Алматыда «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалы мен Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күні қарсаңында тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің арасында «Бірлігіміз жарасқан» атты би фестивалі өтті.
Игілікті іс-шара басталмас бұрын жылы лебізін білдірген Қазақстан халқы кіші Ассамблеясы төрайымының орынбасары М.Уваисов жиналған қауымды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, соншалықты көп мерзім болмаса да елімізде 19 жылдың ішінде қыруар жұмыс атқарылғанын, бүгінде Қазақстанды төрткүл дүниенің бәрі біліп, танығанын, оның мысалын жақында ғана елордамызда өткен үлкен Саммиттен көруге болатынын, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, жалақы, зейнетақы, шәкіртақының жаңа жылдан тағы да өсетінін айтып, барша әлеуметке жақсылық тіледі.
Мерекелік би фестивалінің шымылдығын бауырлас түрік халқының өкілдері «Бар» биімен ашса, немістердің этномәдени бірлестігі өздерінің ұлттық биін ұсынды. Әсіресе, қызуқанды тау халқының өкілдері – Дағыстан этномәдени бірлестігі жігіттерінің «Лезгинкасы», ЕҚЫҰ-ның Астанада өткен саммитінде «Мерекелік чешен биін» билеген Қарашай-балқар қоғамдық орталығы «Минги тау» ансамблінің өнері, әзірбайжандық жастардың «Аман аман» биі көрермендерді елітіп әкетті. Ал ауған этномәдени бірлестігі жастарының орындаған халық биі, өзбек этномәдени бірлестігінен «Даврага агушка гузалды» билеген Б.Шураева, халықаралық байқаулардың жүлдегері кішкене Малика билеген «Көркем» биі, әсіресе, қазақ халқының буын биі «Қаражорға» мың бұрала биленгенде көрермен қауым шапалақ ұрып, қошеметтерін аямады. Жиын соңында фестивальге қатысушылар дипломмен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді.
– Алматы қаласында осындай фестивальді өткізудің мақсаты, – деді Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен, – жастар арасында азаматтық белсенділікті арттыру, өзге этнос өкілдері жастарының басын біріктіру, өскелең ұрпақ бойына еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту және ұлтаралық би өнерін қолдау. Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастарға байланысты екенін айтса, солардың бір шоғыры бүгінгі өнер көрсеткен талантты шығармашылық жастар екенінде дау жоқ.
Фестиваль соңында ізгі шараның өтуіне демеушілік көрсеткендерге де алғыс білдіріліп, жастар этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен естелік суретке түсті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.