ҚАУІПСІЗ ӘЛЕМ ОРНАТУҒА ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ
Қол жеткізілген мәселелерге қарамастан, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер әлі де жаһандақ қауіпсіздікке төнетін қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл жөнінде Ұйымның Астана Саммитінде қабылданған Декларацияда көрсетілген.
ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің әрқайсысы Ванкуверден Владивастокқа дейінгі кеңістікте қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне бірдей мүдделі. Астана Декларациясында, сондай-ақ бірде-бір мемлекет өзге елдің ішкі ісіне нұқсан келтіру есебінен өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құқығы жоқ екендігі аталған. Жоғары деңгейде өткен Саммит Ұйым кеңістігіндегі жанжалдарды келіссөздер жүргізу арқылы бейбіт жолмен шешу қажеттігіне шақырады.
* * *
ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті қорытынды құжат – Астана Декларациясының қабылдануымен табысты аяқталды, деп мәлімдеді Қазақтан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. «Он бір жылда алғаш рет Декларация қабылданды, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл оқиға біздің Ұйымның болашағы бар, өміршең екендігін көрсетеді. Бұл біздің ортақ тарихи табысымыз болып табылады. Астана Декларациясы еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті қалыптастыруға серпін беретініне сенемін», деді Қазақстан басшысы.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астана Декларациясы Ұйымға қатысушы елдердің өз қағидаттары мен міндеттемелеріне берік екендіктерін тағы дәлелдеді, деп мәлімдеді. Қорытынды құжатты қабылдау ұзаққа созылды. Нәтижесінде барлығы да оң шешілді.
* * *
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдеуі бойынша, ЕҚЫҰ Саммитінің алдына қойылған барлық міндеттерге қол жеткізілді. Осы екі күн Ұйымға қатысушы елдердің басшылары және делегация жетекшілері үшін аса қауырт, әрі қызықты болды. Саммит қорытындысында Астана Декларациясы қабылданды. «Бұл жоғары форум тарихқа қол жеткізген табыстарымен енеді. Саммит Ұйым үшін ғана емес, барлық геосаяси жүйе үшін кезеңді жағдай болды», деді Қазақстан басшысы.
Саммитте, әсіресе, ұзаққа созылған жанжалдарға қатысты мәселелерді талқылау аса ауыр болды. Дегенмен, консенсустық жағдайға қол жеткізілді. Сонымен бірге, Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Ауғанстанды саяси жағынан тұрақтандыру жайына да ерекше назар аударды. Италияның Премьер-министрі Сильвио Берлускони Астанадағы жиын аса табысты болғанын атап өтті.
* * *
2010 жылдың 2 желтоқсанында 11 жылғы үзілістен кейін ЕҚЫҰ-ның Саммиті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлеуімен аяқталды. Қазақстан басшысы өз сөзінде қабылданған Астана Декларациясы Ұйым кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негізделген сенім мен ашықтықты тағы да дәлелдегенін атап өтті.
Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайте өз сөзінде 2011 жылы Литва ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететінін айта келіп, қазіргі төраға Қазақстанның қолға алған іс-шараларын әрі қарай жалғастыратынын ортаға салды. Ал Астана Декларациясы Ұйымның болашақтағы төрағаларының жетекшілік етуімен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырады. Астана Саммиті Ұйымға қатысушы 56 мемлекет басшыларының, сондай-ақ 12 әріптес елдің, халықаралық және өңірлік ұйымдар жетекшілерінің басын қосты. Бұл жиын 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейінгі жоғары деңгейде өткен Форум болып табылады.