20 Қаңтар, 2016

Институттық реформалар – әрбір қазақстандықтың игілігі

239 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстан – буыны бекіп, сүйегі қатып үлгермеген организм емес. Жас мемлекет шиыршық атып үнемі қарқынды даму үс­тінде келеді. Әдетте қандай да бір мемлекетке халықтың өмі­рін мәніне келтіріп көркейту үшін белгіленген регламенттегі нормативтік-құқықтық құжаттар қажет. Қазақстан ондай құжаттар арсеналымен қаруланған алдыңғы республикалар қатарында келеді дер едім. Қазіргі ең қиын кезеңнің өзінде де республика басшылығы икемді саясат ұстанып, уақыт ұттырмай ең тиімді жол тауып, әлемдегі ең озық 30 елдің қа­тарына кіруге құлшыныс танытуда. Осының өзі жас мемлекеттің алға адымдай қарыштаған бел­сенділік ұмтылысының шынайы көрсеткіштері емес пе?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың белгілі мақа­ла­сында мәлімдегеніндей, 5 инс­титуттық реформа кезең-кезеңмен жалғасып, жүзеге асу үстінде. Сонымен қатар, ол бір мезетте орындалуға тиісті үде­ріске ұласып отыр. Мұндай ғаламдық мәні бар ауқымды жоба белгілі бір дәрежеде күш жұмсауды, техникалық дайындықты талап етеді. Қалай десек те, алғашқы баспалдақтармен жоғары қа­рай өрмелеген алғашқы қа­дам­дар басталды. Мемлекет бас­­шысының кешегі Жолдауы мен жыл басындағы мақаласы қазақстандық арманға бастайтын Ұлт Жоспарының көкжиегі алыс­ты меңзейтіні осыдан-ақ бай­қалады. Өйткені, институттық реформаның барлығы да айналып келгенде қатардағы қазақ­стандықтың игілігіне қызмет ететін игі шаралар. Бөле-жара байқасақ, біздің қазақстандық патриоттық ак­ті­­­нің өзге мемлекеттерден айыр­машылығы да бірден көзге ұрып тұр. Мұндай ерекше бей­бітшіл, азаматтық тұрғыда қайы­рымды, ерекше мейірімді құжат Жер бетіндегі бірде бір мемлекетте жоқ шығар. Бұл құжаттың ерек­­шелігі – әлдеқандай да бір сырт күштерден қорғануды талап етпейді. Керісінше, Қазақстандағы барлық этнос пен әлеуметтік топтың басын біріктіруге күш салады. Маңызды құжаттың міндеті – елдегі барлық халықтың іргесін нығайтып, басын біріктіруге негізделген. Қазақстандық келі­сім мен этносаралық тұрақ­ты­­лық – әлемдік мәртебедегі нағыз бренд үлгісі. Өз басым мұны Қазақстаннан үлгі алуға құлшынған, оның осы саладағы тәжі­рибесін үйретуге ынта таныт­қан өзге мемлекеттерге көрсетер нағыз бейдж маркет деп санар едім. Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше екпін беріліп келетінін жақсы білеміз. Реформалар аясындағы жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – «Үлкен ел – үлкен отбасы». Мұн­­­дай құбылыс тек қана аса үлкен отбасында, яғни Монтесори жүйесіндегі – әркімге өз рөлі мен өз ережесін екшеп бергенмен теңдей. Оның сондайлық оңды құрылым екенін түсінудің өзі де ғанибет. Жалпы, Елбасының шешендік сөздерін, жолдаулары мен мә­лімдемелерін, оқып, талдап отыр­ған адам Президенттің ел­дегі болып жатқан барлық оқиғалардан құлағдар әрі ол үшін ешқандай да ұсақ-түйек мә­селе жоқ екенін бірден ұғар еді. Президент елде ғана қабылданған заң аясында тиянақты да мұқият жұмыс істеуді талап етіп келеді. Адам тағдыры қашан да жауапты міндеттер жүктейтінін әркез есте ұстау абзал екенін де ұмытпай еске салады. Ал ол ілімнің түбіне жету үшін тек қана білімді болу жеткіліксіз, бұл арада жинақталған тұрмыстық азаматтық тәжірибенің молдығы, оқиғаның мән-жайына қанық болу жайы ерекше рөл атқарады. Президент мақаласының ерекше мән берерлік өзекті бағыты осыны анық жол көрсетіп меңзейді. Мәселен, өздеріңіз зер салы­ңыздаршы... Қазіргі таңда екінің бірі мемлекет тарапына түскен табыс пен шыққан шығынның декларациясын өткізу туралы мәселеге аса мән бере қойған жоқ. Заң бойынша мемлекеттік қызметтегі әрбір азамат өзінің табысын көрсетіп, декларация толтыруы шарт. Ал 2020 жылдан бастап декларация толтыру жаппай бәрімізге қатысты болады, ендігі жерде декларациядан тыс қаншама шығын жасайтынымызға дейін айқындалуы тиіс. Демек, елеулі шығынға қаражат жұм­саған адамның табыс көлемі де белгілі болу шарт қой. Былайша айтқанда, бұл дебит пен кредиттік сәйкестендірілу деген сөз. Сол секілді Президенттің мү­­­лік­ті жария ету мен мүлікті заңдастыру керектігі туралы мерзімді биылғы – 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін созуының да маңызы айрықша. Президент атап өткендей, ол үшін елімізде де, шетелде де заңдастыратын мүлік те, қаржылық қор мөлшері де баршылық. Қазіргі экономикалық қалып­тасқан жағдайға байланыс­ты барлық ресурстарды жүйелеп, оны тиімді пайдаланудың да маңызы зор. Мәселен, Жер ко­дек­сіне енгізілген түзетулер тұр­­ғысына тоқталайық: жаңа құжаттық талаптар бойынша шамаң жетсе орасан жер көлемін сатып алуға, сол секілді жалға берілген жер телімін сатып алуға немесе 10 жылдың ішінде бөліп-бөліп төлем жасауға болады. Ел үшін өте маңызды оқиға емес пе, өйткені, Жер стратегиялық көрсеткіштер қоры болып саналады. Ендеше, Қазақстанның әрбір азаматына жерді сатып алып, отбасын өркендетуге жол ашылды. Сол арқылы тұрмысын көтерсін. Осы орайда, «Нұрлы Жол» бағдарламасының маңы­зды­лығына да ерекше тоқталып өтер едім. Бұл да Қазақстанның соңғы кезде ерекше леппен жүзеге асырып жатқан бірден бір маңызды бағдарламасы санатына кіреді. Жол құрылымдарын жақсартып, автомобиль мен теміржол арқылы жүк тасымалдау ісі де күш алып, дами бермек. Айналып келгенде, мұның барлығы да табыс көзі, халықтың игілігі, мемлекеттің қуаты болып саналады. Мақалада көрсетілгендей, елі­міздің жаңа сатыға көтерілуі – біздің әрқайсымыздың, әрбір қазақстандықтың қолында еке­нін түсінетін кезеңді бастан өткерудеміз.  Мәдина НҰРҒАЛИЕВА, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі.