Біз съезд өтісімен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур МОЛДАҒҰЛОВПЕН телефон арқылы хабарласып, Елбасының сөзінен туындайтын жаңа талаптар жөнінде ой бөліскен едік.
– Артур Кенжеәкімұлы, алдымен саяси форумнан алған әсерлеріңізбен бөліссеңіз?
– Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезіне облыстан 32 делегат қатысып, саяси ұйымның Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасын зор ықыласпен тыңдады. Елбасы партия алдына жаңа міндеттер жүктеп, бес институттық реформада межеленген талаптарды тиімді орындау талабын қойды. «Біз аса күрделі экономикалық даму кезеңінде реформаларды қолға алып отырмыз. Бұл солай болуы да керек. Дағдарыстың өзі жаңа деңгейге көтерілуге септігін тигізеді. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясының, оның әрбір мүшесінің міндеті – осы. Ұлт Жоспары – біздің алдағы бес жылдығымызды қамтитын сайлауалды бағдарламамыздың өзегі» дегені әр делегаттың көкейіне қонды.
– Съездің тарихи маңызы неде деп ойлайсыз?
– Партияның кезектен тыс съезінде саяси ұйымның «Қазақстан-2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты жаңа сайлауалды тұғырнамасы бекітілді. Елбасы өз сөзінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың нақты қадамдарына тоқтала келіп, барлық деңгейдегі әкімдер мен партиялық ұйымдарды осыған жұмылуды міндеттеді. Аса күрделі экономикалық даму кезеңінде Ұлт Жоспары «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының өзегі болып табылады. Ол алдағы бесжылдық кезең бойынша 2021 жылға дейінгі партияның негізгі бағыттарын қамтиды. Сөйтіп, бес институттық реформа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламаларын жүзеге асыру қамтамасыз етіледі.
Алдағы Парламент Мәжілісі сайлауына «Нұр Отан» партиясының қатысуы ескеріліп, соған орай партиялық тізім бекітілді. Жаңа тұрпатты Парламент құрамына өңірге танымал азаматтар, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар, басқа да мамандық иелері сайланады деп білемін.
– Мемлекет Басшысы өз сөзінде «Нұр Отанның» 17 жылдық көшбасшылығы экономикамыздың, мемлекет пен қоғамның нақты жетістіктеріне айналғанын айтты. Бұл жайында не дейсіз?
– Партия өзінің алға қойған міндеттерін әркез орындап, шын мәніндегі халықтық құрылымға айналды десек, оны ешкім жоққа шығара қоймас. Қандай қиын жағдайда да уәдесіне берік екенін көрсетіп келеді. Экспорттық өнімдер бағасының құлдырауына, бюджет кірісінің 40 пайыз кемуіне қарамастан ел тұрғындарын әлеуметтік қолдау жалғасып отыр. «Нұрлы Жол» бағдарламасы қолға алынған бірінші жылы 775 миллиард теңге қарастырылса, алдағы уақыттарда 400 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. 500 шақырым жол, 7 мың тұрғын үй, 500 денсаулық сақтау нысандары салынған.
Сонымен қатар, әр дәуірдің өз белгісі бар екені, соған орай алда көп сын-қатерлер күтіп тұрғанын да жасырмады. Мұнайдың төмен бағасы жағдайында өмір сүріп келе жатқанымызға қарамастан, халықтың өмір сүру сапасы төмендемегенін, енді жаңа ахуалда өмір сүруге, сын-қатерлерді ептілікпен еңсеруді үйренуге шақырды.
– Съезден түйген ойыңыз, алған тағылымыңыз аз емес екен. Жергілікті жерлерде қандай мәселелерге басым бағыт бермексіздер?
– Президент Ұлт Жоспарының маңыздылығын халыққа барлық деңгейде түсіндіру міндетін жүктеді. Әлемді экономикалық тұрақсыздық дендеген кезде әлеуметтік мәселелер шешуші буын болып қала береді. «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруда белсенділік танытқан филиалдың 39 мыңнан астам мүшесі партияның сайлауалды Тұғырнамасын насихаттау жұмыстарының бел ортасынан табылары сөзсіз. Білім беру, денсаулық сақтау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, ауыл шаруашылығы салалары бойынша да партиялық жобаларды жүзеге асырудың тиімді тетіктерін қарастыратын боламыз. Қоғамның әлсіз топтары – мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарды ерекше қамқорлыққа алып, «Кедергісіз келешек» «Ардагерлерді ардақтайық!» акциялары жалғастырылады. Филиал жанында өңіріміздегі нысандарды бейімдеу барысын қадағалайтын қоғамдық кеңес, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нысандарға мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істейді. Қоғамдық қабылдауға түскен 21 өтініш түгелдей өз шешімін тапты. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлер біздің назарымыздан тыс қалған емес. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында 259 ардагерге көмек көрсетілді. Отынмен, дәрімен, тұрмыстық қондырғылармен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілді. «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында да ауқымды шаралар атқарылды. «Жемқорлықсыз ел», «Біздің ауыл», «Жастар – кадр резерві», «Сәтті қадам», «Жастар – Отанға!» сынды жобаларға партия мүшелері қосқан үлес аз емес.
Облыстық партиялық ұйым жұмысының маңызды бөлігі – қоғамдық қабылдау. Партияның өңірлік және аумақтық филиалдарына кез келген адам келіп, толғандырған мәселесін айта алады. Партияның қоғамдық қабылдауына азаматтардан 2087 өтініш түсті. Соған қарағанда сумен, жарықпен қамту, абаттандыру, көгалдандыру, тарифтер бағасының көтерілуі және қызмет көрсету, коммуналдық қызметтің жұмыс сапасы жөніндегі мәселелер әлі де маңызды екенін көрсетеді.
Алдымызда ауқымды міндеттер тұр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.