Президент Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарына сәйкес, орталық мемлекеттік органдарда осы қоғамдық институттың жаңа форматын құруды көздейтін «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданды.
Осы заң мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру бойынша мемлекет саясатын жүзеге асыруға, коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына кең араласуын қамтамасыз етуге бағытталған және қоғамдық кеңестер қызметінің құқықтық мәртебесін қалыптастыру және ұйымдастыру тәртібін анықтайды. Қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты қоғамдық маңызды мәселелер бойынша азаматтық қоғамның көзқарасын білдіру болып табылады. Ал оның міндеттеріне азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және өзара іс-қимылды дамыту, орталық атқарушы органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуде қоғамдық бақылауды ұйымдастыру жатады.
Бұл орайда аталған заңға сәйкес қоғамдық кеңестерді және олардың құрамын мемлекеттік органның бірінші басшысы басқаратын жұмыс тобы қалыптастырады. Азаматтық қоғамдардан жұмыс тобының мүшелерін іріктеу тәртібі, оны өткізу мерзімі, құжаттар тізбесі, жұмыс тобының өкілеттігі және өзге де мәселелер Үкімет бекіткен үлгі негізінде әзірленген Қоғамдық кеңес туралы ережеде анықталады. Осыған байланысты, қазіргі уақытта аталған заңға сәйкес ІІМ жанында Қоғамдық кеңес туралы ережені әзірлеу және сондай-ақ, Кеңестің құрамын құру бойынша жұмыс тобы құрылуда (толығырақ ІІМ-нің сайтында mvd.gov.kz).
«Егемен-ақпарат».