23 Қаңтар, 2016

Сауалдама сайлаудың қажеттілігін көрсетті

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының атқарушы директоры Айгүл Сәдуақасова жүргізілген сауалдамаға қатысқандардың 96 пайызы кезектен тыс парламенттік сайлау экономикалық мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді деп санайтынын мәлім етті. «Бір апта бойы осынау өзекті мәселені барша қоғам талқылап жатыр. Біз респонденттерге Мәжілістің кезектен тыс сайлауына көзқарасы қандай екенін білуге тиісті сұрақтарды қойдық. Телефон арқылы жасалған сұхбатқа 1200 респондент қатысты. Әлеуметтік сауалдама Астана, Алматы және барлық облыс орталықтарын қамтыды. Біріншіден, Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу бойынша бастама қазақстандықтарға қалай әсер етіп, осы бастаманы қалай қолдап отырғандығы сұралды. Респонденттердің 93,6 пайызы бұл бастама уақтылы жасалды деп есептейді. Сонымен қатар, 97,2 па­йызы Елбасының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешімін қолдап отыр», – деді А. Сәдуақасова. Оның сөзіне қарағанда, респон­дет­тердің 95,4 пайызы Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін партиялар сайлау­шы­лар­дың сенім мандатын алуы керек екенін алға тартады. Сонымен бірге, сауал­дамаға қатысқандардың 90 пайыздан артығы кезектен тыс сайлау халқы­мыз­дың бірлігі мен топтаса түскенді­гін көрсететініне сенімді. Бұл, қазіргі күр­делі экономикалық жағдайда аса қажет, деген пікірлерін білдіріпті сұралғандар. Сондай-ақ, сауалдамаға қатыс­қандардың 97,2 пайызы Мемлекет басшысының сауатты, іскер және елдің мүддесін қорғайтын кандидат­тар депутаттыққа ұсынылуы керек деген пікірін қолдайтындарын айт­қан көрінеді. «Қорыта айтқанда, сауал­дамаға қатысқандардың 97,2 пайызы кезектен тыс парламенттік сайлауды өткізу экономикалық қиындықтарды шешуге ықпалын тигізеді деп отыр», – деді А.Сәдуақасова. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».