
Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, филология ғылымдарының кандидаты.