27 Қаңтар, 2016

Ұлыбританияда 100 жыл бұрын жазылған ертегі табылды

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
27-01-2016 beatrix potterАСТАНА. 27 қаңтар. Ұлыбританияның Лондон қаласында Виктория мен Альберттің мұражайынан ағылшын балалар жазушысы Беатрис Поттердің бұрын белгісіз болып келген «Етік киген марғау туралы ертегісі» (The Tale of Kitty-in-Boots) табылды. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Екі түрлі өмір иесі – қара марғаудың басынан кешкен оқиғалары туралы шығарма алғаш рет қыркүйек айында жарық көретіні белгілі болды. Жазушының мұрағаттарда сақталған хаттарына қарағанда ертегі аяқталмаған, дегенмен оның жұмыстарында І дүниежүзілік соғыстың басталуы, тұрмысқа шығуы және денсаулығына байланысты себептермен үзілістер болса керек. Сонымен қатар, Penguin Random House Children's (Пенгуин рэндом хаус чилдренз) баспа үйінің өкілі Джо Хэнкс ертегіні «Беатрис Поттердің үздік шығармасы» деп есептейді. «Онда, басқа ертегілерінен алынған айқын зұлымдық иелері мен жағымды кейіпкерлер кездеседі. Бәрінен тамашасы біздің жанымызға жақын сотқар Питер пайда болады, тек ол ересек тартқан және жайбасарлау», – дейді ол. 1914 жылы мектеп оқушысының үш дәптеріне жазылған шығарма бұрын Лондонда ешқашан редакцияланып, болмаса безендірілмеген екен. Енді соның сәті келген секілді. Ағылшын жазушысы Роальд Дальдың шығармасына арналған жұмысы бойынша танымал болған норвег текті Квентин Блейктің безендіруімен жарық көретін болады. Суретші өзіне бұйырған жаңа жұмысты үлкен сәттілік ретінде бағалайтынын айтып отыр. «Ертегі маған қатты ұнады және ол осы уақытқа дейін мені ғана тосып отырған секілді сезімде болдым», – деп ағынан жарылды. Аян Әбдуәли. Дерек: ТАСС. Сурет: spletnik.ru.