АСТАНА. 25 қаңтар. Бүгін Астана қаласында 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру мәселелері жөнінде республикалық семинар-кеңес өтті. Бұл туралы inform.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Семинар-кеңестің жұмысына қатысуға облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, саяси партиялардың, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ, сайлау саласында қызмет ететін халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылды.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов қатысушыларды Комиссияның атқарған дайындық жұмыстары, қызметі және сайлау науқанының барысы туралы қысқаша ақпараттандырды. Сондай-ақ, төраға үміткерлер мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге теңдей мүмкіндік жасау қажеттігін атап өтті.
«БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстары тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін басталады. Атап айтқанда, саяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары 20 ақпанда, Қазақстан халқы ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткерлер үшін 6 наурызда, ал мәслихат депутаттығына кандидаттарға 24 ақпанда басталады. Үгіт-насихат жұмыстары басталғанға дейін саяси партиялардың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын жарнамалық материалдардың барлығына да партияның сайлау қорынан қаржы төленуі тиіс. Одан бөлек, сайлау алды үгіт-насихатты қамтитын барлық материалдарда қаржыландыру көздері туралы ақпарат болуы қажет», – деді Қуандық Тұрғанқұлов.
Еламан Қоңыр.
Дерек: inform.kz.
Сурет: election.kz.