25 Қаңтар, 2016

Өскеменде «Құнанбай» көркем фильмі көрсетілді (фото)

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Досхан-01ӨСКЕМЕН. 25 қаңтар. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен Өскеменде режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» көркем фильмі көрсетілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталған фильм «Қазақфильм» киностудиясы мен облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылы Абай ауданында түсірілген болатын. Сондықтан өткен жылы кинокартинаның еліміздегі тұңғыш тұсаукесері Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылы мен Семей қаласында ұйымдастырылды. Бұл жолы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың ұйытқы болуымен өскемендік көрерменнің назарына ұсынылды. «Юбилейный» кинотеатрында өткен көрсетілімге көрермендердің көп жиналғаны соншалық, олардың бірқатарына орын жетпей, еденге отырып көрді. Тұсаукесерге фильм режиссері әрі басты рөлде ойнаған актер Досхан Жолжақсынов та қатысты. Фильмнің алғашқы тұсаукесерін ел оқырмандарына «Егемен Қазақстан» газеті жеткізген болатын. Семей қаласындағы көрсетілімінен кейін «Экранда – Құнанбай» атты мақала ертеңгілік газетке жарияланды. Сондықтан, фильм жөнінде емес, фильмге деген көрермен ықыласы жөнінде әңгімелейік. Кинокартина шығысқазақстандықтардың көңілінен шықты. Фильм аяқталғанда залда жанған жарықтан көпшіліктің бұлаудай болған көздерін сүртіп отырғанын көріп, тың туындының өте әсерлі болғандығын байқадық. «Досхан ағамызға шығысқазақстандықтардың атынан көп рахмет айтамыз. Бүгінгі фильм, бір сөзбен айтқанда, тарихи ақиқаттың жеңісі! Құнанбай бабамыздың кесімді сөзі іспетті ақиқат пен әділдіктің де шығар биігі әрдайым жоғары болсын!», – деді фильмді тамашалауға арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов. «Досхандай талантты бауырымды қазаққа сыйлаған Аллаға, ата-анасына рахмет! Бұл кино көпті көргенімен басқаша оқып, зерделеген біздің мұқым қазақтың, алты Алаштың тарихын жетік біле бермейтінімізді көрсетті. «Біржан сал» фильмін де туған жеріне алып келіп көрсеткенде, қатысқан едім. Құнанбай бабамыз туралы кинодан нағыз қазақтың жүрек лүпілін көрдік. Осындай туындылар көбейе берсін!», – деді Өскемен қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев. Өзін «Абай ауданының тумасымын» деп таныстырған көрермендердің бірі фильмді көріп отырып, туған жеріне барып келгендей әсер алғанын, шынайы қойылған картинада образдардың ашылуы, әсіресе, Зере ананың болмысы көзге жас аларлықтай кесек сомдалғанын айрықша атап өтті. «Алаштың тау тұлғаларының бірі, қара қылды қақ жарып, әділдіктің сөзін сөйлеген Құнанбай атамыз туралы халық арасында теріс көзқарас, қасаң әңгімелер болғаны белгілі. Алайда, Тәуелсіздігімізбен бірге бұл түсінік те өзгеріп, Құнанбай атамыздың алғыр, шешен, халықшыл, елшіл болғандығы көркем фильмнен мәлім болды. Біз осы жолмен жүрсек адаспаймыз. Бүгін Елбасы айтқан «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолындағы жаңа мәнге ие фильмнің түсірілгенін көріп, қуандық», – деген Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Берік Кәдірұлы аталған университеттен фильмді тамашалауға 20-дан астам студенттер келгенін, картина жастардың жүрегіне жол тапқанын жеткізді. «Өнер адамы іштен шыққан шұбар жыланын алдарыңызға паш еткен кезде шынымен көкіректеріңізге жетіп жатса, әрине, рахмет! Мұнда бүгінгімен сабақтасқан талай астарлар жатыр, онсыз өнер болмайды», – деді Досхан Жолжақсынов. Режиссер фильмнің алдағы уақытта телеарналарда көрсетілетінін жеткізді. Көрсетілім соңы көрермендер мен кинорежиссер арасындағы еркін сұхбатқа, риясыз тілекке ұласты. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: Елжан Қайырханов. DSC_0397 Досхан-02 Досхан-03