Есенғали Раушанов өнернамасы туралы баян
Кейде қыран самғар биікте құйын көтерген ескі-құсқы, көр-жерлер де ұшып жүреді. Ақ жібекке жамаған құрым киіз тәрізді немесе аунай-аунай, сүйкене-сүйкене паршасы шыққан буыршынның жабуындай жалбыраған жайдақ өлеңдердің несін айтасың, қазір құдайы беріп тұр. Суқаның сүймесе де, саңлақ өнерпаздың салқам бейнесі асқақтай көрінуі үшін сұрқай ортаның да артықтығы жоқ сияқты. Алла тағалаң осылай жаратса амал не? Пайғамбарымыз Мұхаммед жастық шақты жалпы адам өмірінен бөліп, оған ерекше мән беріп, ауызда тіс, белде күш болатын балғын өмір – адамға берілген баға жетпес нығмет екенін өз үмбеттеріне айтудай-ақ айтып кетті. Сол үшін адам баласынан қиямет күні жастық шақ үшін бөлек есеп алынады. Осы орайда, жасы ұлғайған кезінен гөрі балауса шағында көп еңбек тудырып кететін ақындар болады. Солардың бірі – Есенғали Раушанов. Қалай дегенмен де, ол шәкірттік дәуірді басынан өткермей-ақ, еліктемей-солықтамай іштей түлеп келіп, өлең аламанына бірден түре тиіскендей көрінеді. Сақтиян доптай зымыраған уақыт шіркінге дауа бар ма? Самайға ақ кірген соң ақылға айла қосылады. Жастық шақты әумесерлікпен, әңгүдіктікпен рәсуа етіп алғасын, есейген санаң талай өкінішіңе үкім шығарады, налытады. Бәз біреулер енді-енді қолына қалам алып, бірдеме түрткен болады. Анаңның сені тапқандығы бебеулеген толғағынан бастап, өзің о дүниеге аттанар кездегі зар-зарыңның арасында қаншама зілмауыр хикметтер жатыр. Қасқитқанда, соның бәрін Есенғали 17 мен 25 жас аралығында жазып кетіпті. ...Өлең ғып өзі туған белес, қырды, Оңаша өз ойымен кеңес құрды. Өтірік мақтаған жоқ ол ешкімді, Көпіртіп даттаған жоқ ол ешкімді. Көрсе де ауыр күнді, қиын жылды, Саудаға салмай өсті сүйіп жырды. Өмірде кейін жүрді ол осылай, Өмірде ол осылай биік жүрді. Міне, балауса ақын елде жүріп өлең қаузаған албырт шағын осылай бедерлейді. Асау ат та қажырлы адамның қолынан, көзінен, тақымынан сескенеді. Сол тәрізді адуын өнерді ұстап тұру үшін қайсар мінез, берік иман, бет қаратпас айбын керек. Әйтпесе, сөзің өтпеген, қолың жетпеген арман адамды жеп қояды. Асылы, өмір бойы үрей мен үміттің арасында күн кешіп, өзін қайраулы қанжардай қылпылдатып ұстаған адамнан ғана бірдеме күтуге болар. ... Кендебай болып терледім, Керқұла ат болдым желерде, Кереге мола өрнегін Көшіремін деп өлеңге. Ұшырып алған құсыма Табыс деп жылап иеңмен, Кегжиіп өткен тұсыма Кесілгір басты ием мен. Бөлсем де ол кез, бұл кез деп, Бір өлең жазу – мұратым Күндердің күні күмбез боп Күңгірлеп сөйлеп тұратын... немесе: ...Үлкеннің сөзін нұсқаға ап, Бір рет жонып, үш қарап, Сартасты кесіп, сазды ойып, Қиюын тауып, қыш қалап, Тізілдіріп тізбелеп, Үзілдіріп үзбелеп, Маңғыстауда – мың қыстау Қайырлы болсын сізге деп, Осындай оңды мұра қалдырған Құла майдан дүздерде, Кісілігі керек сол бір шалдардың Ісмерсіп жүрген мына біздерге. Жаттың ойын желкен ғып, Қаншама рет өртендік. Маңғыстаудың ойында Қарайды бізге мүсіркеп Мықтылық пенен көркемдік. Иә, Есенғали ғайып – жалған құрдымына шым батқан өткен дәуірлердің жоқшысы. Оның өлеңдерін оқығанда кетілген қорған қабырғалары, қап-қара ыс басқан кәрі үңгірлер баяғы жасаң қалпына келіп, жермен-жексен болған сәукеле мұнаралар қайта бой түзеп, сән-салтанат құрғандай көрінеді. Қыналы моласы мен құмайтты даласы қайта түлеп, Маңғыстаудай Отаны үшін шыбын жанын садаға қылған баһадүрлер, аруақты ерлер, жуан қоныш батырлар көрлерін қопарып, тар лақатты қақырата сөгіп, қайта сапқа тұрғандай болады. Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің. Қаншама ілік іздеп, сынап қарасаңыз да саңылау таптырмас шебер жымдасу, тылсым жарасу, жұмбақ қауышу... ...Жел, жел есті, жел есті, Төменде төбе билер кеңесті, Ел мен жерің тең өсті. Бүгінгі күн болғанда, Тіл таба алмай Елменен, Тілдесе алмай Жерменен, Тірі өлік боп біз жүрсек, Бұл тегімнің осалдығынан емес-ті, – десе, тағы бірде: – Ех, өнер, қазақы өнер, есіл өнер, Алса ғой түзу бағыт көшің егер, Тұтқасын ұстар ең-ау дүниенің Әзірге жетімсің сен, кешіре гөр. Шабылдың төреге еріп ер арқалап, Сабылдың қожаға еріп тері арқалап. Еділдей еркін ағып кете алмадың, Еділдей екпіні бар өнер-талап, – деп, сормаңдайлығымызды, алауыздығымызды, тарихтан сабақ алмайтын кещелігімізді бетімізге шыжғырып басады. Оның жырлары саналы ғұмыр иесін бір сілкімей, өрттей шарпымай, шыбыртқыламай қалған емес. Сөзден дауыл тұрғызып, найзағай ойнататын Есенғали өлеңдерін елдің саңлағы да, саясаткері де, саудагері де, сыншысы да... бәрі оқиды. Бірақ, үндемейді. Бір де біреуі: «Өлеңің – өрт, жырың жалын екен. Сендей ұл тапқан анаңнан садаға кетейін!», – демейді. Бірақ, шандоз шайыр бұған пысқырып та қарамайды. Өйткені, ол өз өресін, өз бағасын білетін талант. Есенғали әманда Э.Хемингуэйдің: «Құлқынымды көздеп кітап жазсам, мені қарғыс атсын!», – деген антын ұстанатын сияқты. Сондықтан да болар, оның өнернамасынан толғақсыз туған жадағай арнау өлеңдер мен мерекелік одаларды кездестіре алмайсыз. Құран мен сүннеттен қапысыз сусындап, арғы-бергі әдеби дүниелерді, мағұрып пен машыраптың бай мұраларын адақтап шыққан сұңғыла ақын өзбек, парсы, араб, ағылшын тілдерін бір адамдай меңгерген. Осының бәрі бүгінгі поэзияның өресіне ашынудан, қанағаттанбаудан туған ізденіс еді. Алтын балық, ақпа балық, Қармағымды қаппа, балық, Сен көп болса үш тілегімді орындайсың, Ал, менде үш мың тілек жатқаны анық. * * * Ортақ емес бір керме, Қоспа кілең шобырға. ...Бөлек шаба білгенге Бөлек болсын орын да. Есенғалидың мойнын бір жағына бұрып шабатын сәнқой аттай, қаптаған өлеңшілерді менсінбей, асқақ жүретіні сондықтан ... «Өнерпаз болсаң – өр бол» демейтін бе еді, Біржан сал ... Оның табиғаты испан суретшісі Пабло Пикассоға келіңкірейді. Жаратқан Ием әйгілі қыл қалам иесіне қиқар мінезді де аямай бергенге ұқсайды. Күліп-ойнап отырып, әп-сәтте нілдей бұзылып, тас-талқан боп ашуланып, аспанға пистолет атып, артынша анекдот айтып, түк болмағандай жайбарақат жүре беретін адамды кім көрген! Міне, осындай алақұйын мінез Есенғалидың бойынан да көрініс тапқаны тегін емес. Алайда, адуын дарындардың бұлалығы, еркіндігі кешегі кеңестік тәртіппен өсіп-өнген, сызып берген шеңберден қия баспайтын құныс мойындарға ұнамайтыны анық. Ішіне шынашақ айналмайтын, ашық бой таластыра алмайтын торшолақтарды талантты жан сүйретпеге салып, пұшайман қылады. Әлгілер ол қонған жұртты шиырлап жүргенде, анау қоныс аударып, тағы бір соныға шатырын тігеді. Есенғали осынау қалам сілтемесімен оқырманның ғана емес, еліктеушілердің де шақшадай басын шарадай қылып қойды. Енді мына бір өлең жолдарын оқып қарайықшы: Тілім-тілім, бұжыр-бұжыр денесі, Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі, Борбас үлек-атасы, Бопық мая-енесі, төс табаны отты басса күймеген, Тасты басса – қамырдайын илеген, Қатар қойып отыз інген қайытқан, Қатар қойып отыз шана сүйреген Үлек жоғалттым, Кім көрді? ... Өтіп бері уілдеген бораннан, Қышыр-қышыр үн келетін қорамнан. Мен түйе іздеп жүргенім жоқ, ағайын, Ашуымды іздеп жүрмін жоғалған. Көз жазыппын қайратымнан, ғұрпымнан, Сене көрме, мен емеспін бұл тұрған. Іш сарайым – жап-жалаңаш, жүп-жүдеу. Шыққан тоқты секілдімін қырқымнан. * * * ... Тұсаулы тұр боз шолақ. Ойқы-шойқы, орда-шорда бітімі, Кетіпті әбден жануардың ыпыны. Бұл – кешегі бір күндерде, Үш қиянның еліне Шапса, бәйге бермеген Есіл біздің Көкжұлынның тұқымы. * * * ... Соңы бар ұйқтатпаған ұлысымды, Сол гәптен аңғарарсыз ұлы сырды. Біздің дау – түбін қусаң жеткізбейтін Түлкінің бозға салған жымы сынды. Міне, осынау үзік-үзік өлеңдердің ішкі мәніне, шүңейт иіріміне жай оқырман түгіл, кейбір сыншыларың да бойлай алмайды. Бұл тұспал, ишараларды тек зерек сана, ұшқыр ой, терең түйсік арқылы ғана ұға аласың. Бейне бір әкесінің ақирет алдында баласына сыбырлап айтатын ақырғы аманатындай, жан сырындай сезіледі, түкпіріңдегі нәзік қылыңды шертіп өтеді. Есенғали лирикаға эпикалық фон бере жырлаудың шебері. Ол тұла бойыңды түгел баурайтын, қаныңды қыздырып, миға шабатын философиялық сурет салуға жеткен шайыр. Сөздің ұғымдық – символдық, мифтік-магиялық, саздық-гармониялық шоғырын іздеп тауып, жұтындыра пайдаланады. Ол қолдана-қолдана жауыр болған көрбала, бұралқы теңеулерге өлсе де жоламайды. Тағы бір ескеретін жайт, қазақ ақындары ішіндегі түйе жайлы ең көп жырлаған да Есенғали болар. Шабына бөгде қолды жолатпайтын, тек өзі иісін алған адамға ғана саудыратын, төрт аяқтыда біреу шөгертпесе еркекті қажет етпейтін, өркешіндегі үйме май конденсатор қызметін атқарып, шілдеде апталап су ішпейтін осы бір ғажайып жануар – аруаналар, бураларға келгенде ақын қаламы есіле түседі. Ойсылқара табиғатын өмір бойы түйе баққан түйекеш те одан артық білмейтін болар. Түс түйе боп енеден туған ірі, Желкілдейді желкеде шуда жүні. Шайыры ағып, аузынан көбігі атып, Жатқызбайды күні-түн буралығы. Басқа біреу болса құсығы, я жыны дер еді, Есенғали шайыры дейді. Ата-бабамыздың ежелден көлігі мен сауыны болған, көнінен жебе өтпейтін сауыт сайлап, терісінен таспа тіліп, дырау өріп, қару қылған қайран жануарға Есенғали жырдан еңселі ескерткіш сомдапты. Ал нағыз ақындық шабыттың хошынан туған «Сарыөзен», «Ғайша бибі» поэмаларының жөні тіптен бөлек. Осы поэмалардағы мейлінше оралымды, мейлінше шалымды, балы мен зәрі, сұңғыла ойы мен сырбаз мінезі қатар өріліп отыратын, теңдік бермей тайпалып, шығандап кеткен аяқ алысқа Абайдың өзі сүйсіне қарағандай-ау! ... Адам боп туып өстің бе? Осы бір шыңға жет, ерім. Жетінші белгі... ешкім де Айтпайды оның не екенін. Кенелтер нұрға кең қырды, Түнектен кейін арай бар. Табам деп соңғы белгімді, Тарлауыт асты талайлар. Шындық па ол? Әлде жалған ба? Бір бұлдыр зат бар тұмандай, Өледі адам арманда, Не екенін оның біле алмай. Ақын қашанда мүмкіндігінің шегін білдірмейді. Оқырманын қалың жынысқа жетелеп әкеледі де, шығар жолды өзің тап деп, бейне бір елестей жоқ болып кетеді. Оның өлеңдерінде «Әбілһаят» сөзі әлденеше рет қайталанады. Бұл бүкіл адамзат аңсаған мәңгі өлтірмейтін қасиетті су ғой. Затына дарынды адамға дауа жоқ қой, Есенғали қаламының Құдай берген киесі мынада: ол аңыз-әфсананы тылсым Әбілһаят зәмзамына қайта-қайта суарып, мифологиялық суретке жан кіргізеді. Өзі Есенғали болса, өлшемей сөз айта ма? Байқаған, аңдаған адамға осынау сықпа құрттай сығымдалған, құмырсқа бейнеттен туған қайсар жырлардың астарында талай сырлар бұғып жатыр. «Қазақ ауылы» деген өлеңдегі ақ пен қызыл қатар қырған халқымыздың қасіретін тебіренбей оқу мүмкін емес. ...Қоқайма бөрік алды үйді кілең, Барқ етті – бәйбішеге тиді білем. Шуылдап тағы бір үн шығып жатты Қамысты айырғандай сүйрігінен... Қалай дегенмен де, Есенғали мәдениетті ақын. Ол зорлықты қазбалап жатпайды, сол инаят істі сөз құдіреті арқылы санаңа тұспалдап жеткізеді. Шеберлік деген осындай-ақ болар! Деген жоқ біреуі де «бүлік бұл іс», Жалтылдап ойнап берді қырық қылыш. ...Қолатта ауыл қалды ойран болып, Құм қалды ішке сырын бүгіп тыныш. Талай баршындардың шашы талдап жұлынды, «сүндетсіз» жауыздардың тырнағына ілінді, абыройы рәсуа боп бүлінді... Шабылған бастың шаптырған қаны мен омырауын қылыш қақ айырған ананың төсінен сүт ытқыған сәтін оқығаныңда зығырданың қайнайды, ақ пен қызылын қоса қырғың келеді. Меңдуана жегендей мең-зең күйге түсесің. Кешегі төңкеріс заманы халқымыз үшін нағыз қанқұйлы кезең болғанын ақын осы өлеңдері арқылы ұмытшақ санамызға тағы да шегелей кетеді. ...Кең аспанның әр жеріне шоқ түсіп, Төбемде тұр көзі жанып көп мысық. ...Шолақ құнан, шолақ дүние, шолақ сай, Айқайлағың келеді бір кек қысып. Пай-пай, шоқ түскір, қызыл тіл-ай! Бәріміздің де тұттығып айта алмай жүргеніміз осы гәп қой! Іңірде көпіршіген көп жұлдызды қақ жарып бара жатқан корабльдей, сөз жоқ, Есенғали қазақ поэзиясының планкасын әлемдік дәрежеге көтерген үздік ақын. Кейбір сыншылар: «Біз өзіміз ақын өмір сүрген уақыттың ішінде жүргендіктен, оның орнын анықтай алмаймыз» деп күмілжиді. Не күмілжитіні бар? Күмілжімейік деп осы сөздерді жазып-жазып тастаған жайымыз бар! Жұмабай ҚҰЛИЕВ. АЛМАТЫ.«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Бүгін, 21:54
Алматы облысы – инвестициялар мен халықаралық бизнес орталығы
Алматы • Бүгін, 21:46
Алматы • Бүгін, 20:40
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Бүгін, 19:55
Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13
Жеке тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылды
Аймақтар • Бүгін, 18:31