Төрағалықтыңтамаша табысы – жасампаздықтың жарқын жеңісі
Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығын, Ұйымның Астана Саммитінің қорытындыларын осылай бағалауда
Елбасы абыройы – қазақтың абыройы
Биыл Қазақстан үшін ең абыройлы, ең жауапты жыл болуымен ерекшеленді. Себебі, түркі тілдес елдер арасында да, ТМД мемлекеттері арасында да Қазақстан алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетті үлкен абыроймен атқарды. Осынау мәртебелі де жауапты ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстанның атқарған міндеті де, өзге елдерге көрсеткен үлгі-өнегесі де ерекше. Өйткені, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына үлкен дайындықпен кірісті. Бір жағынан Қазақстанның төрағалығы реттелуі кезек күттірмейтін халықаралық жанжалдардың тым тереңдеп бара жатқанымен тұспа-тұс келді. Мұны, әсіресе, көрші мемлекет –Қырғызстандағы саяси-әлеуметтік мәселемен байланыстырып айтып отырмыз. Соған қарамастан, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, төбебилік төрінен ақылман қариядай халықаралық жанжалдарды реттеуде жаңаша бетбұрыс бастағанына жаһан куә болды. Бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалықтың табалдырығында төрт “Т”-дан бастау алатын негізгі қағидаттарды айрықша атап, әлем елдерінің дәстүрге сенім білдіріп, жаһандық өркениетке ұластыратын демократиялық даму жолында ашықтық пен төзімділік танытуға шақыруының өзіндік сыры бар. Себебі, адамзаттың бір-біріне сенім білдіріп, дәстүрін сыйлауда ашықтығы, сонымен бірге, түрлі қиындықтарға төзімділік танытса ғана бейбіт өмірдің аспанын қара бұлт торламас еді. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы халықаралық жанжалдарды реттеумен бірге, Тұңғыш Президентіміздің адамзаттың бейбіт өмірінен қымбат нәрсенің болмайтынын көздегенін жаһан жұрты мойындады. Қазақстанның халықаралық ұйымға төрағалық етуіндегі биік бедел мен үлкен абыройға жетуі, әрине, соншалықты оңай болған жоқ. Дегенмен, қазір әлем елдерінің белгілі саясаткерлері Қазақстан төрағалығын сәтті өтті деп бағалауда. Бұған, әрине, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ауқымдағы жанжалдарды реттей алатын тәжірибелі саясаткерлігі, адамзаттың бейбіт өмірін қалайтын прогресшіл көшбасшы екендігі оң әсер етті. Бұған Елбасымыздың идеясымен Астанада ұйымға мүше елдер мемлекет және үкімет басшыларының үлкен саммитін өткізуі де дәлел. Шындығын айтар болсақ, Қазақстан – соңғы он жылда Астанадай әлемдегі ең сәулетті, ең әсем, өркениет талабына орай батыс пен шығыстың сәулеттік көркемдік шеберлігі астасқан жауһар елорда тұрғыза алған бірден-бір ел. Бұл да саммитке қатысушы елдер басшыларын таң-тамаша еткен үлкен олжамыз. Қалай айтқанда, үлкен саммиттің ел жүрегі – Астанада өткендігі баршамыздың мерейімізді тасытты. Саммиттің Астанада өтуін ұйымға мүше елдердің барлығы қолдады. Демек, бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдегі жетекші елдердің барлығы дерлік қолдағаны. Ал Елбасының беделі мен абыройы – тәуелсіз Қазақстанның беделі мен абыройы! Бәрінен бұрын осының бәрі қазақ халқының әлем алдындағы мерейінің тасығаны, абыройының биіктегені деп білеміз. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен бір жыл ішінде тамаша табысқа жеткенін ұйымға мүше елдердің саммитке қатысуға келген мемлекет пен үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері орынды бағасын берді. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның төрағалығы кезінде ұйымның үш өлшеміне сәйкес төрт “Т”-дан тұратын ұран рухында өзге елдер тағылым аларлық сенім мен дәстүр, ашықтық пен төзімділік қағидаттары басты назарда ұсталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы тұрақсыздық басталған сәтте алдымен көмек қолын созып, ағайын елдің алдағы күндердің жақсы боларына сенімін қалыптастыруды ойлады. Рас, Қырғызстандағы жағдайдың бірден жақсаруы мүмкін емес-ті. Дегенмен, екі рет басшысын биліктен қуып шыққан сол елдің экономикасын түзету, тұрақтылықты сақтау үшін ұлттық дәстүрге сай ұлттың болмысын танытатын төзімділіктің қажеттігі айқын сезілген еді. Қазақстан Президенті демократия жолында түрлі арандатуларға бой алдырмай, ашықтықтың қажет боларына, сөйтіп, төрт “Т”-дан тұратын қағидаттар сақталғанда ғана Қырғызстанның қиындықтан арылатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. Мұндай биік мақсаттарды көздеген сенімді мұраттар Ауғанстандағы ахуалды реттеу, Таулы Қарабақтағы проблемалық жағдайды шиеленістірмеу орайындағы жауапты міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда да анық аңғарылды. Әсіресе, Қырғызстандағы жағдай ушыға бастағанда-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдымен қолұшын созды. Сөйтіп, ежелгі бауырлас халықтың абдыраған сәтінде моральдық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да қолдауын көрсетуден аянған жоқ. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осы елге арнайы сапармен барып, ішкі-сыртқы күштер арқылы тұтанған саяси кикілжіңді реттейтін оң қадамдар жасады. Бұдан өзге Ауғанстандағы, сонымен бірге, Таулы Қарабақтағы ахуалдардың күрмеуі қиын шешімін тарқатуда да тың талпыныстар жасалғанына ұйымға мүше елдердің басшылары, сыртқы істер министрлері, сондай-ақ әлемдік саясаттағы соны істерді терең зерделейтін танымал саясаткерлер орынды баға берді. Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларының қатысуымен үлкен саммит өтті. Бұл саммиттің өтуіне әлем елдері түгел дерлік қолдау білдіріп, ерекше қызығушылық танытты. Өйткені, ХХІ ғасыр басталғалы бері дәл мұндай үлкен саммит өткізілген жоқ. Оны өткізуге бұған дейін ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен бірде-бір мемлекет ынталы болмады. Бәлкім, экономикалық, қаржылық жағдайдың күрделілігі әсер етті ме, әлде басқалай саясаттың ықпалы болды ма, әйтеуір, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басшыларын бір үстелдің басына отырғызудың сәті түспей-ақ қойғаны шындық. Міне, сол олқылықтың орнын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың игі идеясы толтырды. Шын мәнінде Астана саммиті – әлемдегі ең ерекше басқосу. Себебі сан алуан. Біріншіден, бұл жаһан жұртына ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, бір елдің ғана емес, бүкіл адамзаттың бейбіт өмір сүруін қалайтын Нұрсұлтан Назарбаевтай прогресшіл көшбасшысы бар Қазақстанда өтті. Екіншіден, бұл тек бір мемлекеттің бейбіт жолмен өркендеуін ғана мақсат тұтпай, бүкіл әлем елдерін дүрдараз еткен халықаралық ауқымдағы ең қиын жанжалдарды реттей білетін Нұрсұлтан Назарбаевтай ақылды саясаткері, кемеңгер басшысы бар жаңа Қазақстанда өтті. Үшіншіден, ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде кең талқыға түскен мәселелер тек сыртқы істер министрлерінің ғана емес, 56 мемлекет басшыларының назарына тікелей ұсынылды. Сол себептен, Астана саммитінде Қазақстанның оң идеялары ұйымға мүше елдер басшыларынан да қолдау тапты. Міне, елордамызда өткен саммиттің маңызын осылайша тарқата беруге болады. Қалай айтқанда да, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен өткен саммитті ұйымның барлық мүше елдерінің қолдауы – Қазақ елі үшін үлкен абырой! Саммиттің ең басты ерекшелігі – Нұрсұлтан Назарбаевтың идеяшыл, тәжірибелі саясаткерлігін, Қазақстанның татулығы мен бірлігі жарасқан, саяси және экономикалық әлеуеті тұрақты мемлекет екендігін барша жаһан жұртының мойындауы. Әйтпесе, демократиялық өркендеудің талай өткелегінен өткен өркениетті елдердің басшылары Астана саммитіне қолдау білдірмеген болар еді. Тіпті 28 елдің президенттері, 10 елдің премьер-министрі Астана саммитіне келмеген болар еді. Демек, мұны Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне, Қазақстандай тәуелсіз елімізге көрсетілген құрмет деп бағалау керек. Қазақстанның төрағалығы тұсында осынау шешімі қиын түйткілдер біртіндеп реттеле бастағаны алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлік саясатының жемісі деу керек. Мұны шілдеде Алматыда ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитіне қатысқан саясаткерлер де орынды бағалады. Елбасының ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы алғашқы саммитін Астананың төрінде өткізу ұсынысының қолдау табуы Қазақстанның, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы беделі мен абыройын көтерді. Осының өзінен Нұрсұлтан Назарбаевты әлем елдері тек Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын орынды жүргізуші басшы ғана емес, әлемдік ауқымда ең қиын жанжалдарды реттей, бір-бірімен дүрдараз елдерді татуластыра білетін көшбасшы саясаткерлігін мойындағанын пайымдаймыз. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Астанада үлкен саммиттің өтуі Қазақстанның әлем елдері алдындағы беделін және бір рет көтерді. Бұған дейін ЕҚЫҰ-ға төраға болған талай елдер дәл Қазақстан секілді әлемдік мәселелерді кең ауқымда қамтыған емес. Оның әрине, түрлі себептері болған шығар. Ал Қазақстан аталған халықаралық ұйымға төрағалық еткен жыл басынан бері Қырғызстандағы саяси ахуалдың күрделенбеуіне, Ауғанстандағы жағдайдың қалыпқа түсуіне, сонымен бірге, Таулы Қарабақтағы шиеленістің оң шешімін табуына бел шеше араласты. Өйткені, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерінде ядролық қарудан бас тартып, бейбіт өмірдің орнауын қалайтын бірден-бір саясаткер екенін танытты. Шындығында, аумалы-төкпелі мына дәуірде бейбіт өмірден қымбат ешнәрсе жоқ. Тірлікте адамзат атаулының бір-бірімен жауласпай, тату-тәтті, ынтымақтастықта болғанына ештеңе жетпейді. Әлем елдерінің татулығын, ынтымақтастығын қалыптастыру – саясаткердің, саясаттың бір қыры. Мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында үлкен өзгерістерге бетбұрыс жасалды. Басқаша айтқанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік ауқымда адамзаттың бейбіт өмірі үшін баянды бетбұрыстың оң қадамын жасап берді. Мұны саммит барысында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мен көптеген халықаралық ұйымдардың ең беделді саясаткерлері мойындап отыр. Соның нақты дәлелін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммит барысындағы пікірінен бағамдай аламыз. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның “Биыл мен бұрынғы Семей ядролық полигонында болдым. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орнықты саясатының арқасында кезінде ядролық жарылыстардың эпицентрі болған полигон бүгінде ядросыз әлемнің орталығына айналған. Қазақстаннан өзге елдер үлгі алуы қажет”, деп Тұңғыш Президентіміздің адамзаттың бейбіт өмірін көздейтін прогресшіл көшбасшысы екендігін орынды бағалады. Ал ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның бұған дейін төрағалық міндетті атқарған елдердің жұмысында бір-бірінен ажыратып алғысыз ұқсастықтардың көп болғанына тоқтала келе, “Президент Н.Назарбаевтың бастауымен Қазақстанның 2010 жылы төраға боламыз деген ниеті мен оның сайлануы ұйымға жаңа леп берді. Одан кейін Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы шешім де Ұйымға деген және оның көтеретін мәселелеріне деген қызығушылықты күрт арттырып жіберді” деген пікірі ұйымға Қазақстан төрағалығының тағылымын айқындап берді. Осындай орнықты пікір білдірген ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Петрос Эфтимиу: “Саммит көздеген мақсатына жетті деп әркім де айта алады деп ойлаймын. Саясаткерлердің әріптестік пен ынтымақтастық мәселелерін талқылауының өзі үлкен табыс. Әркімнің негізгі проблемаларға байланысты өзіндік пікірі болды, бірақ саммит барысында әріптестер ортақ пікірге келе алды. Осының өзі ортақ табысқа жетуге мүмкіншілік беретін жағдай. Осы тұрғыдан қарағанда саммит жемісті болды деп есептеймін. Саммитті ұтымды ұйымдастыра білген қазақ төрағалығына ризашылығымды білдіремін. ЕҚЫҰ-дағы төрағалықтардың ішінде қазақстандық төрағалық нәтижеге көбірек қол жеткізе алды. Осы саммитке Ұйымның болашағы тәуелді болып тұрған еді” деп келешекте ЕҚЫҰ-ның жаңаша өркен жаятынына сенімді екенін айтты. Тегінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – тек билік айту емес. Дегенмен, Қазақстан ел үшін жауапты міндетті абыроймен атқара алды. Осы ұйымға төрағалық кезіндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіптерді алдын ала зерттейтін институт құру, ЕҚЫҰ-ға жаңаша серпін беру жөніндегі ұсыныстары ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының Астана саммитінде қолдау тапты. Сөйтіп Астана декларациясы қабылданды. Демек, әлем елдерінің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қуаттауы – Қазақстанға айрықша құрмет! Қазақстанға білдірілген сенім – Нұрсұлтан Назарбаевтай саясаткерге білдірілген сенім! Назарбаевтай саясаткердің абыройы – Қазақстандай тәуелсіз елдің абыройы! Демек, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетті әйтеуір атқару қажет қой дегенмен шектелмей, төбебилік төрінде ақылман қариядай төрелік айтуы өте сәтті өтті деп айтуымызға толықтай негіз бар. Осылайша, Астана саммиті тарихқа енді. Төлеуіш СЕРІКОВ, Атырау мұнай және газ институтының ректоры, профессор. Атырау облысы.