Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында әсем бір офицерлер балы өтті. Жаңа жыл қарсаңында өткізіліп отырған бұл офицерлер балын Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қаржы академиясы ұйымдастырды. Жалпы, осы шараға байланысты Қаржы полициясы академиясы мен Бейбітшілік және келісім сарайы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Сол өзара ынтымақтастықтың нәтижесі зал толы адамдардың қуанышты жүзінен айқын аңғарылды.
Қаржы полициясы академиясының аталған офицерлер балын ұйымдастырудағы негізгі мақсаты, осы оқу орнының бастығы М.Бәшімовтің айтып өткеніндей, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін ертеңгі мамандардың заң талабы мен тәртіпті ту етіп ұстайтындықтарымен қатар, олар сан-салалы өнерге жақын екендігін, соған орай халықпен үнемі тығыз байланыста болып, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы екендіктерін байқату және болашақ қаржы полициясы қызметкерлерін дәстүрді құрметтей білуге, олардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға, классикалық және билердің төресі – вальсті шебер билей білуге тәрбиелеу. Құқық қорғау органдарының әр қызметкері тек заңды жатқа біліп, сол заң аясында ғана адамдармен қарым-қатынас жасауға тиіс емес. Олар заңның орындалуын талап ететіндіктен, ең алдымен өздері бастап сол заңды құрметтей алуы керек. Демек, тәртіпті, мәдениетті, білімді екендіктерін, жұртпен сыпайы қарым-қатынас жасай алатындықтарын қашанда қағыс қалдырмауға тиіс. Оны осы Қаржы полициясы ұйымдастырған офицерлер балына қатысушылар толық дәлелдеп берді.
Академия қабырғасында осындай терең де, жан-жақты білім алып келе жатқан тыңдаушылар офицер деген атаққа іліккенде сыбайласқандарды сарыла іздеушілер ғана емес, мәдениеті жоғары, саяси білімді, әдепті әрі өнердің өрінде еркін жүзе алатын толыққанды маман болып шығуы керек. Әрине, офицерлік бал әскерилер арасында ежелден келе жатқан үрдіс. Бұл мерекенің тарихы сонау француз және бургун сарайларынан бастау алатыны белгілі. Қай заманның әскерилері болмасын жылына бір мәрте бас қосып, салтанатты кеште би билеп, көңіл көтеруді әдет қылған. Міне, кеше осындай тарихы тереңде жатқан мерекелік шараға жиылған жұрт ерекше бидің көркін тамашалады. Әсем әнмен өрнектелген балдың алуан түрлі қызықтары, әдемі ырғақты вальс толқынында би билеген жұптардың қайталанбас айырықша сұлу қимыл-қозғалыстары шақырылған қонақтарға есте қаларлықтай керемет сезім сыйлады.
Ортаға шығып жұптасқан соңғы курс тыңдаушылары оркестрдің әсем әуенімен әуелей айналып, дөңгелене жөнелді. Қазақ вальсінің атасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың «Кешікпей келем деп ең» әнін магистрант Е. Мақашев сазына келтіріп орындағанда бүкіл зал толқындай тербеліп, бұрын-соңды болмаған әуезге енді. Қазақ өнеріне ұлттық бояуы қанық мәңгілік туындылар сыйлаған аса дарынды сазгер батыстық өнердегі вальсті қазақ топырағына, қазақ жанына жақындатып, ұлтымыздың төл өнері санатына айналдырып жібергені табиғи айшықталып әр жүрекке нұр болып құйылды. Тұла бойды шырмаған сыйқырлы сезім әуеніне бөленген жұптар «Вена вальсі», «Қазақ вальсі», танго, «Ағылшын вальсі», «Академия вальсі» және т.б. бидің небір түрін ұршықтай үйіріле биледі. Әр балдың өзіндік дәстүрі бойынша мұнда да Бал Ханшасы дараланып, ол «Ақ би» әуені аясында академия бастығын биге шақыру құрметіне ие болды.
Иә, осы бір шаттық нұры еліміздің барлық әскери бөлімшелерінде жаппай етек алуы үшін офицерлік балдар әскерилердің, оның отбасының, шақырылған қонақтардың дәстүрлі белсенді демалыс түріне айналуы қажет. Ештен кеш жақсы деген, мәдениет сарайлары мен офицерлер үйінде бал билерінің мектептері мен ансамбльдерін көптеп ашса артық етпейді. Өйткені, өмірдің өзі көрсеткендей, бұл тек мәдениетті адамның уақытты қызықты өткізіп қоюы ғана емес, сондай-ақ оның белсенді демалысы және әдемі әдептер қалыптасуының мектебі болмақ. Бал – мінез-құлық түрінің этикасы мен тәжірибе этикеті, ерлер мен әйелдердің, ханымдар мен мырзалардың ортасы. Сондықтан бүгінгі офицерлер корпусы бойларына ұлттық әскери дәстүрлерді, ұлттық намыс пен әдепті сіңіруі қажет. Сонда ғана офицерлік балдар намыстың, адалдықтың, әділдіктің, қайтпас-қайсарлықтың және ең бастысы, мәдениеттіліктің үлгісіне айнала алады. Бұл қазіргі жастарымыздың дұрыс үлгі алуына, әскери дәстүрімізді одан әрі қалыптастыруға әсерін тигізеді. Мұндай армия мектебінен шыққан адам толыққанды, жан-жақты білікті, қайсар, сөз бен істің, намыстың адамы ретінде өнегеліліктің айнасына айналады. Сонымен қатар офицерлік балмен айналысу әскери қызметті жақсы атқаруға әсерін тигізеді. Би мәдениеті ептілік пен жылдамдықты қажет ететіндіктен, офицердің денсаулығы артып, жан-дүниесі жандана береді, дейді Қаржы академиясының подполковнигі Ә.Бөлебай.
Александр ТАСБОЛАТОВ.