31 Желтоқсан, 2010

Сайлаушылардың орынды талабы біз үшін — заң

534 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда мәслихаттардың қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірге әсері уақыт өткен сайын өсіп отырғандығы мәлім. Өкілетті органдардың беделін кө­те­ру­ге бағытталған мемлекеттік саясаттың ар­қа­сында азаматтық қоғамның мүддесін қолдап, қор­ғаудағы іс-қызметі жандануда. Осы ретте біз Қарағанды облыстық мәс­лихатының хатшысы Бейсембай ЖҰМАБЕКОВПЕН жолығып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелескен едік. – Бейсембай Қуаныш­ұлы, жыл аяқ­тал­ды. Ол облыстық мәслихат үшін несімен есте қалмақ? – Бәрін айтып жатудың қажеті бола қой­мас. Негізгілеріне тоқталған дұрыс шы­ғар. Бюджет кодексіне сәйкес аймақтың әлеумет­тік-эконо­ми­калық дамуы биыл алғаш рет үш жылға жоспарланды. Жоғары тұрған мемлекеттік органдардың араласуынсыз белгіленуі қар­жыны дербес бөлуге мүмкіндік берді. Мәс­лихаттардың бюджетті қа­лып­­тастыруға құзыреті ар­тып, сонымен бірге, оның орын­далуына сырт­тай бақылау жүргізуге жағдай туғызды. «Қазақстан Республикасындағы сай­лау ту­ра­лы» Заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін өкілетті органдар сайлау комис­сия­ларын құ­ру­ға және мәслихаттар сессия­ла­рын­да оның құрамын бекітуге мүмкіндік алды. Сөз орайында мынадай жайды да атап өткен жөн. Қоғамды демократияландыруды те­реңдетудің нақты бағыты арқасында мәс­ли­хаттардың атқарушы билікке ықпалы өсіп отыр. Барлық деңгейдегі әкімдер өздеріне жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде енді депутаттар алдында жылына екі мәрте есеп береді. Қолданыстағы «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы жергілікті мемлекеттік бас­қа­ру және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енгізілген толықтырулар мәслихаттардың тексеру комиссияларын да қамтыды. Мінеки, осын­дай жаңартулар қызметімізге соны серпін берді. Облыстық мәслихат өз жұмысын жоспарлауда ең алдымен сайлаушылардың мүд­де­сіне байланысты мәселелерді көтеріп, тал­қы­лауға баса назар аударады. Оларды тиімді шешуді мақсат етеді. Тұрақты комиссия­лар­дың бастамашылығы бойынша сессиялар­дың қарауына, мәселен, облыс тұрғын­да­ры­на медициналық қызмет көрсетуді жақ­сарту, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты да­мы­тудың аймақтық бағдарламасы, 2002-2010 жыл­дарда «Ауыз су» бағдарламасының орын­да­луы, дене тәрбиесі мен спортты да­мы­тудың іс-шаралары, ауыларалық жолдар­дың жай-күйі туралы сияқты қоғамдық ма­ңы­зы үлкен мәселелер күн тәртібіне қойыл­ған болатын. Сессияларға материалдар дайындау кезінде облыстық, қалалық, аудандық депутаттардан, хатшылардан, мамандардан құрыл­ған уақытша жұмыс қомиссиялары мен топ­тары тарапынан жұртшылықты толған­дыр­ған, көкейкесті жайлар алдын ала терең зерделенеді. Олар күн тәртібіне саяси партиялармен, қоғамдық қозғалыстармен, сарап­шы­лармен кеңесіп, жан-жақты ойлана оты­рып енгізіледі. Зерттеу, сараптама қоры­тын­дылары мүдделі жақтар қаты­суымен тұрақты мәжілістерде талқыланады. Айта кету керек, депутаттар сайлау округтерінде тұрғын­дар­мен кездесулерді жиі өткізіп тұрады. Басқару үр­дісіне көпшіліктің белсене араласуына ұйытқы болады. – Депутаттық корпус жұмысында тұрақты комиссиялар рөлі қандай? – Маған облыстық мәсли­хат хатшысы тұрғысын­да тұ­рақ­ты комиссиялар жұмысын үйлестіру жүктелген. Төрт тұ­рақты және тексеру комис­сиясы өз міндеттерін ағымдағы және алдағы жұмыс жоспарларына сәйкес жүргізеді. Серғазы Әдекенов, Нұрлан Дулатбеков, Мұрат Перзадаев, Жомарт Таласбеков жетекшілік ететін тұрақты комиссиялар өңір тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселе­лер­ді қарауға ден қояды. Нұрсұлу Бөкетова, Ғазым Жарылғапов, Мағауия Сембай, Степан Мартынов, Александр Шимпф секілді бел­сенді депутаттар олардың іс-қызметіне сер­пін беріп отырады. Қазір аталған комис­сиялардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасты күшейтіп, жүйелі жұмыс істеуге мүмкіншілігі мол. – Сайлаушылармен арадағы бай­ла­ныс­қа қалай көңіл бөлінеді? – Бұл бөлек айтарлық әңгіме. Осы орайда «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық мәслихат­тағы фракциясы жұмысын алдымен ауызға алуға болар еді. Жыл басынан бері 135 қа­былдау өткізіліп, онда сайлаушылардың 300-ден астам ұсыныс-тілегі, арыз-шағымы қа­ралды. Мұның сыртында халық қалаулылары атына жыл сайын 600 жазбаша хат түседі. Олар­ды талдау көрсетіп жүргендей, жұрт өтіні­ші көп ретте еңбекпен қамту, медици­на­лық қызмет көрсету, тұрғын үймен қамта­ма­сыз етілуге көмектесу жайларын қозғайды. Депутаттарымыз қолданыстағы заңнамалар­ға сәйкес қамқорлық жасауға әркез әзір тұрады. Қоғамдық пікір уақытында зерттеліп, атқарушы билікке жеткізіледі. Сай­лау­шы­лардан алғыс хаттарды көбірек алатындар қа­тарында Серғазы Әдекенов, Төлеген Әші­мов, Қадиша Оспанова, Мағауия Сембай, Сергей Столповский, Василий Шалимов бар. Фракция мүшелерінің партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдауында сайлау­шы­ларды қабылдауы бойынша есептері тың­далады. Парламент Мәжілісі мен Сенатына біздің аймақтан сайланған сенаторлар Серік Ақылбаев, Юрий Кубайчук, мәжілісмендер Алияр Жарасбаев, Дауылбай Құсайынов, Владимир Нехорошев, Ерлан Нығматулин, Мұхтар Тінікеев, Рауан Шаекин өз тарап­та­ры­нан жоғары сенім білдірушілерге қалт­қы­сыз қызмет көрсету мақсатындағы ізденісте көмектерін аямайды. Біздің ойымызша, депутаттық өкілетті бес жылға дейін ұлғайтқан орынды сана­лады. Тұрғындармен орнықтырылған тығыз байланыс, олардың да өз округтеріндегі қа­лау­лы­ларға көз үйретіп қалуы екіжақты үндес­тіктің ұзағырақ ұласуына дәнекер болар еді. Бүгінде мәслихаттардың атқарушы билікпен байланысы анағұрлым нығайды. Мұ­ның бір қырын облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі әкімдердің жергілікті депу­таттар келісімімен тағайындалуы таны­тады. Алдағы уақытта әкімдіктер бөлімдері және бюджеттік ұйымдар басшылары да өкі­летті органдармен келісіп өсірілсе, еш артықтығы жоқ. Экономикалық даму мүмкіндіктері зор, соған орай тұрғындардың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайын жақсартуға әлеуеті кең об­лысымыздың өміріне белсене атсалысу жергілікті мәслихаттар алдындағы мерейлі па­рыз. Соңғы бірнеше жылда жинақталған тә­жі­рибелерді одан әрі өрбітуге күш салып, сай­лаушылар аманатын абыройлы орындау ар­қылы сенім мен беделді биіктете береміз деп сенеміз. – Сөз соңында облыстық мәслихаттың келесі жылдағы жұмыс жоспарымен та­ныстырып өтсеңіз. – Депутаттар талқысына түсетін мәсе­ле­лердің ішінде облыстағы білім берудің, аймақта қоршаған ортаны қорғаудың, құқық бұ­зушылықтың алдын алу мен қылмыспен күрестің жағдайы және тілдерді одан әрі дамыту шаралары туралы мәселелер ма­ңыз­ды саналады. Өңірде өндіріс ошақтары көп­теп шоғырлануына орай экологиялық ахуал өте-мөте көңіл бөлерліктей деуге болады. Сондай-ақ мемлекеттік тіл беделін көтеріп, мәртебесін беріктіруде әлі де атқарылар істер жеткілікті. Қаралатын мәселелердің байыпты зерттелуі үрдісіне сәйкес оған жауапты халық қалаулылары жер-жерде болып, жағдаймен тікелей танысуда. Мемлекет саясатының маңызды бағытын жұрт мұң-мүддесімен үндестіріп жүргізудегі 15 жылдық қызметінде айтарлықтай тә­жіри­бе жинақтаған облыстық мәслихат жұмысы уа­қыт талабына сай түрленіп, жандана бермек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ.