13 Қаңтар, 2016

Адам әлеуеті – бай әлеует

1300 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Слайд1-1Қаншама дағдарысты кезең дегеннің өзінде ел экономикасы дағдарысқа ұшырап қалған жоқ. Ол үздіксіз алға даму, өсу, жылжу үстінде. Өзгерістер қамында. Бұл өз кезегінде, Елбасы атап көрсеткендей, елдегі еңбек қатынастарының жаңа түрін қалыптастыруды қажетсінеді. Мұның өзі мейлінше тың әрі соны, бұған дейін беттесіп көрмеген үдеріс деуге болады. Сондықтан, бұған айрықша әрі жан-жақты көзқарас қажеттілігі айқын байқалады. Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жанболат ИМАНҒАЛИЕВПЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді. – Жанболат Ғайнешұлы, біздің бүгінгі сұхбатымыздың кіріспе сөзінде қойылған мақсатты жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі қабылданғаны белгілі. Осыған байланысты алда тұрған міндеттерді қалай тұжырымдай аласыз? – Жаңа Еңбек кодексі еліміздегі еңбек қатынастарын егжей-тегжейлі, жан-жақты әрі терең түрде бейнелей алатын қабырғалы құжат. Бұл кодекс қоғамдық өмірге жол тартпас бұрын бірнеше дүркін сүзгіден өткізіліп, жеті рет өлшеніп, бір рет кесілгенін, сөйтіп еңбек қатынастарын реттеуде барынша тиімді түрге түскенін айқын аңғара аламыз. Еңбектің аты қай кезде де, қай елде де тек еңбек болып қалады. Еңбек шекараға бөлінбейді. Сондықтан жаңа Еңбек кодексі әзірленген кезде Халықаралық еңбек ұйымы мен еңбек стандарттарына сәйкес тұтастай тараулардың әзірленуі, қажет жерінде бұған қазақстандық ерекшеліктің сыналанып, енгізіліп отырғаны оның құндылығын одан әрі биікке көтереді деп түсінемін. Алдағы міндет осы кодекс талаптарына сәйкес жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ұжымдық келіссөздерін бір арнаға тоғыстыру деп есептеймін. Сондай-ақ, мұнда еңбек шарттарына қатысты да жаңа жағдайлар қарастырылған. Еңбек шарты дегеніміз өзгермейтін, қатып қалған нәрсе емес. Түпкі нәтиженің жемісті болуы үшін бұл тетікті икемдірек, ыңғайлырақ, екі жаққа да тиімдірек жасауға болатыны анық. Мемлекет басшысы еңбек ұжымдарына өзін-өзі басқару жүйесін енгізу бойынша шаралар жүргізу керектігін ұсынған екен. Іске басшылықтың бір мысалы осы арадан табылады. Өйткені, бұл халықаралық тәжірибеде өзін-өзі ақтаған тәлімі мен тағылымы мол іс болып табылады. – Мемлекет басшысы Ұлт жос­парын практикалық тұрғыдан іске асыру үшін қойған кең ауқымды бағдарламасында әлеуметтік көмек көрсетуді одан әрі оңтайландыру туралы айтыпты. Бұған не дейсіз? – Ел болған соң, мемлекет болған соң мемлекет қамқорлығына зәру мұқтаж жандар болмай тұрмайды. Бұл табиғи заңдылық. Оларға көмектесу парыз. Мұның басты жолы Елбасы атап көрсеткендей, жүйені оңтайландыру. Мұны барынша тиімді түрге түсіру. Мұндай міндеттің іске асуы қазақстандық қоғамның ізгілігін көтере түседі. Бұл арада әлеуметтік көмек көрсету жүйесі дегеніміз оңды-солды шүлен тарату емес екенін терең түйсінгеніміз маңызды. Мұндай қолдау ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен отбасыларға көрсетілетін болып белгіленуі өте әділетті деп білемін. Сондай-ақ, мұндай топтағы отбасылар осы көмекті үздіксіз ала береді деген де ұғым тумаса керек. Яғни, оларды өз кезегінде жұмыспен қамту мәселелері де ойластырылғаны жөн. Біздің басқарма ұжымы алдағы уақытта осыған орай әлеуметтік келісімшарттың бекітілуіне ықпал етуді ойластырып отыр. Сонымен бірге, кешегі күннен бастап ой-санамызға әлеуметтік бейімделу бағдарламасы деп аталатын тіркес енгізіліп отыр. Әлеуметтік көмек көрсетудің мұндай түрлері мен қағидаттарын енгізу бәрімізге жаңа, тың міндеттер жүктейді. – Президент бекітіп берген Ұлт Жоспарының жаңа қырының бірі – адам әлеуетін дамытуға инвестиция салу. Мұны қалай түсінесіз? – Адам әлеуетінің, яғни адам қабілетінің мүмкіндігі аса жоғары. Бірақ көп жағдайларда адамдар осы мүмкіндігін пайдалана бермейді. Адам әлеуетін дамыту дегеніміз олардың бұған дейін кездесіп көрмеген тың істерге деген бейімділігін айқындау, жаңа істерге деген қабілетін ұштау деп түсінемін. Сонымен бірге, бұл қоғам үшін, әрі оның одан әрі өсіп-өркендеуі үшін де аса қажетті құндылық болып табылады. Сондықтан да Елбасы адам әлеуетін дамытуға инвестицияларды біртіндеп өсіріп отыру қажеттілігін атап көрсетті деп ұғынуымыз қажет. Бұған дейін экономикаға инвестиция тартылды деген тіркес құлағымызға әбден сіңісті болып қалған еді ғой. Қазір бұл ұғым кім-кімге де түсінікті. Бұл жолы оны Мемлекет басшысы адам әлеуетін дамытуға қатысты қолданып отыр. Сәл ой жүгірте қарасақ, мұның түсініксіз ештеңесі жоқ. Өйткені, экономика мен еңбек қатынастарының түп-төркіні бір. Екеуінің арғы астарында да адамдық әлеует тұрады. – Жұмыспен қамтудың жол картасының жаңа толқыны да осы жолғы Елбасы сөзінің басты бағытының біріне айналған екен. – Ойыңызды түсіндім. Ұша білер қанатқа қашанда дүние кең емес пе?! Еңбекке қабілетті адам үшін бүгінде елімізде барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. Біліктілікті көтеруге, шағын несиелер алуға, осы арқылы ерен еңбектің екінші тынысын ашуға кең жол ашылған. Жұмыспен қамтудың Жол картасының жаңа толқыны бізден осы жұмыстарды жүйелірек, жітірек, жаңаша көзқарас арқылы мүлтіксіз жүргізуді талап етеді. Әрі бұл, Елбасы айтқандай, дағдарысқа байланысты күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды еңсерудің басты жолы да. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.