Тәуелсіздік алысымен еліміз өзіндік даму жолына түсті. Елбасымыздың сындарлы саясатының, ұйысқан бірлігіміздің арқасында әлемге танылдық.
Бүгінгі таңда жаһандық қаржылық дағдарыс пен дүниежүзіндегі саяси ахуал барлық мемлекеттерге өз салқынын тигізуде. Қым-қуат кезеңдегі дағдарыстан шығып, одан әрі қарай дамуымызда Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы, Индустрияландырудың екі бесжылдығы, 5 институттық реформа мен оны іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының алатын орны айрықша.
Әсіресе, Елбасымыз «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында 2016 жылдың 1 қаңтарынан 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын атап өтті. Шынында да, Ұлт Жоспарында мемлекеттің дамуын жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес белгілеу, оның ішінде мемлекетті кәсібилендіру, шығынсыз экономикаға қадам басу, инновациялық индустрияландыру негізінде елімізді тереңдете жаңғыртудың негізгі бағыттары жүйеленіп, атқарылатын нақты қадамдар көрсетілген.
Елбасымыз мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енгенін және олардың біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашатынын атап көрсетті. Алға мақсат еткен реформамыздың біріншісі «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру екенін көлденең тартты.
Қазір мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталып кетті. Елбасының Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасайтын, яғни жемқорлық көріністерінің барынша алдын алуға бағдарланған жүйе де жаңғыртылып отыр. Бұл жерде жемқорлықпен күрестің өзі барынша дәйекті бола түспек және жүйелі сипатқа ие болмақ.
Жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – кәсіби мемлекеттің, аппараттың, мемлекеттік басқарудың халыққа адал қызмет етуге бағытталған үлгісін қалыптастыру. Өйткені, дамуымыз ел басқаратын, елге қызмет ететін мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне тікелей байланысты. Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып, мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша жүргізіледі. Мұнымен қатар, мемлекеттік қызметшінің жұмыс тәжірибесі мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да қызметте көтерілу тек конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлерді тарту мүмкін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылып отыр. Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланғаны баршамызға белгілі.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30%-ға жоғарылады. Заңда саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан кезде мемлекеттік аппараттың автономдығы мен тұрақтылығы қағидаты нақты жазылды. Шенеуніктер ортасында этикалық нормаларды бұзуға әкелетін және жемқорлық құбылыстар туындататын жағдайлардың алдын алу бойынша қатаң шаралар қарастырылып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысының қалыптары регламенттелген Мемлекеттік қызметшілердің жаңа Этикалық кодексі қолданысқа енгізілді.
Сондай-ақ, Елбасымыз жаңа институт – этика бойынша өкілетті өкілдер институтын құруды көздеп, олар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететіні заңнамада көрініс тапты. «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның маңызды қыры оның құқық қорғау органдарына да қатысты болатынымен байланысты. Жаңа заң негізінде еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін жаңа біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша кешенді аттестаттаудан өткізу жоспарланып отыр. Қызметшілердің біліктілігін 3 жылда бір реттен кем болмайтындай етіп міндетті түрде арттырып отыру заң тұрғысынан бекітілді.
Жалпы, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші –түрлі сала қызметін іске асыратын тәуелсіз мемлекетіміздің негіз құраушы бөлігі.
«Қазір біз экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық модельдерін өлшем ретінде аламыз... Мен қазақстандықтарды Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!», – деді Мемлекет басшысы. Қазіргі жаһандық дағдарыстың салдарынан экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік қолдау толығымен көрсетілуде. Өңірлерді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, бәсекеге қабілетті өнімдер шығару жолында ауданымызда да көптеген жұмыстар атқарылуда.
Жалпы, Елбасының бағдарламалық мақаласы алда тұрған қиындықтарды жеңу үшін іргелі істерді атқаруға, туған Отанымыз үшін еселі еңбек етуге үндейді. Сондықтан, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жауап бере алатын кәсіби аппаратты құру бойынша алдымызда тұрған аса ауқымды міндеттер іске асқан мезетте мемлекеттік басқару жүйесіне деген халықтың сенімі ұлғая беретіндігі ақиқат.
Мұратхан ШҮКЕЕВ,
Байзақ ауданының әкімі.
Жамбыл облысы.