16 желтоқсанда Америка тарабының бастамасы бойынша Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі орынбасары Роберт Блейкпен телефон арқылы сөйлесуі болды, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
АҚШ өкілі Қ.Саудабаевты және барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Америкалық дипломат, АҚШ басшылығының тапсырмасы бойынша, президент Б.Обаманың АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкстан бойынша жаңартылған стратегиясына сәйкес жасайтын алдағы мәлімдемесінде Қазақстан стратегиялық әріптестердің бірі болып табылатынынан хабардар етті. Ауғанстандағы жағдай ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде басты тақырыптардың бірі болғаны белгілі. Р.Блейк ЕҚЫҰ Саммитін тамаша ұйымдастырып, табысты өткізгені үшін ризашылығын білдіре келіп, Қазақстан мен оның Көшбасшысын Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Оның ішінде, Қазақстанның ауған студенттерін оқытуға көмегі, сондай-ақ еліміздің Ауғанстандағы қауіпсіздікке ықпал ету жөніндегі халықаралық күштер қызметіне үлесі ерекше аталды.
Қ.Саудабаев өз кезегінде Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық оңалту бойынша күш-жігерді бірте-бірте және дәйектілікпен ұлғайту қажеттігін атап көрсетіп, стратегияның әскери және азаматтық құрамдастарын қатар іргелі жылжытудың маңыздылығына екпін түсірді. Ол сондай-ақ Америка жағына Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына және, әсіресе, Астана Саммитін өткізуге қолдау көрсеткені үшін үлкен ризашылығын білдірді.
Үстіміздегі жылы, атап айтқанда, сәуір айында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Вашингтонға, ал желтоқсан айында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтонның Астанаға сапарлары болды. Оларда екі мемлекет басшыларының кездесуін ұйымдастыру қажеттігі атап көрсетіліп, кездесудің Қазақстан-Америка стратегиялық әріптестігін дамытуға жаңа серпін қосатыны мәлімделген еді.