23 желтоқсан күні Вена қаласындағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің арнайы отырысында қатысушы мемлекеттер Ұйымның 2011 жылға арналған жиынтық бюджетті мақұлдау туралы шешім қабылдады. ЕҚЫҰ-ның 2011 жылғы бюджеті 150 млн. 764 мың 700 еуроны құрайтын болды.
«ЕҚЫҰ жиынтық бюджетінің уақтылы мақұлдануы қатысушы мемлекеттердің Ұйым тиімділігін, тындырымдылығын және ашықтығын арттыруға, сондай-ақ ынтымақтастық пен үнқатысуға болысуға берік ұстанымдылығын айғақтайды», – деді ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің төрағасы, елші Қайрат Әбдірахманов.
Жиынтық бюджет ЕҚЫҰ Хатшылығы мен мекемелері, сондай-ақ Ұйымның аймақтарда орналасқан құрылымдар қызметін қамтамасыз етуге арналған қаражаттарды қамтиды. Аймақтардағы миссиялардың еншісіне бюджеттің үштен екісіне жуығы келеді. Анықтама ретінде келтіретін болсақ, қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-да 3300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың көпшілігі – 2800-ге жуық адам – тыстағы миссиялар мен орналасқан жерлердегі іс-шараларға тартылған.
«Бюджетті мақұлдай отырып, қатысушы мемлекеттер Ұйымның үш өлшеміндегі, әсіресе, ЕҚЫҰ-ның салыстырмалы артықшылықтары бар салалардағы басымдықтарды реттеп айқындау бойынша міндеттеме алды, – деді Литваның ЕҚЫҰ-дағы елшісі Ренатас Норкус. – Бұл сондай-ақ 2011 жылы ЕҚЫҰ қызметін уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етеді».
Литва 2010 жылдың 1 қазанынан бастап Тұрақты кеңестің Басқару және қаржы жөніндегі консультативтік комитетінде төрағалық етеді, ал 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕҚЫҰ-ға төрағалық эстафетасын қабылдайды. Яғни, дәстүр бойынша алдағы болатын жылдың бюджетін сол жылы төрағалық ететін ел келістіруі тиіс. Бұл – барлық елу алты мемлекетпен ресми және бейресми, екі жақты және көпжақты келіссөздер жүргізіп, барлық қатысушылардың пікірлерін бір түйінге келтіру деген сөз.
ЕҚЫҰ-ның негізгі қаржылық құжатының уақтылы, яғни жылдың басталуына дейін қабылдануы соңғы бірнеше жылдарда сирек құбылысқа айналған еді. Былтырғы жылы бюджетті келістіру бойынша жұмысты Қазақстан басқарған кезде де бюджет тиісті мерзім ішінде, 22 желтоқсанда мақұлданған болатын. Ал бұған дейінгі төрт жыл қатар бюджет айтарлықтай кешігіп қабылданған-тын. Мысалы, 2009 жылғы бюджеттің талқылануы Грекия төрағалығына тым ауыр әрі ұзаққа түсіп, құжат үш ай кешіктіріліп, яғни сәуірде ғана қабылданған.
Бюджет қаржылық құжат болғанымен, оның әр бабында, әр жобасында бекем саяси астар тұрады. Әрбір елдің ЕҚЫҰ-дағы өзінің заңды мүдделері бар және оларды іске асыруға тырысады. Біреулер ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық саладағы жобаларын артқысы келсе, екіншілері әскери-саяси үнқатысуды жаңғыртқысы келеді. Басқа біреулері ЕҚЫҰ шеңберінде энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Тіпті климаттың өзгеруіне байланысты жобаларды алға салады. Және осындай басқа да талаптар мен жобалардың саны жетерлік. Ал қаражат болса шектеулі және бәрін қамтуға Ұйымның әлеуеті жетпейді.
Дәл осындай жағдайда ұлттық мүддені халықаралық ұжымның мүмкіндіктерімен келістіру шешуші маңызға айналады. Демек, қатысушы мемлекеттердің бюджет бойынша көрсеткен конструктивизм Астанада өткен жемісті саммиттің жағымды көрінісі болар.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.