Біздің мақсат – түрлі салаларда ұлттық мүддемізді қорғау, мықты мемлекет құру. Ол үшін баршаға белгілі, мықты экономикаға сүйену қажет. Қазіргі геосаяси күрделі ахуалда жауапты әрі тың шешімдерді қабылдау қажеттігі туындап отыр. Осындай ұсыныстың боларын сездік әрі дайын болдық. Себебі, қазіргі жағдайлар осындай шешімдерге үндейді.
Осылай деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев. Оның айтуына қарағанда, алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына партия тарапынан қызу дайындықтар жүріп жатыр. Осының алдындағы сайлау науқанында 10 бағыттан тұратын сайлауалды тұжырымдамамызды ұсынған болатынбыз. Сол сияқты, осы сайлауда да бірнеше бағыттар бойынша жұмыс істейміз, дей отырып олардың қатарында тәуелсіздік және ұлттық мүдде, нарықтық экономикаға бағытталған жекешелендіруді қолдау, жемқорлыққа қарсы күрес, шетелдік банктерге шығарылған қаражаттарды елге қайтару, демократиялық институттарды дамыту секілді ұстанымдардың бар екендігін айтты. Жалпы алғанда, кез келген партия сайлауға дайын болуы қажет. Және де сайлауға қатысу әр саяси партияның негізгі міндеттерінің бірі, деді А.Перуашев.
Сондай-ақ, ол әскери күштердің соғысқа қатысатындығы немесе соғысқа дайындалатыны секілді, партиялар да сайлауға дайындалатынын және оған қатысатындығын мысалға алды. Сайлауға дайындық жұмыстарының барысына кеңірек тоқталған партия төрағасы, бүгінгі күні партияның орталық аппараты мен облыстардағы филиалдары штаб құрып, онда басшылар тағайындалып, қызу жұмыс жасалынып жатқандығына тоқталды.
Партияның сайлауға қатысуы жөнінде шешім қабылдау қажет. Оны еліміздің заңына сәйкес басқарушы орган ретінде партия съезі шешеді. Бұл ретте съездің 3 ақпанда өтетіндігін мәлімдеген партия төрағасы халық қалаулыларына деген жұртшылықтың сенімі үлкен маңызға ие екендігін атап айтты. Сол себепті, алдағы сайлауға біздің партия жоғары дайындықпен бара жатыр. Бұл ретте жұмысымызды белсенді түрде атқарудамыз. Осы уақыттарда жергілікті жерлерде, облыстық және қалалық аймақтарда конференциялар өткізуіміз қажет. Қазіргі уақытта партия атынан сайлауға түсетін үміткерлердің тізімін бекіту жұмыстары жүргізілуде. Үміткерлеріміздің тізімі анық болғаннан кейін, сенімді өкілдерді бекітуге көшеміз, деді А.Перуашев.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».