Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы болып, сайлау барысында байқаушылық қызмет атқаратын шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне рұқсат беру жайы күн тәртібіне қойылды.
Отырысты ашқан ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов күн тәртібіне екі мәселе шығарылып отырғанын айтып, алғашқы кезекте сөзді ОСК мүшесі Татьяна Охлопковаға ұсынды.
Т.Охлопкова алдағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс өтетін сайлауларында шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы қаулы жобасын ОСК мүшелерінің назарына ұсынды. Ол бойынша шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушысы мен шетелдік БАҚ өкіліне жеке басын куәландыратын құжаты бар бір аудармашы ілесіп жүре алады. Сонымен қатар, шетелдік БАҚ өкілінің еліміздің Сыртқы істер министрлігінен алынған аккредиттелгені туралы куәлігі болуы тиіс.
Ұсынылған қаулы мәтіні бірауыздан мақұлданды, ол бойынша шетелдік байқаушы үшін сауалдама мәтіні бекітіліп, оларды аккредиттеу мерзімі болып, 2016 жылдың 14 наурызы белгіленді.
Екінші мәселе – шығып қалған сайлау комиссияларының мүшелерінің орнына жаңа мүшелерді тағайындау бойынша ОСК мүшесі Бақыт Мелдешов сөз алып, «Сайлау туралы» Заңның 19-бабының 6-тармағының екінші бөлігіне және 8-тармағына сәйкес, Ортсайлауком сайлау заңнамасында белгілеген тәртіппен сайланғанға дейін шығып қалғандардың орнына Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі етіп Ж.Сариевті, Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының мүшесі етіп Р.Чагайды, Оңтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының мүшесі етіп О.Сағымбекованы тағайындауды ұсынды.
Ұсыныс бойынша дауыс беріліп, аталған азаматтар шығып қалғандардың орнына тағайындалды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».