Әлемдік қауіпсіздікті сақтайық, ол үшін мынадай-мынадай іс-шаралар қабылдайық деп Қазақстанның қолдан келгеннің бәрін де жасағанын, ал еліміздің нақты ұсыныстарын таразыға тартқандар солардың қажеттігін тегіс мойындағанын, бірақ құжат жүзінде қабылдарға келгенде бүгінгі күннің кикілжіңдері, қырғи-қабақтығы өрелі іске өріс бермей аяққа тұсау, қолға кісен болғанын мамандар, зерттеушілер, сарапшылар – бәрі де нақпа-нақ көлденең тартып отыр.
Енді екі күн бойы өзіміз көзбе-көз көріп, куә болған осынау тарихи оқиғаның кейбір жәйттері хақында әңгімелейік.
Бір қызығы сол, кешегі КСРО-ның құрамында болған бүгінгі кейбір тәуелсіз елдер басшылары жақсы біліп тұрса да орыс тілінде сөйлемей, ағылшын немесе өз тілдерінде сөйледі. Мысалы, Украина президенті В.Янукович украинша, Әзірбайжан, Грузия президенттері И.Алиев пен М.Саакашвили ағылшын тілінде сөйледі. Әрине, украин тілі ЕҚЫҰ-ның бес жұмысшы тілінің қатарына енбейді, бірақ В.Януковичтің адамдары оның сөзін бес тілге аударып әкелгенге ұқсайды, өйткені, аударма ілеспелі түрде беріліп жатты.
Журналистерге арналған жүрек жалғарлық дәмдер мен шәй, кофелер фойелерде қай кезде барсаң да дайын тұрды. Қызмет көрсетіп жүрген қыздар мен жігіттер де барынша биязы, үнемі күлімдеп құрмет пен сыйластық танытты. Бірдеңе сұрасаң, барынша сыпайы жауап береді. Соған қарап, үйретсе бізде де сервистік қызметті жоғары деңгейде көрсете алады екен-ау деп қалдық.
Ал енді түстік және кешкілік ыстық дәмдер шын мәнінде қазақтың дарқандығын көрсеткен еді. Орысша білетін бір неміс журналисінен дәміміз қалай екен деп сұраған едім, “бесподобно” деді ол. Шынында да, қазақтың дастарқаны журналистерге ұмытылмастай әсер қалдырды. Берілген тағамдарды тізбелеп шығу да көп орынды алған болар еді, сондықтан ол ойымыздан шұғыл бас тартуға тура келіп тұр.
Бірінші күнгі отырыста көптеген сөйлеушілер “бес минөттік” шектен шығып, ұзағырақ сөйлегендіктен, бұл күнге белгіленген оншақты адамға сөз тимей қалды. Мәжіліс уақытында аяқталып, сол күні мәртебелі меймандар концерт тамашалады. Ал журналистер “Хан Шатырға” апарылып, қонақ етілді. Мұнда да концерт көрсетіліп, сонымен қатар, “швед үстелі” арқылы берілген дәмнің неше түріне, тіпті жеңіл ішімдіктерге де шек қойылған жоқ. Бәрі де қазақша айтқанда, ағыл-тегіл болды. Бірақ тәртіптілік пен ұстамдылықтың шегінен шығу орын алған жоқ.
Барлық “қызық” екінші күні болды. Қолымызға берілген бағдарлама бойынша күндізгі 12.30-да бәрі аяқталып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қорытынды баспасөз мәслихаты өтуі тиіс-ті. Бірақ 12.30-да әлі көп адам сөйлеп бола қойған жоқ еді, сондықтан аяқталу уақыты 15.00-ге баратын шығар деп топшылағанбыз. Айтқандай, сол уақытта баспасөз мәслихаты өтетін залға шақырған хабар естілді. Алдыңғы жақтан орын алмаққа тырысып, жұрттан бұрын жетіп тұрмыз. Жарты сағат... бір сағаттай тұрдық... Еш ақпарат жоқ. Тек әлден уақытта ғана “пресс-конференция 17.00-ге ауыстырылды” деген хабар жетті.
Беске жақындағанда да келіп, үйме-жүйме болып тұрмыз. Бұл уақытта да жарты сағаттан артық тостық. Бұл жолы 19.00-ге ауыстырылды деп таратты. Жетіде келіп едік, 20.00-ге шегерілді делінді.
Жүрек күпті... Шынымен құжат қабылданбай қалмай ма, олай болса, саммит еш нәтижесіз аяқталады деген сөз ғой...
Журналистерге саммитті көрсетіп жатқан мониторлар сағат 15.00 шамасында өшірілген. Сондықтан, ешқандай хабар біле алмай, дағдарудамыз. Кейбір ұйымдастырушылар мен ЕҚЫҰ қызметкерлерінің телефонмен сөйлескеніне елеңдесіп қаламыз. Өзіміз көріп жүретін Ұйымның баспасөз қызметінде істейтін бір әйелдің орысшалап: “Проваливается”, дегенін құлақ шалып қалды. Не дейді, шынымен солай болғаны ма? Жоқ, мүмкін емес, Елбасы бұдан да күрделі жағдайлардан жол тауып шыға білген сұңғыла саясаткер ғой, дейміз іштей... Сөйтеміз де, Алладан жәрдем тілейміз.
Кешкі 20.00-де болады деген баспасөз мәслихаты “белгісіз уақытқа” шегерілді. Біз түгілі бүкіл еліміздің есті-басты адамдары бұл мезгілде қатты күдікке шырмалған еді. Басылымымыздың басшылары кезек хабарласып, не болып жатқанын жиі сұрауда.
Сағат 21.00... 22.00... 23.00 болды... Тым-тырыс... Радио арқылы журналистерді апаратын автобустар дайын екені бірнеше рет айтылды. Тіпті, түнгі Астанаға серуен жасалады деп те қызықтырып жатыр. Бірақ саммиттің нәтижесі қызықтырған журналистер тарайтын емес.
Сағат он бірден өте редакциядан бәрің бірдей отырмай, баспасөз мәслихатын жазатындар ғана қалып, қалғандарың жүре беріңдер, мәшине жіберейік деген хабар жетті. Әрине, ол таңғы сағат бестен тұрып, аяғынан сарсылып жүрген қызметкерлерді аяғандықтың белгісі еді. Біз болсақ сегіз адамбыз, соның бесеуі кетіп, мәслихатты жазатын үш адам қалсақ болар деген ойымды әріптестеріме айтқан едім, олар: “Ешқайда кетпейміз, көбіне шыдағанда, енді азына шыдайық. Елбасына да оңай болып жатқан жоқ, барлық тілегімізбен, ниетімізбен қолдау білдіріп, осы жерден тапжылмайық”, деді. Сөйтіп, егемендік сегіз адам Елбасының қасынан табылдық деп мақтануымызға болады.
Түнгі сағат 12-ден өткенде ғана декларация қабылданды деген хабар келді. Бәріміз де қуанғаннан “уралап” жібердік. Редакцияға шұғыл хабарласып, “сүйінші” хабарды жеткіздік. Одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Атап көрсететін бір жәйт – тосып жүрген біз қатты шаршағанда, ол кісі тып-тың, барлық сөзін нық-нық айтып, сергек те көңілді отырды. Оның себебі де, әрине, түсінікті еді. Сөйтіп, жарты сағатқа белгіленген баспасөз мәслихаты бір сағатқа жуық уақытқа созылды.
Сонымен, ЕҚЫҰ Саммиті сәтті аяқталды. Астана Декларациясының қабылдануы еліміз үшін үлкен абырой болды.
Жақсыбай САМРАТ.