Елбасының облысқа биылғы жұмыс сапары кезінде «Kazakh Beef Company» ЖШС, Иранның Диба Сан компаниясы және облыс әкімдігі арасында өзара экономикалық байланыс пен экспорттық келісім туралы құжатқа қол қойылған болатын. Келісімнің мақсаты өңірде мал шаруашылығын дамыту және облыста «халал» стандартына сай ет өңдеу кешендерін құру және онда дайындалған етті шетелге экспортқа шығару еді.
Әріптестер Меркі ет комбинатын негізгі өндірістік база ретінде пайдалануға келісіп, зауыт қайта жаңғыртудан өткізілді. Бүгінде ол қазақ және иран елдерінде қабылданған «халал» стандарттарына толық сай келеді. Ал малды таңдаудан союға дейінгі өндірістің бүкіл жүйесі және Тараздан Теһранға дейін авиакөлікпен тасымалдауды ирандық технологтар және мал дәрігерлері бақылайтын болады.
Комбинаттың негізгі өнімдері – салқындатылған тұтас ет. Зауыттың артықшылығы да осында. Өйткені, тоңазытқаннан гөрі етті салқындатып сақтау оның сапасы мен дәмділігін арттырады екен. Сондай-ақ, босату бағасын жоғарылатады. Кәсіпорынның алғашқы кезеңдегі қуаты тәулігіне 18-22 тонна ет дайындау.
Етті тасымалдау жұмысының Тараз қаласындағы халықаралық әуежай арқылы жүзеге асырылуы да облыс экономикасына үлкен үлес қосу болып табылады. Өйткені ирандықтар жыл бойы 2,5 мың тонна ет тасымалдамақ. Сойылатын малдың облыс малшыларынан сатып алынатыны да түптеп келгенде мал өсіретін шаруашылықтардың жағдайын жақсартып, олардың дамуын ынталандыруға септігін тигізеді деп күтілуде.
Комбинат, сондай-ақ, халал шұжық өнімдерін шығару технологиясын жаңартуды да жоспарлап отыр. Ал жанама өнімдер – ішек-қарын, тері және басқалар ішкі және сыртқы рыноктарға өткерілетін болады. Сөйтіп, ет өндірісінде қалдықсыз технологияның жоғары сатысына қол жеткізіледі.
Қазіргі кезде облыста 2 549 592 бас қой-ешкі және 346 561 бас ірі қара мал бар. Диба Сан компаниясымен уақ және ірі қара малдарды экспортқа шығару жөнінде 15 млн. АҚШ доллары көлемінде келісім-шарт жасалып, ет жөнелту құны алдын-ала 100 пайыз төленген жағдайда жүзеге асырылады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы.