Әр адамның өмірдегі орны – Отанына еткен еңбегімен, ал адамгершілік сипаты – халқына, еліне істеген өрнекті ісімен көрінетіні белгілі. Мысалы, аты-шулы мұнайшы, артына өшпестей із қалдырған Сафи Өтебаев аға да Сәбең таңдаған осы екінші топқа жататын, рухы биік, парасатты жан екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас.
Жуырда қолымызға тиген «Мұнайата» кітабы (Алматы, «Мереке» баспасы, 467-бет, таралымы 1000 дана, 2015 жыл) атақты мұнайшы Сафи Өтебаевтың өзі жазған ғұмырнама хикаялары мен ардақты азамат туралы естелік, кезінде өзі көзі тірісінде мерзімді баспасөздерге жарияланған мақалалар топтастырылған. КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР Ғылым мен техникаға еңбек сіңірген қайраткері Сафи аға қырық жыл бойы үзбестен республикамыздың мұнай өнеркәсібін дамыту ісіне аса жауапкершілікпен қызмет етті. Мұнай саласында қазақтан шыққан тұңғыш инженер, білікті маман ретінде «Қазақстан мұнай» бірлестігінің басшысына дейінгі ұзақ жолдан өтті. Ағаның жерлес інісі, ақын Қабижан Сағиев:
...Ей, жан аға!
Жарқылдайсың жасындай,
Қайратың бір басылмай.
Сізді білмес бар ма, адам,
Жиырмасыншы ғасырда-ай!
Күнге создың қолыңды,
Айға создың қолыңды.
Қара алтынды ағызып,
Еңбек еттің толымды.., –
деп басталатын көлемді толғауын алпысыншы жылдардың басында көрнекті мұнайшы ағаға арнап жазған еді.
Кітап – Сафи ағаның «Асулар арқылы» атты кітабынан («Қазақстан» баспасы, 1976 жыл) алынған «Қиын-қыстау шақтар» бөлімінен басталыпты. Талабы мен арман-қиялы тоғысқан жеті жасар баланың яғни Сафидың талпынысы, өмірге көзқарасы оның болашаққа деген қадамынан көрінеді. Он бір құрсақ көтерген анасының ең кенжесі бола тұрып, оның есіл-дерті Доссордағы мұнайшы ағаларына жету. Бұл – ауыл баласының көңіліне ұялаған бір-ақ сөз «оқысам, адам боламын» деген ішкі жансарайындағы сезімнен туындаған сөз еді.
Бәрін қадағалап, бәрін ой елегінен өткізіп отыру, сөйтіп болашаққа деген қанатын қатайту – саналылыққа жетелейді. Сафи баланың өрісі кең, өнері өрге басатынына шығармасын оқып отырып, іштей риза боласың. Дүниені жан-жақты танып-білуге талпыну тек қана оқу-білім арқылы жүзеге асатынын бала көңілі сезген. Сол сезімталдық оны парасаттылыққа, шарапаттылыққа, кеңдік, адалдыққа лайықтап, оған ұшқыр ой, мол ақыл, таусылмас қажыр-қайрат бергені көрініп тұр! «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі», деген ұлағатты сөз бар. Адамның асқан сұлулығы –оның сезімталдығы, қарапайымдылығы, тілектес, ниеттестігі десек, Сафи ағаның бекзаттығы, білімділігі, шынайылығы өзінің шаңырағынан, туып-өскен ұясынан басталған деп айтуға негіз бар.
Жаратылысынан өзіне айтылған небір жайтты жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтап, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болып өскен Сафи аға – мейлінше шешен, өнер-білімге жаны құштар, аса қанағатшыл, арманы асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақынға да, жатқа да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін тұлға боп қалыптасқанына шығармасын мұқият оқып отырып, анық көзің жетеді. Осы арада данышпан Мұхтар Әуезовтің: «...Адам ірілігі бір сипатта емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиетімен құралады», деген ұлағатты сөзі еске түседі. Сафи ағаның сан қилы тағдырын өлшеп-пішіп қарасақ, оның ірілігі ішкі-тысқы сан сипаттан құралған екен. Апырай, ұлы Абайдың:
Бес нәрсеге асық бол...
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой, –
Бес асыл іс көнсеңіз, –
дегенін ол өзінің қиын-қыстау өмір жолында бойына әбден сіңіріп, жүрегіне жазып алғанына еш күмән жоқ. Енді шығарма желісіне аз-маз сөз беріп, өткен жылдарды көз алдымызға елестетейік:
«...Мен 1930 жылдың 14 декабрі күні Орынбор рабфагін бітіріп, Баку тау-кен институтының тау-кен факультетіне жолдама алдым... Тау-кен факультетінде 1200 студент бар екен, солардың бес жүзден астамы комсомол мүшелері, көп кешікпей, осы факультеттің комсомол комитетінің секретары болып тағайындалдым. Демек, қоғамдық жұмыс Бакуде 1934 жылға дейін маған серік болды. Диплом жұмыстарына байланысты осы жылы бұл жұмыстан өзім сұранып босандым. Менің орныма сол факультеттің студенті, комитет мүшесі Оруджев Сабит Атаевич секретарь болып сайланды... Сабит Атаевич институтты бітіргеннен кейін көп жылдар бойына КСРО Мұнай министрінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы... ғылым докторы. Қазірде ол Одақтық Газ өндіру министрі. Елімізде мұнай өнімін арттырып, өркендету саласында ұлан-ғайыр еңбек сіңірген қайраткерлердің бірі – Байбаков Николай Константинович те мен оқуға түскеннен кейін екі жылдан соң тау-кен факультетін бітіріп шықты. Қазіргі Одақтық Геология министрінің бірінші орынбасары Михаил Андрианович Евсеенкомен бес жыл бірге оқып, бір күнде диплом қорғадық... Ал менімен бірге оқыған Апряткин Семен Семенович институттан кейін Грозныйда Мұнай бірлестігінің бастығы болып ұзақ жылдар еңбек етіп, талай іскер кадрларды даярлап шығарды. Осы бірлестікті басқара жүріп, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Қазір ол Чешен-Ингуш облыстық партия комитетінің бірінші секретары. Баку тау-кен институты маған тек білім ғана беріп қойған жоқ, ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетімді одан әрі жетілдірді. ...1935 жылдың 27 декабрінде диплом қорғап, тау-кен инженері деген мамандық алып шықтым. Сол жылы тау-кен факультетін бітірген екі жүз жиырма адамның ішінде қазақтан жалғыз мен едім...».
Кітаптың «Жол басы» бөлімінде «Эмбанефть» тресіне жолдамамен келіп, қызметке орналасуы баяндалады. Сафи ағаның еңбектегі жемісті жылдары осы кезден басталады. Ол қызмет пен алған білімінің ара деңгейін өзара қабыстырып, нағыз шын, адал еңбекке кірісіп кетеді. Шынайы еңбек болмаған жерде – адам өзінің бағасын, адамдық қасиетін жоғалтатынын мейлінше ұғынады. Еңбек – адамның қолы жеткен қасиетін бір дәрежеде ұстап тұру үшін аса қажетті жағдай емес, оның адамның қолы жеткен қасиетін бір дәрежеде ұстап тұру үшін де маңызы зор екенін түсініп, білді де күндіз-түні еңбек етті. Шаршап, шалдықпады, ал «шаршадық» деген мұнайшы-жұмысшыларға дем беріп, рухтандырды. Сол кезде ғой, белгілі айтыс ақыны Сұраубай Үттібай баласының:
...Жұмысты Сафи оңғарды,
Қырандай қанат қомданды.
«Қайдан келген маман» деп,
Мұнайдың өзі таң қалды.
Қашатын мұнай қашпады,
Атқылауын бастады.
Қара майға шомылса да,
Жігітім тіпті саспады.
Белін буған бекемдеп,
Білімі терең екен деп.
Мәз болдық біз – мына жігіт,
Мұнайдың түбіне жетер деп, –
деген үш шумақ өлеңінің лезде жан-жаққа тарап кететіні. Сол кездерде ғой, «Сафи Өтебай баласының «көріпкелі» бар екен, қашқан мұнайдың алдынан шығып, дереу тоқтатады екен де, сол жерге мұнара орнатып, скважина жүргізіп, әп-сәтте қара майға қарық болатын көрінеді», деген лақап сөздің жел болып ұшқаны. Осындай жанкешті еңбектің нәтижесінде Сафи аға 1938 жылдың 24 маусымы күні небәрі 29 жасында Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланады.
Көп кешікпей өмірлік жан-жары Шарифаға үйленуінің өзі қызық хикая. Алғашқы танысқанына сегіз жыл болған қызынан «Оқуымды бітірдім, уәделі уақыт жетті. Мені келіп алып кетуіңе болады», деген хат алғандағы сезім шаттығы шығарманың шырайын келтіріп тұр. Енді сол бір ләззатты сәттегі жолдардан үзінді берсек:
«...Біз Шарифа екеуміз Орал қаласында табыстық. Оралда бір күн болып, қаланы аралап, шағын жолдас-жоралармен той-думан жасадық та, екінші күні елең-алаңда Оралда Гурьевтің жолына түстік... Қалаға кіре бергенде-ақ Шарифа:
– Баяғы мақтаған қалаңыз осы ма? – деп күлді.
...Осы бір ауыз сөз сол бір алғашқы сыр ашысқан кешті қайтадан есіме түсіріп онсыз да алып-ұшқан жүрегімді елжіретті.
– Туып-өскен, кіндік кесіп, кір жуған жерін дәріптемейтін адамда отандық сезім бола ма? – дедім мен. Шарифа келісті ғой деймін, жымиған қалпы жан-жағына қарап, үнсіз отыра берді...».
Беріректе Сафи ағамен ауызекі әңгімеде: «Машинаның ішінде Шарифа менің иығыма маңдайын сүйеп, – Сафи, маған арнап бір шумақ өлең шығаршы? – дегені. Мен: – ән салайын, – деп едім, ол: – жоқ, өлең шығаршы, – деп өтінді. Мен кідірместен:
Шарифа, ай нұрындай аппақсың-ау,
Сөздерін «Қыз Жібектің» жаттапсың-ау!
Қыз Жібектей сұлу қыз бола тұрып,
Сафидан артық жігіт таппапсың-ау, –
демесім бар ма, «ойпырм-ай, өзің суырып салма ақын екенсің ғой», деп Шарифа ішегі қатқанша күлген», дейтін.
Кітап – Сафи ағаның әр жылдары жарық көрген «Асулар арқылы», «Өмір мұраты», «Өскен орта» кітаптары бойынша жинақталып, ықшамдалып басылса да нәрлі де сәнді шыққан. Әсіресе, кітаптың безендіріліп, айшықтандырылуы, көркемделуі ерекше ілтипатқа ие. Материалдардың берілуі, терімі, аса сауатты деуге әбден болады. Мол тәжірибесі бар оған сай мамандарды да іскер, бүгінгі баспаға деген жоғары талап-тілектерге, сұраныстарға толықтай жауап беретіні қуантады бізді. Бұл баспаға: мәртебең биіктеп, мерейлене бер демекпіз.
Кітаптың өнебойы Сафи аға туралы келісті ойлар, жақсы сөздер, пікір, лебіздер... Әсіресе, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевтың; ардагер энергетик Қалабай Төлегеновтің; журналист Сауытбек Абдрахмановтың; мұнайшы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рахмет Өтесінұлының; Мұқтасын Сухамбердиевтің; профессор Өмірзақ Озғанбаевтың; мұнайшы, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Шырдабаевтың; Сайлау Жылқайдаровтың; Болат Өтебаевтың; Гүлнара Тауманованың; Қалабай Төлегеновтің; Светлана Өтебеваның; жазушы Мереке Құлкеновтің мақалалары оқырмандарды сүйсіндіретін, шынайы, дерек-дәйектері толымды және Сафи ағамызды көз алдымызға елестететін дүниелер.
Кезінде Сафи ағамен кездесіп, сұхбаттасып, өзім қызмет істейтін «Мәдениет және тұрмыс» журналына көлемді материал жазғаным бар. Шарифа апайдың қолынан бірнеше рет дәм де татқанмын. Бір кездескенде мен ағадан:
– Сізді Лениндік сыйлыққа ұсынып, сосын сызып тастапты дейді, рас па? деп сұрадым.
– Мұндай сұрағыңа қайырар жауабым жоқ, – деді ол.
– Сізді Социалистік Еңбек Ері атағына да ұсынып, сосын, – деп кідірістеп едім, – Мұндай сұрағыңа да қайтарар жауабым жоқ, – деді ол.
Саналы өмірін елім, жерім, халқым деп, сол үшін бар қайрат-жігерін, білімін ортаға салған Сафи ағаға қандай құрмет көрсетсек те, артық емес. Мына кітап соның бір парағы іспеттес.
Кітапты құрастырған Светлана Өтебайқызына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сіздің мына еңбегіңізге әке рухы риза шығар, жолыңыз бола берсін! Ендігі сөзімізді талантты ақын Темірхан Медетбектің арнау өлеңінің бір шумағымен аяқтасақ:
Сафи аға! –
Білеміз! –
Еліңменен біртұтас
Өткен жолың бір ғасыр!
Қазақ үшін мәңгілік
Бәйтеректей биіксің,
Бәйтеректей тұлғасың!..
Марат МӘЖИТОВ,
жазушы.