28 Қаңтар, 2016

Барыңмен бөліс, жаныңмен түсін...

488 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_4212Облыс орталығындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітте «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық шарасы өтуде. «Мешітте әр жұма сайын өтетін «Ба­рыңмен бөліс!» қайырымдылық шарасы кезінде мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге, аз қамтамасыз етілген 25 отбасына ұн, макарон, өсімдік майы, қант, күріш, қарақұмық, халва, шай, ет және басқа да азық-түлік салынған сөмкелер берілді. Мүгедектің арбасы, жұмсақ жиһаздар табыс етілді. Бас имам Нариман Ермекұлының айтуынша, «Барыңмен бөліс!» қайырымдылық шарасы екі аптада бір рет арнайы тізім бойынша мұқтаж отбасыларға, көп балалы аналарға жиналған киім-кешектер үлестіреді. Өткен жылы 13 отбасына 275 мың 20 теңге қаржылай, 610 отбасына 440,325 теңге көлемінде материалдық және азық-түлік көмегі жасалған. Бұл шара жалғаса берді. Мейірім мен ра­­қымшылдықтан туындаған қайы­рымдылық атты асыл қасиет иесі болуға ұмтылайық», деп жазады мешіттің баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбай электронды пошта арқылы жолдаған ақпаратында. Бірде қалалық автобуста келе жаттым. Келесі бір аялдамадан ішке енген еуропалық өңді апай айналасына жалтақтай қарайды. Сөйткенше болған жоқ, кондуктор әйел қасына жетіп келді. – Қызым, мен ұмытып кетіппін... – дей бергені сол еді, ананың тарпа бас салғаны. – Ал, сонда мені кім аяйды?! Ұмытып кетіппін... Мен де жүрмін таң атпастан осы автобуста! Аяғым талып, шаршап! Ештеңе білмеймін, келесі аялдамадан түсіп қал! Бәрі осылай сылтау айтады! Автобус ішінде отырған орыс-қа­зағымыз аралас сол сәтте ақылдасып алғандай түгел ұшып түрегелдік. Бәріміз әлгі кемпірге қарай жақындадық. Сон­дағысы, бар-жоғы 20 теңге жетпепті жолақысына! – Міне, алыңыз, алыңыз, – деп бә­ріміз жан-жақтан әлгі апамызға 20 тең­геден, 100 теңгеден беріп жатырмыз. Кондуктор әйел бұлай болар деп ойламаса керек, қып-қызыл болып ұя­лып тұрып қалды. Көңілі жайланып, балаша қуанып, орындыққа жайғасқан әлгі апамыздың сонда айтқан «Әлі де қайырымды адамдар бар екен ғой...» деген сөзі есімде қалыпты. Ал, мешіт қызметкерлері «барыңмен бөліс» дейді. Қандай жылы, жүрек те­бі­рентер сөз. Қазіргі кезде жолшыбай көлікке отыру қауіпті. Сақтансаң – сақ­тайды. Бірде Мойылды демалыс үйіне шешемді апарып салып, қа­лаға қайтуға шағын автобус күтіп тұр­дым. Күн сал­қын әрі жаңбырлы еді. Аял­дамаға жа­қын жерде бір жас жігіт көлі­гіне отырып, жүргелі тұр екен. – Ренжімесең, қалаға дейін ала кетші, ақысын төлеймін ғой, – дедім қа­сына жүгіріп барып. Үндеген жоқ, жәй ғана басын изеді. Жол бойы бұл жігіт үн қатпаған соң мен де үндегем жоқ. Бір кезде барып, ашуланып бұрқ-бұрқ сөйледі. – Қашан осылар жолдарды дұрыстап жөндейді? Көліктен түк қалдырмайды мына тастар! Сізге қатты ыңғайсыз болса кінә менде емес! Қалаға жақын көшелер мынадай болса, ауылдарға не сорым енді! Германияның жолдарын көрсеңіз ғой, қолыңыздағы стакандағы су төгілмейді! – Ол жаққа барып па едің? – дедім. – Иә, Кельнде жолдасым тұрады. Біздің немістер ғой, қазақша ағып тұр, – деді. Сөйткенше, болмай, қалаға да келіп қалдық. Әңгімеміз аяқталмай, танысып та үлгермедік. Рахметімді айтып, ақысын ұсына беріп едім, «әпке, мен жолшыбай жүрген адамнан ешқашан ақша алмаймын. Сау болыңыз», – деп жүрді де кетті... Шешеміз алыста, Зайсанда тұрған соң жиі-жиі сәлемдеме салып, поштамен жіберіп отырамын. Алған күні-ақ телефон арқылы хабарласады. – Көрші қыз Қарлығаш поштадан алып келді. №36 деген шәйді қайдан алдың өзі? Қайтадан шыққан ба? Аңсаған, Қаныша барлық көршілер жиналып, сен жіберген сәлемдемені ашып, тәттілерден жеп, бұйырғанын бөлісіп, мәз-мейрам, Нұргүл дастарқан жайып, шәй ішіп отырмыз, – дейді шешем балаша қуанып. Адамдарды балаша қуантсаң, барыңмен бөліссең, бұдан артық не бар?.. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.