ТАРАЗ. 27 қаңтар. Өткен жыл Жамбыл облысының спортшылар үшін ерекше табысты жыл болды. Облыс спортшылары түрлі әлемдік және халықаралық жарыстарда 1128 медальға ие болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жамбыл облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбековтың айтуынша, жерлестеріміз әлем, Азия чемпионаттары мен кубоктарында 111 медаль, (52 алтын, 31 күміс, 28 қола жүлде), халықаралық турнирлерде 194 медаль (59 алтын, 52 күміс, 83 қола жүлде) және Қазақстан чемпионаттарында 823 медаль (347 алтын, 173 күміс, 303 қола жүлде) иеленіп, жылды өте табысты аяқтады.
Атап айтар болсақ, дзюдодан қазақ жастары арасында тұңғыш мәрте әлем чемпионы атағын жеңіп алған талантты жерлесіміз Елдос Сметовтың есімі ұлт спортының тарихына алтын әріппен жазылды. 2014-2015 жылғы маусымдағы Ұлттық лига командалары арасында «Тараз» волейбол командасы Қазақстанның ХХІІІ чемпионатының чемпионы және Қазақстан супер кубогының иегері атанды.
Сондай-ақ, өткен жылы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев екінші рет жеңімпаз атанып, Жамбыл облысы спортының атын биікке көтерді.
Ал, паралимпиялық спортшылар арасындағы Шотландияда өткен әлем чемпионатында Зульфия Габидуллина биылғы жылы Рио-де-Жанейрода жалауын көтеретін Паралимпия ойындарына қатысуға жолдаманы ұтып алды. Және ол Сочиде өткен ампутанттармен арбадағылардың Бүкіләлемдік ойындарынан 4 алтын медальмен оралды.
Сондай-ақ, ампутанттармен арбадағылардың арасынан Бүкіләлемдік ойындарда тағы бір дарынды жерлесіміз паратаэквондодан Өмірәлі Нышан чемпион атанды.
Сонымен қатар, бокстан Азия чемпионатында Олжас Сәттібаев бірінші орынды, ал Гузалия Гафурова ересектер арасында күміс жүлдеге, бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Хуршедшох Искандаров жүлделі екінші орынға көтерілді.
2015 жылы армреслингтен Антонина Лисянская мен Зайр Ахмедов әлем чемпионатында бірінші орынды иеленсе, Татьяна Верина мен Владимир Матченко екінші орынға шықса, бокстан әскерилер арасындағы Бүкіләлемдік ойындарда Асланбек Шымбергенов алтыннан алқа тағып, Жамбыл облысы бокс мектебінің бай дәстүрін жалғастырды.
Велоспорттан Дінмұхамед Ұлысбаев – жасөспірімдер арасында Әлем кубогының бір кезеңінде төртінші орынды иеленіп, Қазақстан велоспортының рейтінгісінде бірінші орынға орнықты.
Жүзуден жастар арасындағы Азия чемпионатында Әділ Қасқабай 3 алтын медальға ие болды. Нәтижесінде ұлттық құрама команда қатарына алынды.
Сонымен қатар, өткен жылы ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында біздің олимпиадалық үміткеріміз Жасұлан Қыдырбаев қола, кикбоксингтен Нұрдірдә Ералиев күміс жүлдегер атанды.
Ал, Атырау қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында ерлер арасында Бегәділ Шаймерденов бірінші орын, Аманғали Жартыбаев екінші орынды, әйелдер арасында Арайлым Шегенова бірінші орынды жеңіп алды.
Тағы да бір табысты көрсеткіш, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұлттық спорт түрлерінен ІV-ші республикалық фестивальда Жамбыл облысының құрама командасы асық ату, құсбегіліктен бірінші орынды және сәйгүлік байқауынан екінші орынды иеленіп, жалпы командалық есепте облыс құрама командасы үшінші орынға көтерілді.
Оралхан Дәуіт.
Дерек, сурет: egemen.kz