Үш жылдан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен математика, физика, химия, биология пәндерінен өтіп келе жатқан Президенттік олимпиаданың биылғы қорытындысы шығарылды. Оның салтанатты рәсімі елордадағы «Назарбаев университетінде» болды. Бұл білім сайысында бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталғандар «Болашақ» халықаралық стипендиясын, ал екінші, үшінші орынды иеленгендер жоғары оқу орындарына түсу кезінде білім беру гранттарын тағайындағанда басым құқықтарға ие болады.
Биылғы олимпиадаға 127 үміткер қатысып, олардың арасынан 13-і жеңімпаз деп танылды. Айталық, бірінші дәрежелі диплом және алтын медальмен математика және химия пәнінен астаналық Рауан Рахмет пен Мирас Бекбергенов, физикадан жамбылдық Жаслан Барайсов, биологиядан солтүстікқазақстандық Жасұлан Шайхығали жүзден жүйрік шығып, биік межеден көрінді. Осы бір игілікті шараны Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығы ұйымдастырып келеді.
Сүлеймен МӘМЕТ.