21 Қаңтар, 2016

Басым бағыттар

608 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мырзагелді КемелЕлбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласына орай ой Жыл басында Елбасы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты бағдарламасын жария етті. Президентіміз тарапынан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары 2015 жылы ұсынылған болатын. 30 қарашадағы Президенттің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да бұл жоспар нақтыланған. Ендігі мәселе жаңа жылдың басы – жоспарды орындаудың практикалық кезеңі болғандықтан, алдағы тұрған мақсаттар мен міндеттерді одан әрі нақтыландыра түсетін кез келді. Мұнда қандай мәселелер айтылды? Алдымен осы реформаларды жүзеге асыруға бағытталған 59 заң­ның қабылданып, қолда­нысқа енгізілгені, бұдан былай реформаларды жүргізуге құқықтық кедергі жоқтығы аталып өтілді. Бірінші, мемлекетті кәсіби­лен­діруге қатысты реформадағы міндеттер. Бұл бойынша мемлекеттік аппаратты же­тілдіруге, тиімділігін арттыруға бағытталған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа нұсқасы қабылданды. Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің қыз­мет сатысында өрлеуі оның біліктілігі мен тәжі­ри­бесінің деңгейіне қарай анықталуы белгіленді. Мемлекеттік қызметшіге еңбекақы мен сыйақы төлеуде бұрынғы теңгермешіліктен ары­лып, оның атқарған нақты жұмысының көлемі мен сапасына орай анықталмақ. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу жүзеге асырылатын болды. Мемлекеттік қызмет туралы заңның не­гізгі нормалары құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты да қолданылмақ. Екінші реформа мәні құқық тәртібін және заңдылықты орнықтыруға бағытталған. Он­дағы нақтылықтар мыналар: – Жоғарғы Сот кеңесі түбегейлі өзгереді, оның ­өз аппараты, құрамы, өкілеттілігі нақты­ла­нады; – сот төрелігі бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге – бірінші, апелляциялық және кассациялық жүйеге көшеді; – ірі инвесторлар қатысатын дауларды шешуге арналған мамандандырылған алқа құрылады; – Сот жюриі түбегейлі қайта құрылып, ол судьялардың іс-әрекетінде Этикалық кодекс­тің бұзылу мәселелерін қарайтын болады; – соттардың төрағаларында басқа судьялар қабылдайтын шешімге ықпал ету мүмкіндігі жойылады; – мемлекеттік сот орындаушылары біртін­деп қысқартылып, жеке сот орындаушылары дамытылады; – жергілікті полиция қызметі құрылады. Үшінші реформаторлық бағыт – индус­трияландыру мен экономикалық өсімді қамта­масыз ету. – экономика қызметіндегі транзакциялық (мәліметтер қорының бүтіндігін қамтамасыз ететін операция) шығындар ұдайы қысқар­тылады. – Салықтық және кедендік жүйелер кірік­тіріледі, тексерулер оңтайландырылады, элек­трондық бақылау енгізіледі; – 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағаны реттеу алынып тасталынады, оның орны­на монополияға қарсы реттеу мен бақы­лау құ­рал­дары ғана пайдаланылады; – 2017 жылы 1,7 миллион мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық компаниялардың қызметкерлері деклара­ция­ла­нуға жататын болады, 2020 жылы барлық жеке тұлғалар декларациялаумен қамтылады; – шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) тәжірибесіне сай жүргізіледі; – 224 мың агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілері бар, солардағы жалға берілген 97,4 миллион гектар жерді өздері сатып алуына (оның үстіне кадастрлық құнының 50 пайызын 10 жыл ішінде бөліп төлеуге) мүмкіндік беріледі; – 102 млн. гектар запастағы жердің ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге болатын 85,3 млн. гектары аукцион арқылы сатылатын болады; – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» АҚ және «ҚазАгро» АҚ-тың мемлекет мен­шігіндегі аса ірі 65 компаниясы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» АҚ және «ҚазАгро» АҚ-тың құрамындағы 173 еншілес және тәуелді ұйымдар бәсекелестік ортаға берілетін болады; – тәуелсіз сот жүйесі, ағылшын тілін қол­дану және инвестициялық резиденттік қағи­да­тын енгізу құқығымен жаңадан құрылған «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұ­мысы жандандырылады; – 7 мың шақырым автомобиль жолдары қайта жаңғыртылады, олар ақы алу жүйесі бо­йынша жұмыс істейтін болады; – 2022 жылға қарай жол жүруден түскен алымдар 41 млрд. теңгені құрауы көзделуде; – Транзиттік тасымал 2020 жылы 33 миллион тоннаға (қазір 18 млн.), 2030 жылы 50 млн. тоннаға дейін ұлғайтылады; – Алматы қаласының маңында халық­аралық авиациялық хаб құрылады; – құрылыстың сметалық құнын анықтау ресурстық әдіске көшіріледі, сараптау ісі жеке секторға беріледі. Төртінші бағыт – ұлт бірлігі. – Бірлік жолы және аза­маттық біртектілік негізінде ұлттық дәйектілікпен қалып­тас­тыру үрдісі жалғасады. Бола­шағы Біртұтас Ұлтты дәйек­ті түрде нығайту жүзеге асы­рылады; – Қазақстан халқы Ассам­блеясының қызметі қазақ­стан­дық біртектіліктің негізі ретінде же­тіл­діріле түседі; – Мәңгілік Ел жалпыұлттық құндылық ретінде нығая түседі; – Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамы идеясы жүзеге асырылады. Бесінші реформа – Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет. «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Жыл­жымайтын мүлік орталығы», «Зейнет­ақы­лар төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» біріктіріліп, солардың негізінде «Үкімет – азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы құрылады; – барлық мемлекеттік қызметшілер өзде­рінің басшылығы бекіткен жеке жоспарлар бойынша жұмыс атқарады; – мемлекеттік органдардың бағдар­ла­малық құжаттарына ревизия және оңтай­ландыру жүргізіледі; – алдағы кезде бағдарламаларды жоспар­лау, әзірлеу және жүзеге асыру ЭЫДҰ ұсы­ным­дарына негізделген 5 шешуші қағидат – негіз­ділік, сабақтастық, транспаренттілік, мо­ни­то­ринг және бақылауды сақтау арқылы жасалады; – азаматтар мен заңды тұлғалардың сауалдары бойынша, мемлекеттік құпиялар мен өзге де заңдармен қорғалатын құпиялардан басқа, мемлекеттік органдардың барлық ақпа­раттарына қолжетімділік қамтамасыз етіледі; – 2016 жылдан бастап орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдарда автономды, дербестік, жариялылық, мерзімді ротация қағидаттарына негізделген жаңа Қоғамдық кеңестер құрылады; – 4500-ге жуық мемлекеттік функциялар бәсекелестік ортаға және жергілікті өзін-өзі бас­қаруға беріледі; – жақын онжылдықта жергілікті өзін-өзі басқару органдарына үш деңгейлі (2016-2017, 2018-2020, 2020 жылдан әрі қарай) қосымша өкі­леттіктер беріледі. Нақтылай түссек, жергілікті өзін-өзі бас­қару органы 2016-2017 жылдары: – аудан әкімінің өзінен төменгі әкімдіктер әкімі лауазымына ұсынатын кандидатурасы аудан мәслихатына және сайлау өткізуге енгізу үшін келісілетін болады; – әкімді босату туралы мәселеге бастамашы бо­ла алады; – аудан әкімі ұсынған қолма-қол ақшаның бақылау шоты есебінен алынған мүлікті иелік­тен шығару мәселесін қарайды; – өз аумағындағы жер телімдерінің пайдаланылуын бақылайды; – жергілікті жердегі мемлекеттік мекеме­лердің басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізе алады; – жергілікті өзін-өзі басқарудың салықтық әлеуетін, көлік және заңды тұлғалардан жер салығын алу құқын алу жолымен күшейтетін болады. 2018-2020 жылдары: – жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін аудан мәслихатына бекіткен соң оны өз бетінше саты­лап қалыптастырады; – әкімнің аудандық мәслихатқа бекіту үшін енгізген жергілікті қоғамдастық бюджетінің жобасын жиналыстың келісуі және олардың орындалуы туралы есепті мәслихатқа ұсыну үшін қолдайды; – жергілікті қоғамдастықтың коммунал­дық меншікті басқару мәселелерін қарас­тырады; – тұрғындары 2 мың адамнан асатын әкім­шілік-аумақтық бірлік үшін бюджетті аудан­дық мәслихаттың бекітуіне ұсынады; – «Жергілікті өзін өзі басқару комму­нал­дық меншігі» институты енгізіледі; – әлеуетін ұлғайту мақсатында селолық округтер деңгейінде әкімшілік-аумақтық бір­лік­ті нығайту мәселесін қарайды. 2020 жылдан бастап: – жергілікті өзін өзі басқарудың өкілді органы құрылады; – халқының саны 2 мың адамнан кем емес елді мекендерде жергілікті өзін өзі басқа­ру­дың дербес бюджеті енгізіледі; – қоғамдық маңызды мәселелерді қамти­тын жергілікті бюджеттердің жобалары бо­йынша азаматтардың ұсыныстарын жергілікті өзін-өзі басқару органы дербес қарай алады. Ел арасында, түрлі аудиторияларда болған кезімде: «Бұл мақалада бәлендей жаңашылдық таппадық» дейтіндерді кездестірдім. Сондық­тан «100 нақты қадамда» және Ел­басының соңғы Жолдауында айтылмаған ерекше өзгерістер жайында тыңдаушыларымды және оқырмандарды құлағдар еттім. Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы, профессор.