Қазақстанның коммунистік халық партиясы Мемлекет басшысының кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы Жарлығын қолдайтынын және партияның сайлауға түсетінін мәлімдеді.
«Дамудың қазіргі кезеңі жаһандық дағдарысқа тап болып отыр. Қиын-қыстау кезеңде мемлекет қандай жолды таңдауы қажеттігін және қандай партия сайлаушылардың сенімін ақтай алатынын анықтап алу керек, деді партияның ресми мәлімдемесін оқыған ҚКХП ОК саяси бюросының мүшесі Айқын Қоңыров.
Ал Қазақстанның коммунистік халық партиясының хатшысы Тұрғын Сыздықов сайлауға түсуге партияның дайындығын, ал Елбасы қабылдаған шешімді уақтылы әрі негізді деп санайтындықтарын жеткізді.
«Бүгін саяси бюроның отырысы болды. Онда біздің көптеген жергілікті коммунистердің хаттары бойынша, олардың жіберген, телефонмен хабарласқан жолдау-ұсыныстары бойынша біз партиямыздың алдағы сайлауға шығу жағдайын қарастырдық. Нәтижесінде, партиямыз сайлауға түседі деген шешім қабылдадық. Партиямыз сайлауға дайын. Біз үгіт-насихат жұмыстары барысында өзіміздің ұстаным, ой-пікірлерімізді халыққа жеткізетін боламыз. Ал енді саясат туралы айтар болсақ, Президентіміздің Жарлығын коммунистер қолдайды. Негізі Отанымызды жақсы көрген соң, Отанымызға сенім берік болған соң біз мынау дағдарыс жақсылыққа апармайтынын сезінеміз. Сондықтан, осы дағдарыстан шығу жолында басымызды біріктіріп, бәріміз ел болып жұмылуымыз керек. Тарихта да солай болған, біздің халық басын біріктіргенде ылғи жеңіске жеткен. Соған сай, біз Президентіміздің маңына топтасып, осы дағдарыстан шығуымыз керек. Жаңа Парламентті құру – бұл бір себеп, сондай-ақ, халық осы қиын жағдайда қай партияның ұстанымы орынды, қайсысына сенім артады деген оймен осы сайлауға шығайын деп жатырмыз. Біз 26 ақпанда алқалы жиын өткіземіз. Сонда съезге шақыратын мәселені қараймыз», деді Т.Сыздықов.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».