Кеше Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаевтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Елбасының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын кезектен тыс өткізу туралы Жарлығына байланысты «Ауыл» партиясының мәлімдемесі жария етілді.
Жиында Әли Бектаев «Ауыл» партиясының басшылары мен мүшелері депутаттардың бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін таратып, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын өткізу туралы бастамасына қатысты Мемлекет басшысының оң шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойғанын қуанышпен қабыл алғандарын жеткізді. Сондай-ақ, ол еліміздің экономикалық әлеуетін сөз ете келіп: «Бүгінде Қазақстан астық, дәнді-дақылдар, сүт-ет өнімдерінің, балық және басқа да азық-түлік түрлерінің ірі экспорттаушысына айналды. Десе де, жаһандық экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны қарсаңында біз өз болашағымызға, күшімізге сенімді болуымыз керек», – деді.
Сонымен қатар, спикер еліміздің алдында Президент ұсынған 5 институттық реформаны сәтті жүзеге асыру арқылы әлемдік дағдарыстың салдарын жеңілдету міндеті тұрғанына назар аудара келіп: «Мәжіліс депутаттарының сайлауын кезектен тыс өткізу және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын өткізу арқылы біз халық қалаулысы болуға ең лайықты, білікті, Қазақстанның нағыз жанашыр патриоттарын іріктей аламыз. Сонымен қатар, бұл – мемлекет құрылысының жаңа кезеңіндегі жаңадан жасақталған Парламентте өз қарым-қабілетін көрсету үшін өзге де партияларға беріліп отырған зор мүмкіндік», – деді.
Ә.Бектаев сөзінің соңын: «Осы орайда, ауыл жұртының, қарапайым шаруалар мен ауылшаруашылық тауар өндіруші кәсіпкерлердің партиясы ретінде Парламент депутаттарының дер кезінде көтерген бастамасын қолдаймыз және оған қатысты оң шешім қабылдаған Елбасына зор алғыс айтқымыз келеді», – деп түйіндеді.
Еске сала кетейік, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2015 жылдың 5 қыркүйегінде бұрынғы Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы мен «Қазақстан Патриоттары» партиясының еліміздің және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, біртұтас ұйымға бірігу туралы шешіміне сәйкес құрылған болатын.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».