Алғашқы болып «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасында арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуі туралы меморандумды ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Құжат жобасы туралы баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров меморандумның қашан жасалғанын, қандай мақсатты көздейтінін жан-жақты айтып берді.
Меморандумға 2016 жылдың 20 қаңтарында қол қойылған екен. Ол оқу-жаттығу өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетулерінің негізгі қағидаттарын айқындайды. Жаттығулар қабылдаушы тараптың заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Соның ішінде қабылдаушы тарап төмендегідей қолдау шараларын жасайды: жаттығулар жасау үшін белгілі бір жер аумағын нақтылайды; техника мен оқ-дәрілерді әкелуге, мемлекет ішінде алып жүруге әуе жолдары мен темір жолдарды пайдалануға рұқсат етеді, жаттығуға келген жауынгерлерді орналастырады, ас-сумен қамтамасыз етеді және т.б.
Қазақстан әскерінің мұндай жаттығуларды ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер әскерлерімен де, тіпті НАТО-ға мүше басқа елдермен де өткізіп жүргені белгілі. Алайда, депутаттар тарапынан баяндамашыға нақтылау мақсатымен өте көп сұрақтар қойылды. Соның ішінде депутат Зәуреш Аманжолова оқу-жаттығу кезінде мерт болған түркиялық жауынгер үшін отбасына өтемақы мен асыраушысынан айырылғандығына байланысты жәрдемақыны қай тарап төлейді, егер біз төлейтін болсақ, оның шығыны қандай қордан өндіріледі деп сұрады.
Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар бізде болып тұрады, деген генерал төлемақылар әр елдің өз заңнамасына сәйкес төленетінін жеткізді. Егер тура біздің тараптың кінәсінен осындай жағдай орын алса, ол бөлек шарттармен реттелетін болады, деді ол.
Депутат Асқар Базарбаев бөтен ел әскерлерінің еліміздің аумағындағы оқу-жаттығуға қару-жарақпен енгізілу тәртібіне назар аударып, олар арнайы тексерістен өткізіле ме деп сұрады. Оған Т.Мұхтаров меморандумның негізінен оқу-жаттығуға қолдау көрсету мәселесін ғана қарастыратынын, ал бөтен ел әскерінің Қазақстан аумағына кіргізілуінің тәртібі еліміздің басқа заңнамаларымен реттелетінін айтты.
Депутат Бақытбек Смағұл Түркияның аумағында болатын «Анатолия» әскери оқу-жаттығуларына Қазақстан қатыса ма және жаттығулардың шығындарын қай жақ көтереді деп сұрады. Оған генерал Түркиямен әскери жаттығулар 2006 жылдан бастап екі жақтың аумағында да кезекпен жыл сайын өткізіліп келе жатқанын айтты. Ал шығындарды меморандумға сәйкес қабылдаушы жақ көтереді екен.
Отырыс барысында меморандумға тікелей қатысы жоқ сұрақтар да қойылып жатты. Бәрін қосқанда жалпы саны 11 депутат осы мәселенің талқылауына араласты. Қосымша баяндаманы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Абай Тасболатов жасады. Ол меморандумның негізгі мәселелеріне тоқтала келіп, Мәжілістің комитеттері оны оң тұрғыдан бағалайтынын жеткізді және әріптестерін заң жобасын қолдауға шақырды.
Заң жобасы талқыланып болған соң бірауыздан мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.
Екінші мәселе де екіжақты жасалған келісімді ратификациялауға арналды. Бұл жолы «Қазақстан Үкіметі мен Польша Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл заң жобасы екі мемлекеттің аумағына заңсыз келген, онда болған немесе тұрып жатқан уағдаласушы тараптардың азаматтары, үшінші мемлекеттердің азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдар реадмиссиясының құқықтық және ұйымдастыру мәселелерін реттеуді көздейді.
Жалпы отырыс барысында тоғыз депутат құзырлы органдарға сауалын жолдап, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысатын кәсіпорындар үшін кадр даярлау, балалар денсаулығы, экология, жылу жүйелері және тағы басқа өзекті мәселелерді көтерді. Депутаттардың аймақтарға барып, елдегі түрлі проблемаларды өз көздерімен көріп қайтқандығының нәтижесі осы жерде айқын көрініп тұрды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»