Жеңістің 65 жылдық құрметіне орай «Нұр Отан» ХДП мен «Единая Россия» ЖРСП бірлесіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған жауынгерлерді мәңгі есте қалдыруға бағытталған кең ауқымды патриоттық жобаны жүзеге асыруда. Жобаға Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, ҚР Қорғаныс министрлігі, Ақтөбе облыстық әкімдігі қолдау көрсетті.
Жоба аясында құрамына, Ржевте 100-ші және 101-ші жеке атқыштар бригадасында соғысқа қатысқан ҰОС ардагерлері, осы қанды шайқаста қаза болғандардың туыстары, локальды соғыс ардагерлері, сондай-ақ, жас қазақстандық өкілдер кірген патриоттық «Жеңіс пойызы» ұйымдастырылды.
7 желтоқсанда Алматыдан аттанған пойыз Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларын басып өтіп, 11 желтоқсанда Мәскеу қаласының Қазан вокзалына аялдады. Әрбір стансада айрықша пойыздың жолаушыларын құшақ жая қарсы алып, ыстық лебіздерін арнады. Және Ржевте соғысқа қатысқан 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасы жауынгерлеріне ашылған мемориалдық кешенге арнайы капсуламен жеткізілу үшін Қазақстан жерінен алынған бір уыс топырақ осы қуанышты еселей түсті.
Өйткені, Жеңіс пойызының соңғы аялдамасы да дәл осы Ржев қаласы болатын.
Ұрыстың стратегиялық маңыздылығы турасында неміс генералының осы уақытқа дейін сақталып келген мынадай сөзі бар: «Ржев – бұл трамплин. Уақыты келгенде біз осыннан Мәскеуге секіріс жасаймыз». Алайда, Отанын қорғау жолында отқа түскен батырларымыздың арқасында немістерге ондай уақыт тумады. Есесіне Ржев Мәскеуге секіріс жасайтын трамплиннен гөрі, «кеңестер үшін Берлинге жол ашқан» серіппеге айналды.
100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасына 13 мыңнан астам қазақстандық біріккен еді. Сол бір кездің құрметіне Ржевте Мемориалдық кешен ашылды. Қазақстан мен Ресей басшыларының тапсырмасы бойынша Мемориалды тұрғызу үшін барлық жағдай жасалды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «біз жеңімпаз әкелердің ұрпағымыз». Олардың өшпес ерлігін, патриоттық сезімін, биік рухын құрметтеу және одан үлгі алу, ол деген, біздің парызымыз. Сондықтан, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы көптеген шараларды жүзеге асыруда. Ал бүгінгі ашылған осы ескерткіш сол батырлардың мәңгі есте қалуының тағы бір белгісі деп білеміз», – деді.
Арада көптеген жылдар өтсе де, сол бір қайғылы сәт әлі де ешкімді бей-жай қалдырмай, талайдың жүрегін ауыртып, жанын жаралауда. Сондықтан естен кетпес сұрапыл жылдарды жас ұрпаққа жеткізу өте маңызды.
Акция аяқталды, бірақ маңызды жұмыс өз жалғасын табады.
Аталған тақырып, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің «Единая Россия» партиясының төрағасы Борис Грызловпен кездесуінде талқыланды.