Тұңғыш Президентіміздің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты биылғы Жолдауы әлемдік дағдарыс кезінде халықтың болашаққа деген сенімін күшейтті. Халықтың санасына қозғау салды, жұмысқа деген ынтасын арттырды.
Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының «Дағдарыстың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұлт болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығын жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер» дегені дағдарысты бүкіл Қазақстан халқы болып еңсеретінімізді және еліміздің жаңаша дамып нығая түсетіндігіне көзімізді жеткізді.
Ал, Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы бүкіл Қазақстан азаматтарының көкейінен шығып, өмірге деген сүйіспеншілігін арттырып, Отанын қастерлеуге ұмтылдырып, нақтылап көрсетіп берген жоспарын бұлжытпай орындап, адал еңбек жасауға жұмылдыра түсті.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бұл Ұлт Жоспары қағаз күйінде жай сөз, арман болып қалмай оны орындаудың тетігі көрсетілген 59 заң күшіне енді. Бүкіл әлем Қазақ елінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай көшбасшылығымен айқын бағыты белгіленіп, соның аясында дамып келе жатқанына және қуатты да сенімді мемлекет екендігіне көз жеткізіп, құрметпен қызыға қарайды.
Бес халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары әр қазақстандықтың өз ісіне берік және ел болашағы үшін еңбек күресіне кірісуге, жауапкершілікке, нәтижелілікке, еркіндікке баулып шыңдайтынына кәміл сенемін.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көптілді білім беру институты – шетел тілі мамандарын дайындайтын қазіргі өмір талабына сай жұмыс жасап жатқан оқу орны. «100 нақты қадамның» 79-қадамында айтылғандай бұл институт ағылшын тілін деңгейлеп меңгертіп, үш тілде еңбек рыногында бәсекеге түсе алатын, жаңаша тұрпатты, білікті де жаңашыл креативті кәсіби мұғалімдер дайындауда. Тіл үйрену жай ғана сөз жаттау емес, тіл арқылы сол тілде сөйлейтін халықты тану, оның өткен өмірі мен бүгінгісін, әдет-ғұрпын және оның санасын тану. Ағылшын тілін меңгеру арқылы әлемді танимыз және әлемге өзімізді сол тіл арқылы танытамыз. Бұл туралы Елбасы өз мақаласында анық айтты. Алда тұрған міндетті нақты көрсетті. Біз соны іске асыруға тиістіміз.
Таңат АЯПОВА,
көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының академигі.