Голландиялық раушан гүлдерімен қатар «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен 4 гектарға жылыжай салуда
Гүл – әсемдік пен сұлулықтың, нәзіктіктің символы. Өмірге нәресте келіп, адам өміріндегі қуанышты сәттерде де гүл сыйлап, оған ортақтасамыз. Демек, ол бір-бірімізге деген ізгі ниет-пейілдің, жан-жылуының белгісі. Жаз айларында даланы көмкерген қызғалдақ, сарғалдақ көңіліңді көтереді, жұпар иісі жан сезіміңді елітеді. Гүл – өмір, гүл – қуаныш, гүл – махаббат нышаны дейтініміз сондықтан. Осындай сезімге бөленуімізге Текелі қаласының батысындағы жылыжай табалдырығын аттағанда жұпар ауасы жан сарайымызды ашқан раушан гүлінің қызыл, ақ, сары, алқызыл түстері бірінің әсемдігін бірі толықтырып, көз қызықтырды. Мұнда жанға жайлы, толқынды музыка әуені құйылып тұр. Жауқазын гүл арасында өрімдей қара көз қыздар сабақтағы артық бүршіктерді алып, күту жұмыстарын жалғастыруда екен.
«Green House– Зеленый дом» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік басқарушы директоры Оксана Косенко раушан гүлін өсірудегі біз біле бермейтін жайларды әңгімеледі.
– Серіктестік 2008 жылы гүл өсіруді қолға алды. Бұған дейін жылыжайда қызанақ, қияр өсірілген екен. Жылыжай кешенін сатып алғаннан кейін қайта жабдықтап, Голландияның «Bulneth» фирмасынан шикізат, құрал-жабдық әкелінді. Өйткені, голландықтар жүз жылдан бері жылыжайларда раушан гүлін өсіретін әлемдегі іргелі компания ретінде танылған. Соңғы жылдары олардың қатысуымен Ресей мен Украинада жылыжай өндірісі дамыған. Енді міне, Текелі қаласында раушан гүлінің 4 түрі өсіріліп, 43 адам жұмысқа тартылды. Оқу-тәжірибеден өткендер гүлді күту, кесу, тағы басқа жұмыстармен айналысады, – деді.
Жылыжай ішінде электр шамдары жарқырап тұр. Сазды әуен, қыздардың көңілді кейпі де раушан гүлі қауызының ашылуына, бүршік жаруына өзіндік әсері бар екенін де Оксана тәптіштеп жеткізді. Гүл сезімтал. Оны қоректендіру, тамшылата суарумен бірге жүрек жылуы, қоршаған ортадағы таза ауа қажет.
«Green House – Зеленый дом» серіктестігін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қосымша 4 гектарға жылыжай салып, өндірісті дамыту қолға алыныпты. Бұл жөнінде аталған қоғамның облыстағы директоры Ержан Устаев айтып өтті. Жылыжайдағы барлық құрастыру жұмыстары аяқталуға жақын. Еліміздегі аграрлық саланы дамыту бағдарламасымен қолға алынған «ҚазАгроҚаржы» қоғамы ұлттық қор есебінен жылыжай құрылысына 1170 895 195,88 теңге несие беріпті. Аталған қаржы құрылыс жұмыстары мен жылыжайды электр қуатымен жабдықтауға жұмсалып, несиені қайтаруда едәуір жеңілдік жасалғанын атап айтуға болады. Несие қаржыны өтеуді серіктестік екі жылдан кейін ғана бастайды. Осы аралықта өндірісті дамытып, экономикалық белсенділігін жақсартуына мүмкіндік туады. Содан соң несиені қайтару белгілі пайыздық мөлшерде жүргізіледі. Ал құрал-жабдық, техника лизинг бойынша өтелетіні де өндірістің қалыпты дамуына жол ашатыны түсінікті жайт.
Голландиялық раушан гүлдері күніне екі мезгіл таңертең және түстен кейін қауызы сәл ашылған кезде кесіліп, жиналады. Гүл дестелері артық сабақтарының арылып, екі сағат суда тұрған соң, арнайы тоңазытқышқа қойылады. Тұтынушының сұранысына байланысты одан әрі саудаға жөнелтіледі.
Бүгінгі күні Текелінің қызыл, ақ, сары, алқызыл раушан гүлдері Астана, Алматы, Қарағанды қалаларымен қатар Талдықорғандағы халық қажетіне жарап, адамдардың күнделікті қуанышы мен бақытының белгісіндей көңілдерге шуақ шашуда.
– Нарықтың қатал заңдылығын нәзік гүл өсірумен жеңуге де болады, – дейді Оксана одан әрі әңгімесінде. – Шыққан шығынның орны жабылып табыспен қорытындылануда. Серіктестікте барлығы 60 адам еңбек етсе, жалақылары да жақсы. Жұмысшылар арнайы автокөлікпен тасымалданып, екі мезгіл тегін тамақтандырылады. Денсаулықтарын түзеуіне де көңіл бөлінген.
Иә, «Green House-Зеленый дом» өсірген миллиондаған алқызыл раушан гүлдері талай-талай жандарға жан жылуын сыйлайтыны анық. Ал енді жұмысын бастайтын жылыжайдағы көкөніс-қызанақ пен қияр дастарқан мәзірін, адам ағзасын қажетті дәрумендермен байытып, денсаулықтың нығаюына жол ашады. Осылайша «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржыландыруы нәтижесінде текелілік тұрғындар тағы да қосымша жұмыс орнымен қамтылатын болса, өндірісті өркендетуге де мүмкіндік туған. Бұл Елбасының Жолдауындағы тапсырмалардың жүзеге асуының айқын дәлелі.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
-----------------------------------------
Суреттерде: жылыжайдағы жұмыс сәтінен.