Парламент Сенатының депутаты Ерболат МҰҚАЕВПЕН әңгіме
– Ерболат Рахметұлы, мемлекетіміз үшін аса маңызды құжаттың бірі – республикалық бюджет жоспары. Биыл Парламент Сенаты «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ерекше талқылаудан өткізді десек, артық айтқанымыз болмас. Депутаттар көптеген толықтырулар енгізді. Талқылау барысында қандай мәселелерге баса көңіл бөлінді?
– Әрине, бұл – маңызды құжат. Себебі, жыл сайын осы республикалық бюджет туралы заң жобасының қабылдануы мемлекеттің, халықтың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Мақсатты бағдарламалар бойынша нақты қаржы бөлудің арқасында Қазақстанның барлық аймағындағы әр түрлі мәселелер өз шешімін тауып келеді. Парламенттің қос палатасында талқылаудан өтіп, қабылданған «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң да еліміздің бірталай мәселелерін шешуге септігін тигізері сөзсіз.
Бұл заң 2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік өлшемдерінің болжамы, сонымен қатар, Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларының негізінде әзірленген. Соған орай, жалақының ең төменгi және мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiнiң мөлшерi, зейнетақының ең төменгi мөлшерiн белгілеу, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу үшiн, сондай-ақ, айыппұл санкцияларын, салықтар мен басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiші, базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерiн есептеу үшiн ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң шамасы анықталды. Сонымен қатар, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшiлерге (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерден басқа), iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне, сондай-ақ өртке қарсы қызмет органдарының, Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару жүйесi органдары мен мекемелерiнiң, қаржы полициясы органдарының жедел-iздестiру, тергеу және саптық бөлiмшелерiнiң қызметкерлерiне тұрғын үйдi ұстауға және коммуналдық қызметтер көрсетуге арналған шығыстарды төлеу үшiн ақшалай өтемақының айлық мөлшерi нақтыланды.
2011 жылға арналған республикалық бюджетте республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге берiлетiн субвенциялар көлемi, арнайы мемлекеттiк жәрдемақыларға, мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларға қаржы олардың мөлшері туралы өзге де проблемалық мәселелер талқыланды. Сондай-ақ бюджет талқылауында ерекше көңіл бөлінген мәселелер, әрине, еліміздің ауылдық аймақтарын сумен, газбен, электр желілерімен қамту, көлік жолдарын жөндеу, экспорт, импорт, субсидия, сертификация, ауыл шаруашылығын, білім, медицина салаларын одан әрі дамыту, оны шетел стандарттарына сәйкес келтіру секілді бірнеше проблемалар алға қойылды. Үкіметтің саясаты Елбасының айқындап берген бағытын бұлжытпай орындап, көп мәселелердің ішінде нағыз көкейкесті екі мәселеге нақты көңіл бөліп отыр.
«Су – өмірдің көзі, бала – болашақтың өзі» демекші, «Ақбұлақ», «Балапан» бағдарламаларын қабылдап, ең маңызды мәселелерді алға тартып отыр. Бұл жерде Қаржы министрлігі профильдік министрліктермен бірге күрделеніп қалған мәселелерді шешу үшін аймақтарға қаржы бөлуде дұрыс шешім қабылдады. Өйткені, профильдік министрліктер қай облыста, қай салада бөлінген қаражат экономикамызға, әлеуметтік хал-ахуалға қандай оң ықпал ететінін жақсы біледі.
Мұндай саясаттың мақұлданатынына менің күмәнім жоқ.
Ендігі жерде осы бекітілген бюджеттің орындалуы бюджеттік бағдарламаларды орындайтын әкімдіктердің қолдарында.
Сонымен қатар, бюджетті талқылаған кезде мына қаржы Мәжіліс депутаттарының, ана қаржы Сенат депутаттарының сауалына орай қарастырылды деп бір Парламентті екіге бөлудің қажеті жоқ. Өйткені, қай аймақты алсақ та Мәжілісте де, Сенатта да депутаттардың көтеріп отырған мәселелері бір. Сонымен бірге, үш жылдық бюджетке енгізілген бағдарламаларды кейінгі жылдарға ысыруға жол бермеуіміз керек. Себебі, сол бағдарламаларға арнайы қажетті құжаттамалар әзірленеді, ал егер олар шегеріле берсе, ескіріп қалады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, бюджет дегеніміз саясат болса, біз онда неге осы үш жылдық әлеуметтік-экономикалық саясатымыздан айнып отыруымыз керек?
– Үш жылдық кезеңді қамтитын республикалық бюджет толықтай қабылданды. Осы қабылданған үш жылдық бюджеттің тиімділігі қандай?
– 2012 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің болжамы, яғни трансферттердің түсімдерін есепке алмағанда, 2 трлн. 955 млрд. 232 млн. 375 мың теңге сомасында немесе 2011 жылдың болжамына қарағанда 318 млрд. 335 млн. 406 мың теңгеге артық анықталды. 2013 жылға кірістер 2012 жылға қарағанда 383 млрд. 958 млн. 690 мың теңгеге өсіріліп, 3 трлн. 339 млрд. 191 млн. 065 мың теңге сомасында жоспарланды. Тиісінше салық түсімдері де жылма-жыл көбейтіліп отыр.
Алайда, шығыссыз кіріс жоқ дегендей, 2010 жылмен салыстырғанда 2011 жылы бюджет шығыстарының өсуі 469 млрд. 901 млн. 799 мың теңгені құрайды. Бұл негізінен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында айтылған іс-шараларын іске асырумен байланысты. Яғни, қомақты қаржы ел азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруға және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған.
– Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында көтерілген мәселелер толық қамтылған деп айта аласыз ба?
– Иә, биылғы Елбасының халыққа Жолдауында көтерілген мәселелер бюджет заңының баптары бойынша толыққанды қамтылды десек, қателеспейміз. Мысалға, «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», оның ішінде, Елбасының тапсырмасына сәйкес бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2010 жылғы 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бастап 25%-ға ұлғайтылды. Балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиелеумен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған «Балапан» салалық бағдарламасы әзірленді.
Үстіміздегі жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығының тойлануына байланысты әрбір соғысқа қатысушы мен соғыс мүгедегіне бюджеттен 65 мың теңге мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төленді. Сол секілді соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген, Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жұбайлары, қаза болған соғыс мүгедектері мен оларға теңестірілген мүгедектердің жұбайлары, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері де материалдық қолдаусыз қалған жоқ. Оның сыртында Жеңістің 65 жылдығын кеңінен мейрамдауға байланысты соғысқа қатысушылар мен мүгедектерінің жеңілдікпен жол жүрулері үшін 383 миллион теңге қарастырылды.
Назарбаев Университеті, Назарбаев Қоры, Назарбаев интеллектуалдық мектептері мәртебесі туралы, оның ішінде «Өмір туралы ғылым орталығы», «Халықаралық аспаптық орталық» және «Баламалы энергетика орталығы» атты үш ғылыми орталық құруды реттейтін Үкімет әзірлеген заң жобасы Парламенттің талқылауында жатыр.
Менің басында бәрі баптар бойынша толыққанды қамтылды деген себебім, Елбасының халыққа Жолдауында тапсырылған мәселелер тек 2010 жылы ғана емес, 2011 және одан арғы жылдарға жоспар ретінде енгізіліп отыр. Мысал ретінде, Қазақстан Үкіметіне 2011 жылы бизнесті тіркеуге және бизнесті жүргізуге байланысты операциялық шығындарды 30%-ға, ал 2015 жылы тағы да 30%-ға қысқарту, 2015 жылға қарай базалық зейнетақы төлемдерін ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 60%-ы деңгейіне дейін өсіру, 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі жоспарын жасау секілді мәселелерді атап өтуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы Жолдауы – мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың тіні.
– Сіз Батыс Қазақстан облысында жауапты қызметтер атқардыңыз. Қазір туып-өскен өңіріңізбен байланысыңыз қалай?
– Иә, біраз уақыт аудандарда, қалада, одан Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің аппаратында басшылық қызметтер атқардым. Қазіргі таңда Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесімін. Яғни, өзім мүшесі болып отырған комитет, мұнда қаралатын заң жобалары өңірлерді дамытумен тығыз байланысты. Дәл қазір Астана тұрғыны болсам да, туып-өскен өңіріммен қарым-қатынасым өте жақсы. Қандай да бір күрделі мәселе болсын, осы облыстан сайланған депутаттармен бірге ақылдаса отырып, бірегей шешімдер қабылдаймыз.
Көтеріліп жүрген және әлі де көтерілетін күрделі мәселелер туралы айтсақ, ондайлар жоқ емес, бар. Бірақ, біртіндеп шешімін тауып келеді.
– Парламент Сенатының депутаты ретінде сізді жалпы қандай мәселелер толғандырады?
– Мені әрдайым толғандыратын жәйт – еліміздің, халқымыздың болашағы. Еліміздің даму деңгейі. Ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Қазақстан осы XХI ғасырда жедел қарқынмен дамып, бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің ішіне еніп, Азиядағы айтулы, Еуропадағы елеулі елге айналғанын көргім келеді. Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдары мен бастамалары халықтан және әлемдік қоғамдастықтан қолдау таба беруін қалаймын. Еліміз – жас, халқымыз – еңбекқор, Елбасымыздың көреген саясаты қолдауға ие болып келеді, сондықтан алар асуымыз алда деп ойлаймын.
– Рахмет әңгімеңізге.
Әңгімелескен Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.