Кәсіпкерлердің мінез-құлқын кейде сүйікті ісіне қарап та білуге болады. Мысалға, Жұмагүлді алайық: қызғалдақтың үлбіреп тұрған жапырағындай жан дүниесі сондай нәзік. Қызмет бабында, бәлкім, ағылшындардың «темір ханымы» Маргареттей болуы да бек мүмкін, бірақ «бәлен деген бір елде түген деген бір ғажап гүл бар екен» десеңіз болды, Эйр-Астананың «ақ сұңқарына» бүгін билет алып, ертең ұшуға дайын. Алыс-жақындағы ол елдің жол шығынын да есептеп жатпайды: Германия ма, Голландия ма, бәрібір, тек құмартқан гүлі ойынан шықса болды.
Кеңестік керітартпа заман адамдарының санасына сыналап енгізілген «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген бір еңсені басқан ез түсінік болған. Сондықтан шығар, қанша жерден сегіз қырлы, бір сырлы болса да ол тұста біреуден біреу қара үзіп, ерекшелене бергісі келмейтін. Жұмагүл де, өкінішке қарай, мекеме мен мекенінің арасындағы таптаурын жолды ғана білетін сол сұрқай тобырдың бірі болды. Бірақ басындағы ноқтасын быт-шыт қып, армансыз ойнақтағысы келетін құлыншақтай көңілі әлдебір бостандықты аңсап, елегізи беретін. Сезген екен, «ендігі нәпақа да, нәр де нарықта» деген жаңа саясат сандаған жылдардан кейін сақпандай айналып келіп, сарт ете қалған тұста еті тірі келіншек шабыс тілеген тұлпардайын түрленіп шыға келді. Жүрегін қатты лүпілдеткені, әлбетте, ең алдымен ел тәуелсіздігінің жариялануы.
Дәрі-дәрмек сатудан басталған бизнесі дамып, кәсіпшілігі сара жолға түскен соң «ақ желеңді» келіншек өзінің жандүниесіне тым жақын гүл өсіру ісімен айналысуды да жөн көрді. Гүл шаруашылығы, әрине, дайын дәрі-дәрмекті сату сияқты емес, шашетектен шығынға бату қаупі де зор, күмән-күдігі мол іс. Оған, тіпті, жүрегі Алатаудай олигархтар да тәуекел ете бермес. Сондықтан болар, мал баққан, жер шапқан, тіпті қауын-қарбыз өсіріп, таспадай ғып қауыншек тілген қазақтардың о заман да бұ заман, гүл өсіріп жан баққанын көрмеген бас есепшісі «баж» ете қалмаса да, алда-жалда істері оңға баспаса, гүлден болатын шығынды «шотқа» салып берген. Бірақ шет елдерден бұл өңірде жоқ әсем өсімдіктер мен гүл тұқымдарын әкеліп, оны өсіру, оны күтіп-баптау, оны будандастыру, оны жерсіндіру деген сияқты жаны қалаған жұмыстан қайтіп бас тартпақ?!.
«Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де шығасың». Ақыры тәуекелдің сол желқайығына жүгінген сүйкімді келіншектің гүл шаруашылығы көп ұзамай-ақ жұрт назарын өзіне аудара бастаған.
* * *
Жамбылдықтар «кезінде Тшанов деген әкім салдырып кеткен» дейтін Тараздың әйгілі қақпасынан өткен соң көп ұзамай күре жолдың батыс беткейінен Жұмагүлдің гүл шаруашылығы көрінеді. Көлік жылдамдығын тежеп, бұрыла кетуге де қолайлы өзі. Кешен іші жазда салқын, қыста жылы. Бала-шағасын ерткен тараздықтар бұл жерден жазда да, қыста да үзілмейді. Анда-санда осы жолдар авторының да гүл өсіруші қыз-келіншектермен қалжыңдаса жүріп болашақта жазар тәуір дүниелеріне «қор» жинап қайтатыны бар. Жақында тағы жолы түсті.
Қолында гүлге су шашатын қазмойын құмғаны бар Роза Бадықованың жүзі де өзі өсірген гүлдері сияқты үнемі жайнап тұрады. Егер «мені ғана осылай қарсы алады екен» деп ойлап қалсаңыз, күпірлік болады, өйткені, Роза кез келген келушіні осылай қабылдап, қызықтаған гүлінің алдымен атын, сосын қай елден әкелінгенін, содан соң қанша сорты бар екенін тәптіштеп түсіндіре бастайды. Көкірек керген кейбір ағаларым мен замандастырымның һәм інішектерімнің «қысқы бақтағы» кейбір өсімдіктер мен гүлдерді көрмек тұрмақ, атын естімегеніне бәс тігуге бармын.
Оранжерея ішін аралап келеміз. Роза замандасым гүлдер мен өсімдіктерді күнде көріп, күнде күтіп-баптап жүрсе де жалыққан, қажыған жанға ұқсамайды. Маған ерінбей ілесіп, әр қатарға орналастырылған гүлдер мен өсімдіктерді ерекше ынта-ықыласпен түсіндіруге тырысады. «Кливия», «Драцена», «Каланхоэ», «Филодендрон», «Колеус», «Красула», «Стромапта», «Цикломен», «Араукария» – бәрі де бұрын көз көріп, құлақ естімеген гүлдер мен өсімдіктер. Бәрі сонау Еуропадан әкелінген. Оның ішінде Голландиядан «қоныс» аударғандары көбірек. Еуропа кезбелері кезінде қызғалдақты қазақ даласынан жинап алып Голландияға апарып, сол жердегі басқа гүлмен будандастырып аты әлемге әйгілі болған «Тюльпан» гүлін дүниеге әкеліпті деседі тарихшылар. Ал біздің «бизнес леди» осы күні Голландияның гүлі мен өсімдігін Қазақстанға құмырсқадай тасып, одан жаңа тұқым, соны түр шығармаққа күш салып жүр.
Мына ғажайып мысалды қараңыз. Биыл облыста бақандай 8 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асырылды. Соның бірінші болып өмірге келгені кәсіпкер келіншек Жұмагүл Омарова басқаратын «Жасұлан и К» ЖШС-нің гүл өсірумен өндірістік негізде шұғылданатын кешенді жобасы болып табылады. Жобаның құны – 1 050 миллион теңге. Жоба барыс жылының 28 маусымында іске қосылып, Байзақ ауданының Жетібай ауылында 170 жаңа жұмыс орнының ашылуына ұйытқы болды. Бүгінге дейін кәсіпорын 800 мыңнан астам дана гүл өсіріп, өткерген. Міне, гүлдің ғажайыбы, гүлдің табысы!
Қазақта «кісідегінің кілті аспанда» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасын қарапайым тілмен түсіндірсек, «қандай зат болса да өзің жаса, өзің өндір, өзің өсір, өзің сат, сонда ғана саған ешкім (көрші ел, іргелес облыс) өзіндегісін асыра пұлдап, аспандап сөйлемейді» дегенді білдіреді. Мұны тараздықтардың көшесін де, үйін де гүлмен көмкеріп тастаған Жұмагүлдің игілікті ісінен анық байқауға болады. Мысалы, қала көшелерін көркемдеу үшін гүл көшеттерін отырғызу керек болса, әкімдік «Жасұлан-Флора» ЖШС-не тапсырыс береді. Ал гүл өсірушілер тапсырысты тап-тұйнақтай орындайды. Алыстан арбалағаннан гөрі арзан, сапалы, тиімді. Өз қаласы, өз өлкесі үшін жасалып жатқан ортақ игілік болған соң, фирма басшылары тапсырыс беруші мекемелердің «қарызға», «несиеге» немесе «мерзімін ұзартуға бола ма» деген өтініштеріне түсіністікпен қарайды.
* * *
«Қысқы бақтан» шығып бара жатып қызыл, жасыл, сары түсті гүлдерді тағы да бір аралап өттім. Жұмагүлдің дәрі-дәрмек сатып дәулеттілер қатарына қосылғанын қуана құптағаныммен, қайдағы бір гүлмен «әуейі» болғанына (бәлкім, Жұмагүлдің ерекшелігі осы қасиетінде шығар) күдіктене қарағандардың бірі едім, бүгін сол ойымның мүлде қате екеніне әбден көзім жетті.
Гүлденген Қазақстанмен бірге нәсібі де түзелген, кеше «дәрі-дәрмек» деп ұйықтаса, бүгін «гүл» деп оянатын «бизнес ледидің» еңбекқорлығы мен елгезектігіне қазір ешкім де ілесе алмас.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.
Суретте: бегония гүлдері.