25 Қаңтар, 2016

Ақмолалық жас спортшы Австрияда күміс медаль жеңіп алды

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

25-01-16-kinuarbek-1

КӨКШЕТАУ. 25 қаңтар. Ақмола облысының жас спортшысы Әлішер Қинуарбек Австрияда өткен VII Халықаралық балалар қысқы ойындарында шаңғы жарысынан екі бірдей күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы «Ақмола медиа орталығы» дерегіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жарыс Австрияның Инсбрук қаласында жалау көтерді. Ондағы «Olympia World» спорт аренасының аясында спорттың 8 түрінен 31 меадльдар жиынтығы сарапқа салынды. Бұлардың арасында тау шаңғысы, биатлон, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, коньки спорты, хоккей, фристайл және сноуборд болды. Осынау өзгеше фестивальге әлемнің 22 елінен жастары 12-15 аралығындағы 800-ге жуық талапкер қатысты. Ақмола облысы, Жарқайың ауданындағы Тасөткел негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Әлішер Қинуарбек өзіне артылған үмітті толығымен ақтады. Ол жеке жарыста мәре сызығын екінші болып кессе, эстафетада да әріптестерімен бірге сол деңгейден көрінді. Ал 5 шақырымға классикалық әдіспен жүгіруде бесінші болды. Оны бұл жарыстарға жеке жаттықтырушысы Фарид Башмаков дайындады. Жарқайың ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлжан Байегізованың айтуынша, бұл ауданнан еліміздің намысын 6 спортшы қорғаған. Еске сала кетейік, Халықаралық балалар ойындарының негізі 1968 жылы қаланған. Бақберген Амалбек. Дерек, фото: Ақмола медиа орталығы.