Кеше елордада еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік саясатының тиімді моделі» атты болып өтті. Аталған шараның Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бірлесе ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов Елбасының басшылығымен қазіргі заман талабына жауап беретіндей тиімді мемлекет, соның ішінде қоғамға және оның әрбір мүшесіне қызмет етуге бағытталған кәсіби мемлекеттік аппарат құрылғандығын ерекше атады. «Форумның Мемлекеттік басқару академиясының залында өтуінің нышандық мәні бар. Өз кезінде мұнда еліміздің дамуы мен нығаюына қатысты маңызды заң жобалары қабылданды», деді министр.
Т.Донақов, сондай-ақ, форум жұмысына Парламент Сенатының депутаттары, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызмет саласының басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен сарапшылар қатысып отырғандығын да қаперге сала кетті. Отырысқа модераторлық еткен академия ректоры Болатбек Әбдірәсілов еліміздің тәуелсіз де табысты болып аяғынан нық тұруы Мемлекет басшысының есімімен тікелей байланысты екендігін ерекше атады.
«Әртүрлі халықаралық деңгейдегі пікірталас алаңдарында ел Президентінің Қазақстанның жоғары әлемдік стандарттарға жетуіне бағытталған Бес институттық реформасы шеңберіндегі саяси бастамалары талқыланады және жоғары бағасын да алып жүр. Сондықтан да аталған форум мемлекеттік саясаттың тиімді моделін құрған Елбасының феномені мен тарихи рөліне арналып отыр», деді академия ректоры. Қазақстан Тәуелсіздігі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда бекітілгендігін тілге тиек еткен Б.Әбдірәсілов келесі сөзді аталған заң жобасын әзірлеушілердің бірі, қазір Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зинаида Федотоваға берді.
«Әлемнің көптеген елдерінің мемлекеттік қайраткерлері мен сарапшылары және ғалымдары әлі де жас саналатын Қазақстан Республикасының шешімді түрде тарихтың қалтарыстарында қалып қоймай, планетаның ең теңгерімді даму жолына түскен елдері қатарына барып қосылғандығы туралы ойларын жеткізуде», деп атап кетті З.Федотова. Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік даму тәжірибесі көптеген жас мемлекеттердің демократиялық өркен жаюына өзінің тиімді екенін көрсете алады.
Ал Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов әлем дамудың жаңа кезеңіне кіргендігін ерекше атады. «Мемлекеттер мен экономикалар арасындағы бәсекелестіктің жаңа деңгейге көтерілуі байқалуда. Сол себептен де елдердің бәсекелестікке қабілеттілігін анықтауда, өркендеуінде, дамуында ерекше орын алатын мемлекеттік қызмет те жаңа деңгейге көтерілуі тиіс», деді Ә.Мұхамедияұлы.
Бұл ретте, басқарушы комитет төрағасының пайымынша, бұл фактордың пәрменділігін мемлекеттік қызметшілердің еңбек сапасы анықтайды. «Бүгінгі күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес, Қазақстанда озық заңдар қалыптасты», деп сөзін сабақтаған Ә.Байменов, ендеше, оларды жүзеге асыруға қарымды мемлекеттік аппарат қажеттігі ойымен де бөлісті. Басқа қатысушылар да еліміздің әрі қарайғы дамуы үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданып, алдымызға мемлекет пен халыққа қызмет істеуі тиіс кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндеті қойылып отырғандығына ерекше назар аударды. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерден заңдардың үстемдік құруы, құқықтық мәдениеттің сақталуы мен таза бәсекелестік талап етілуде.
Іс-шара соңынан форумға қатысушыларға жас мемлекеттік қызметшілер өздерінің Елбасының саясатын қолдайтындықтарын, сонымен қатар, Бес институттық реформа шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын сапалы да сәтімен іске асыру үшін күш-жігерлерін жұмсауға дайын екендіктерін білдірді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».