Еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың бірі деп экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Қуаныш Қабиденұлы Абуовты мақтанышпен айтуға болады. Ол 1946 жылы 14 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының Жұмысшы ауылында көп балалы отбасында дүниеге келді.
Орта мектепті тәмамдаған Қуаныш Қабиденұлы 1962 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Оны «ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 1967 жылы аяқтады. Содан соң Целиноград облысының «Лавровский» совхозында, кейін Көкшетау облысының «Сырымбет» совхозында бас инженер болып жұмыс істеді. Осы қызметте жүргенде түрлі ауыл шаруашылығы машиналарының іркіліссіз жүруіне көп еңбек сіңірді. Машина-трактор паркінің қалыпты жұмыс істеуіне, өндірістің тиімділігін арттыруға ықпал етті. Бұл Қуаныш Абуовтың ғылым жолына соқпақ салған алғашқы қадамы еді.
Білімін одан әрі тереңдетуіне байланысты 1971 жылы Қуаныш Қабиденұлы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының аспирантурасына қабылданды. Арада үш жыл өткеннен кейін экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін ойдағыдай қорғады. Осы уақыттан бастап бүкіл ғұмырын ғылым жолына арнап, педагогикалық қызметтен де қол үзген жоқ.
Ол 1975-1980 жылдар аралығында осы институт ректорының сырттай оқу бөлімі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Аталған уақыт ішінде сырттай оқу бөлімінің жұмысын барынша жандандырды. Сөйтіп оқу үдерісін, білім сапасы мен үлгерімін жетілдіріп қана қоймай, сырттай оқу факультетінің ашылуына негіз қалады.
Біраз жыл экономикалық кибернетика кафедрасының меңгерушісі, кейін экономика-математикалық модельдеу кафедрасында оқытушы қызметін атқарады. Курстық және дипломдық жұмыстардың жазылу тәртібін, оқулықтар мен оқу құралдарына қойылатын талаптардың, өзара сабақ алмасудың әдіс-тәсілдерін, біліктілікті көтеру мен ғылыми жұмысты жетілдірудің жолдарын қарастырды. Осы кезеңде 35 кітап, оның ішінде 10 монография мен 25 оқу құралын дайындады. 1991 жылы жазылған «Экономика-математикалық әдіс» атты кітабы Қазақ КСР Білім министрлігінің ұсынысымен басылып шықты. Бұл кітап ЖОО экономика факультеті студенттерінің негізгі оқулығына айналды.
Қуаныш Қабиденұлы тоғыз жыл бойы экономика факультетінің деканы болды. Аталған қызметті абыроймен атқарып, ұжымның жоғары жетістіктерге жетуіне күш-жігерін аямады. Қашанда ізденіспен жүретін ол осылайша үлгі танытты. Оқытушылар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары жемісін берді. Оқытудың барлық талаптары бойынша экономика факультеті алдыңғы орынға шықты. Тәрбие беру мәселесіне орай өз ұсынысын батыл енгізді. Мәселен, студенттер жатақханасында өзін-өзі басқару жүйесін құрды. Факультеттің шығармашылық және спорттық жетістіктері де айтарлықтай өсті. Бір сөзбен айтқанда, барлық мәселе оң шешімін тапты.
Ал 2005-2009 жылдар аралығыда Қуаныш Абуов Көкшетау қаласындағы жеке оқу орнының шақыруымен ректор қызметін атқарды. Мол тәжірибесінің арқасында аз уақытта университеттің ғылыми әлеуетін көтерді. Оның іскерлігі нәтижесінде 13 ғылым докторы мен профессор, 46 ғылым кандидаты мен доцент қызметке тартылды. Университетте істеген төрт жылда көптеген оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтар жазылды, ондаған зертханалар мен арнайы жабдықталған кабинеттер ашылды, компьютерлік база толығымен жаңартылып, оқу орнының екінші қабаты тұрғызылды.
Осыдан алты жыл бұрын Қуаныш Қабиденұлы Қазақ агротехникалық университетіне оралып, кафедра профессоры лауазымына тағайындалды. Тәжірибелі ұстаз ғылыми-зерттеу және оқу-тәрбие қызметіне кірісіп, көптеген мақала, экономика мамандығы бойынша магистранттарға арналған бір оқулық, техника саласындағы докторанттарға арналған екі оқу құралын және оқу-әдістемелік нұсқауларын баспадан шығарды.
Қуаныш Қабиденұлы өз ғылым мектебін қалады. Ол 4 экономика ғылымдарының докторын, 3 PhD докторын, 26 ғылым кандидатын дайындап, қазір 2 магистрантты оқытып жатыр. Ғалымның тәлімін алған шәкірттері бүгінгі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, Павлодар заманауи университетінде, Павлодар педагогикалық университетінде, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, Көкшетау гуманитарлық-техникалық университетінде, Шымкент, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарында және Моңғолиядағы беделді университетте, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда қызмет етеді.
Ғалым-ұстаз қоғамдық негізде Білім және ғылым министрлігі Бақылау комитетінде экономика мамандықтары бойынша сарапшылар кеңесін басқарды, Қазақстан мен Германия арасындағы үкіметаралық келісімге сәйкес ауыл шаруашылығындағы нарықтық экономиканың дамуы жөнінде ғылыми жұмыстарды үйлестіріп, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің диссертациялық кеңесіне жетекшілік жасады.
Қуаныш Қабиденұлы 170-тен астам ғылыми еңбек жазды, оның ішінде 10 монография, 30 оқулық пен оқу құралдары бар. Оның еңбектері тек Қазақстан ғылымы аясында ғана емес, шетел оқу үдерісінде қолданылады.
Ғылым саласындағы оқу-әдістемелік, тәрбие жұмыстары үшін Қуаныш Абуов «Қазақстан Республикасының білім үздігі», «Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті ұстазы» төсбелгілерімен, «Жоғары оқу орнының құрметті қызметкері» атағымен марапатталды. Бұдан бөлек басқа да сый-сияпаттарға ие болды. Қуаныш Қабиденұлы жетпіс жылдық мерейтойына зор табыспен келіп отыр. Бұған оның атқарған адал еңбегі дәлел. Ол өнегелі шаңырақтың отағасы. Отанасы Ғалия Қабиденова мектепке дейінгі тәрбие беру саласында көп жылдар бойы жұмыс істеді, қазір зейнет демалысында. Отбасында үш баланы үлгілі етіп өсірді. Олардың бәрі жоғары білімді мамандар. Балаларынан өрбіген немерелерін өбіп, қызықтарына тоймайды.
Қуаныш Қабиденұлы қашанда халқына аянбай еңбек етіп, ел игілігін еселеу жолында талмай ізденіспен келе жатқан ғалым. Ендеше, ұлағатты ұстаз, ардақты азаматқа алдағы кезде де биік белестерден көрінуіне тілектеспіз.
Айтжан ӘБДІРОВ,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университетінің бірінші проректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор.