Ауыл жұртшылығы да «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында белгіленген қағидаттарды экономиканы одан әрі дамытудың, қоғамды ізгілендірудің, жаңа құқықтық орта қалыптастырудың кең ауқымды жасампаздық бағдарламасы ретінде қабыл алып, өркениетті 30 елдің қатарына қосылудың серпінді қадамына бағалап отыр. Бес институттық реформаның негізі заңнамалық және ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз етілгені баршаға аян. Ендігі мақсат экономикалық өсім қарқынын сақтай отырып, берік әлеуметтік кепілдіктер иелене алатын практикалық шараларды мүлтіксіз жүзеге асыру болмақ. Сол себепті де, жергілікті билік орындары бес реформаның әрқайсысы бойынша нақты іс-қимылдар белгілеп, дәйектілікпен орындаудың қам-қарекетіне қызу кірісіп кеткен. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның таяу жылдардағы өркендеу бел-белестерін нақты айқындап берген Елбасының сындарлы саясаты жарқын болашақ үшін аянбай қызмет етуге міндеттейді. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, әрбір тұрғын Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсендірек қатысса, олар ашатын мүмкіндіктерді тиімді пайдаланса, қазақстандық арманымыздың орындалуына, Қазақстанның одан арғы өркендеуіне қол жеткізеріміз анық.
Қазақстандықтардың біртұтастығын діттейтін реформалар табыстылығын туған жері – тұғырым, өскен елін өмірім деп санайтын шалақындықтар өмірінен де көптеп келтіруге болады. Аудан облыс орталығынан шалғай орналасқанына қарамастан жарқын болашақ жолында зор қарқынмен, ерен қажыр-қайратпен еңбек етіп келеді. Тек былтырдың өзінде 134 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 142,5 миллион теңгенің 4 жобасы іске қосылды. Индустрияландыру картасы аясында жаңа жұмыс орындары құрылды. Бөлшек тауар айналымы 2426,9 миллион теңгені құрады. Елбасының бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу талаптарын ауылшаруашылық тауар өндірушілері мемлекеттің кәсіпкерлікпен өзара қарым-қатынасының жаңа қағидаттық көрінісі ретінде қуаттады. Мұның өзі фермерлік пен бүкіл аграрлық секторды ілгерілетудің ынталандыру тетіктерін қалыптастырары анық. 58 ЖШС, 186 шаруа қожалығы мен фермерлік бірлестіктер 349,1 мың гектар алқапқа астық , 17,8 мың бас ірі қара мал, 6,2 мың бас жылқы өсіреді. «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы бойынша 1124 бас мал сатып алынды. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары шеңберінде көрсетіліп жатқан жеңілдік шаралары аз емес.
Ұлт Жоспарында білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау арқылы адамдарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін оңтайландыру, сапасын күшейту жан-жақты қарастырылған. Қазақстандықтар үшін өзекті саналатын тұрғын үй мәселесін шешу барлық өңірлерде айрықша басымдыққа ие. Өткен жылы ауданда 2150 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер үшін мектепке дейінгі тәрбие мекемелерімен қамту толық шешілген. Барлық білім ошақтары интернет желісіне қосылған. 24 дәрігер, 145 орта буын медицина қызметкерлері науқас жандарға қызмет көрсетеді. Онкологиялық аурулармен сырқаттану көрсеткішінің төмендегені байқалады. Десек те, жоғары білімді мамандарға деген тапшылық сезілмей қалмайды. Әсіресе, оториноларинголог, офтальмолог, невропатолог, эндокринолог секілді мамандар тапшы. Меніңше, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму жобалары бойынша кадрлар даярлау деңгейін арттыру шараларының қабылдануы тұрғындардың денсаулығын сақтау саласында бірқатар міндеттерді шешері сөзсіз. Медициналық мекемелерде басқарудың корпоративтік моделін енгізу жайының қарастырылуы да құптарлық.
Осыдан ширек ғасыр бұрын экономикалық, әлеуметтік жағдайымыз, психологиялық көңіл-күйіміз қандай еді? Барлығы күні кешегідей көз алдымызда. Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы жарқырай атқан тұста біраз қиындықтарды бастан өткергеніміз рас. Жігері жасымаған, қайраты мұқалмаған халықпен не көрсе де бірге көріп, бірге жасасқан Президентіміз күрмеуі қиын мәселелерді тиянақтылықпен, дәйектілікпен шеше білді. Білім, ғылым, денсаулық салалары жетілдіріліп, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасалды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына сындарлы стратегиялық жоспар құрылды. Оның жалғасы ретінде Ұлт Жоспары жасалып, қазақстандық біртекті қоғамды жарастырудың, жасампаздық ұлы істерге жұмылдырудың озық идеясы, түп қазығы ретінде алға тартылды. Барша қазақстандықтардың береке-бірлігінің арқасында жұдырықтай жұмылып, Елбасы жүктеген міндеттерді абыроймен атқаруымыз – болашаққа деген зор сенімнің бірден-бір дәлелі. Мұнай бағасы құлдырап, экономикалық қиындық төнсе де, дағдарыс біз үшін таңсық емес. Осыдан 8 жыл бұрын да дәл осындай жағдайды бастан өткеріп, реформалардың табысты жүргізілуі арқасында қиындықтарды еңсере білгенімізді ұмыта қойған жоқпыз.
Елбасы әлеуметтік қолдау шаралары бәсеңсімейтінін атап айтты. Биылдан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы, студенттер шәкіртақысы, зейнетақы өсіріліп, әлеуметтік жаңғыртулар жалғастырылды. Сала мамандарына ғана емес, күнкөріс деңгейі төмен отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту да пәрменді қолдау тапты. Біз өз тарапымыздан жаңа жұмыс орындарын ашуды, жұмыссыздықты азайтуды назарда ұстаудамыз. Былтыр 1208 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Елбасы өз Жолдауларында Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын табанды түрде енгізуді үнемі айтып келеді. Дағдарыстан аман-есен шығудың бірден-бір кепілі қоғамдық пайдалы еңбек болмақ. Әркімнің өз саласы, өз ісі бойынша сапалы жұмыс атқарып, кәсіби жағынан шыңдалғанын, төселгенін көрсете білсе, әсіресе, жастар күнделікті өмірлерінде кәдеге асатын арқаулық еңбек дағдыларын қалыптастыруға зор мүмкіндік алар еді.
Барлықтың, байлықтың, дәулеттің тек еңбекпен, маңдай термен келетінін Елбасының «еңбек – бәрін де жеңбек» деген сөзімен түйіндегім келеді.
Еңбек ИСИН,
Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары.
Солтүстік Қазақстан
облысы.