Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVI съезіндегі сайлауалды бағдарламасы ретінде Қазақстанның болашақ даму жолына арналған, бес институттық реформасы халық арасында үлкен қолдау тапқан болатын. Осы реформаларды негізге ала отырып «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қабылданды. Ел Президентінің жыл басында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы мұғалімдер қауымына үлкен серпіліс әкелді. Елбасы мақаласында: «Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық», деп елдік жайлы емірене айтыпты.
Иә, бұл мақаланың дәл осылай басталуының бірнеше себебі бар. Шынында да, тәуелсіздікті бабаларымыз ғасырлар бойы аңсады. Енді міне, ол арманға да жеттік. Еліміз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдай уақыт болды. Содан бері Қазақстанымыз қарыштап дамыды. Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясы жарияланғаннан бері еліміз әлемдегі дамыған отыз елдің құрамына кіру үшін күресіп келеді. Дегенмен, Ұлт Жоспарында Қазақстанның арманымен қатар басты назар кәсіби мемлекеттілік аппаратты құруға бағытталғанын да ерекше атап өтуіміз қажет. Сондықтан мақаланың екінші тарауы «Мемлекетті кәсібилендіру» деп аталған.
Себебі, өз ісіне жетік, білімді және елжанды мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастырмайынша Ұлт Жоспарын жүзеге асыру мүмкін емес. Енді мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке төменгі лауазымдардан бастап тағайындалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің, біріншіден, маман ретінде қалыптасуына, екіншіден, халықпен тығыз жұмыс істеуге, халықтың мұң-мұқтажын түсінуге үйретеді.
Ұлт Жоспарының келесі бір игі қадамы – төменгі лауазымдарға қағидаттарды реттеу және олардың одан әрі лауазымдық өсуі іскерлік қасиеттері арқылы іске асырылады. Меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметшілерді тағайындаудың осындай жүйесіне көшу – мемлекеттік аппараттың сапасын жақсартатыны сөзсіз.
Бұл мақалада назар аударылған тағы бір маңызды мәселе, ұлт бірлігі. Өйткені, бүгінде әлемнің барлық дамыған елдері біртектілік пен бірлікті сақтаудың арқасында өркендеп отыр. Олар өздерінің жаңғыртушы жобаларын бұрыннан қалыптасқан біртектілік негізінде жүзеге асыруда. Елбасы бұл туралы пікірін былай тұжырымдайды: «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы». Қазақстан көпұлтты мемлекет. Қазір 130- дан астам ұлттар мен этностар бейбіт өмір сүруде. Соның бәрі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың аса парасаттылықпен жүргізген саясатының нәтижесі. Ұлт Жоспарында болашағы біртұтас ұлтты дәйекті түрде нығайта беруге мүмкіндік беретін екі негіздің бар екендігі атап көрсетілген. Ол біріншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның негізгі миссиясы этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау. Екіншіден, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы. «Мәңгілік Ел» Қазақстанның басты қазынасы. Қазақстандықтардың басты арманы тәуелсіздікті сақтап, «Мәңгілік Ел» болу. «Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және еліміздің өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз», деген Мемлекет басшысының сөздері бұл мақаланы оқып шыққан әр қазақстандыққа ой салуы керек деп ойлаймын. Бұл Ұлт Жоспары Түркияның ұлы қайраткері Мұстафа Кемалдың «Алты жебе» бағдарламасы сияқты еліміздің ертеңін, болашақ дамуын анықтап беретін аса маңызды саяси стратегия.
Біріншіден, «Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қолдау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды», дейді. Иә, адам әлеуеті сапасы жөніндегі Қазақстанның Батыс елдерінен белгілі бір артықшылығы бар. Өйткені, еңбекке қабілетті жас адамдар Қазақстан халқының көп бөлігін құрайды. Мақалада білім беру саласында мектепке дейінгі және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны жан-жақты көрсетілген. «Білім беру үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі», – делінген мақалада. Бұл сапалы білім және батыл реформалар арқылы әлемнің 30 дамыған елінің қатарына еліміздің енуі, ғылымы дамып, экономикасы тұрақты, қарқынды нарық құруға қолы жеткен деген сөз. Әлемдік практикада кез келген интеграция алдымен ғылым, білім, интеллектуалды бәсекелестіктен бастау алады.
Сонымен қатар, Ұлт Жоспарында мектептерде жоғары сыныптар мен жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу қарастырылған. Мұндағы басты мақсат даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Екіншіден, көптілділіктің болашақта жастардың мәдени деңгейінің көрсеткішіне айналатынын Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында айтып келеді. Бұл осы мақалада да айтылды. Мектеп бітірген әрбір оқушы, Отанын сүйген патриот, елін сүйген маман болып қалыптасып шығуы тиіс десе, «Мәңгілік Ел» идеясы осы үшін қажет. Яғни, тек қана экономикалық жетістікпен әлемдік қатарға қосылу емес, ең алдымен, білім беру және саяси даму арқылы көрінуімізде қажет болып тұр. Кез келген елдің беріктігі ең алдымен , білім беру, мораль және мәдениеттің жоғары деңгейімен анықталады. Елбасы мақаласында аталып өткен 59 заң еліміздің болашағы және игілігі үшін қабылданды. Мақалада «100 нақты қадамның» бес реформасының әрқайсысына жан-жақты талдау жасалып іс-қимыл бағдары айқындалды.Бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу арқылы салықтық және кедендік әкімшілік жүргізуді жақсартуға бағытталған шаралар іске асатынын да жеткізді.
Үшіншіден, мемлекет функциялары енді бәсекелес ортаға және жергілікті өзін өзі басқаруға беріледі. Елбасы алға қойған Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін ең алдымен, елімізге патриоттық сезімі күшті, ана тілін құрметтейтін, рухани бай, интеллектуалды қабілеті мықты мемлекеттік қызметкерлер керек.
Сондықтан мен өз әріптестерімді және бүкіл Қазақстан халқын Елбасы ұсынған Ұлт Жоспарын қолдап, оны жүзеге асыруға үлес қосуға шақырамын.
Бақытгүл АУҒАНБАЕВА,
Дарынды балаларға арналған облыстық Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-
гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі
орынбасары.
ӨСКЕМЕН.