АСТАНА. 27 қаңтар. Бүгін Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Астананың «Барысы» Челябінің «Тракторын» қабылдады. Сайыстың плей-офф сатысына жолдама алу үшін барын салған астаналықтар ойын соңындағы буллиттен 5:4 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аталған матч лиганың тұрақты чемпионаты аясында «Барыстың» биылғы маусым барысында өз айдынындағы соңғы ойыны екенін атап өткен жөн. Кездесу айдын иелерінің шабуылымен басталды. Нәтижесінде 4-минутта ойыншы басымдығын жүзеге асырған астаналықтар Найджел Доустың көмегімен есеп ашты. Ал 13-минутта біздің команда сапынан Роман Старченко төреші белгілеген буллитті сәтті орындап, есепті еселеді. Арада төрт минут өткенде, «Трактор» ойыншы басымдығын пайдаланып, Андрей Попов мергендігімен көзге түсті. Алайда, 19-минутта Роман Савченко тағы да «Барысты» екі шайба айырмасымен алға шығарды.
Екінші кезеңнің алғашқы үш минуты елордалықтар үшін нағыз сын сағаты болды. Кезең бастала салысымен алға ұмтылған ресейліктер айналдырған 52 секундтың ішінде біздің қақпаға үш шайба енгізді. Алдымен, 23-минут басталған тұста тағы да бір ойыншысы артық болған «Трактор» хоккейшілері Антон Глинкиннің нәтижелі соққысымен екінші шайбаларын соқты. Арада бар болғаны 20 секунд өткенде, Мартин Ружичка таразы басын теңестірді. Осы голдан кейін «Барыстың» бас жаттықтырушысы Андрей Назаров қақпашы Ян Лацоның орнына Павел Полуэктовті шығарды. Дегенмен, Паша да айдынға аяғы тиген бойда қақпадан шайба алып шығуға мәжбүр болды. Яғни, Ружичканың голынан кейін 32 секунд уақыт өткенде, Максим Якуценя есепті «Трактордың» пайдасына 4:3-ке жеткізіп, командасын алға шығарды. Үзіліске дейін осы есеп сақталды.
Соңғы бөлікте «Барыс» ойыншылары сауатты қимылдады. Нәтижесінде 51-минутта Дастин Бойд қарсыластар қақпасын дәл көздеп, есепті теңестірді. Кездесудің негізгі уақытында есеп өзгермей, командалар овертаймда сынға түсті. Бұл уақытта да бірін бірі ала алмаған «Барыс» пен «Трактор» жеңімпазды анықтау үшін ойын соңындағы буллитке жүгінді. Ал аталған сында астаналықтардың жолы болып, «Барыс» маңызды жеңіске қол жеткізді.
Бүгінде «Барыс» 80 ұпаймен Шығыс конференциясында 7-орында келеді. Ал 8-орында тұрған «Автомобилисте» 79 ұпай болса, 9-сатыдағы «Нефтехимиктің» қоржынында 78 ұпай бар. Одан бөлек, бұл екі команданың бізден бір ойыны кем екенін де ескергеніміз жөн.
Енді елордалықтар лиганың тұрақты чемпионаты шеңберінде 5 кездесу өткізеді. Назар аударарлығы, бес ойын да қонақта ойналады. Сондықтан сайыстың плей-офф сатысына өту үшін біздің жігіттерге қалған әр матчтан ұпай алу керек.
«Барыс» келесі кездесуін 1 ақпанда Уфада жергілікті «Салават Юлаевпен» өткізеді. Ал тұрақты чемпионат 18 ақпанда аяқталады.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: hcbarys.kz.