Жақында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Жұт» спектаклінің премьерасы өтті.
Бұл қойылымға жұрттың айрықша көңіл бөлуінің үш түрлі себебі бар.
Спектакльдің аты айтып тұрғандай, 30-шы жылдардағы ашаршылық халқымыздың тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі болып табылады. Тарихи деректер бойынша, ашаршылық жылдарында 1 млн.-нан астам қазақ республикадан тыс жерлерге көшіп кетуге мәжбүр болған. Оның 616 мыңы туған ошағына қайтып оралмаған. 1931-1933 жылдары республиканың 6,2 млн. тұрғынының 2,1 млн.-ы аштықтан көз жұмған. Мұны кейінгі ұрпақ тарихтан «Ұлы жұт» атауына ие болған қазақ халқының ең ауыр қасіреті ретінде таныды.
Мәскеулік жерлесіміз Олжас Жанайдаровтың ашаршылыққа арналған «Жұт» пьесасы өткен жылдардың бүгінге жеткен жанайқайы тәрізді қабылданды. Адамдар арасындағы тойымсыздық, ашкөздік асқынып барады. Бір үзім нанның қадірін бағаламайтын болдық. Астамсудан небір азғындық туындауда. Тарихты білмеуден табанымыз тақыр жерде тайғанақтап кетіп жатады, өткенді ұмытудан өкшеміз өңгеріліп қала жаздайтын жағдай кездеседі. «Жұт» спектаклін бұл ретте жүрек дабылы, бүгінгі тіршілігімізге қажет рухани азық деп қабылдадық. Сонымен қатар, театрдың биылғы алғашқы премьерасы жанарға жас үйіртетін, толғандыратын тарихи, тәрбиелік мәні зор үлкен тақырыпты қаузап отыр. Бұл – біріншісі.
Екіншіден, мұның авторы мәскеулік қандасымыз Олжас Жанайдаров жас та болса, өнердің биігін бағындырып үлгерген талант иесі. Әдеби шығармалары кейде Константин Жаров дейтін бүркеншек атпен жарық көретін қазақ азаматы туралы не білеміз? Ол 1980 жылы Алматыда әскери отбасыда дүниеге келген. 1987 жылы Ресей астанасы Мәскеуге қоныс аударған. Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын ойдағыдай бітіргеннен кейін еңбек жолын турфирмада менеджер болып бастаған. Қонақүй әкімшісі болып жұмыс істеген. Бірақ, бала күнінен әңгіме, өлең, мақала жазуға бір табан жақын азамат 2003 жылы өзінің жанына етене жақын салаға қалам тарта бастайды. Кәсібін өзгертіп, өңірлік басылымға тілшілік қызметке орналасады. Мәскеу Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Бір роман, төрт повесть, үш әңгіме, бес пьеса жазып үлгерген. «Жұт» пьесасын 2013 жылы жазған. Драматургия саласы бойынша бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы. «Театральный особнякта», «Старый дом» театрында қойылымдары көрерменмен қауышқан. Айта кететін тағы бір жайт, пьеса алғаш рет Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық қазақ драма театрында сахналанған болатын. Яғни, Мәскеудегі қандас бауырымыздың шығармасын қазақшаға аударып, отандастарына таныстыруда өңірлік театрлар да қол қусырып қарап отырған жоқ деген сөз.
Үшіншіден, қоюшы-режиссері – Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мажит Гафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Айрат Абушахманов. Режиссердің еңбегі туралы не айтуға болады? Спектакльде бар-жоғы төрт-бес әртіс қана ойнайды. Көтеріп отырған мәселесі, қозғайтын әңгімесі әлгінде айтып өткеніміздей, ашаршылық зардабынан қынадай қырылған қазақтар, қазақ даласындағы нәубетті жылдар. Қос перзентін жер қойнына тапсырған Сәуле бір әулетті сақтап қалуы үшін өзін-өзі құрбандыққа шалады. Сүйген жары мен жаңа туған нәрестесін аштықтан қалай аман сақтап қалудың қамын ойлаған Ахмет үшін дүниедегі ең қымбат нәрсе – отбасы, аялы алақанның жылуына мұқтаж қос мұңлық... Жер бетіндегі қасірет шеккен пенделерді аянышты тағдыры, өмірде жіберген қателіктері үшін жазғыру әділеттікке жатпайды. Бойында ар-намысымен қатар пасықтығы бірге жүретін адам баласының қанша қасірет шексе де, өзін жоғалтпай, адамдық қасиеттерін сақтап қалатыны рас па? Қойылымда режиссер алдыңғы планға осыны шығарады. Жаны жүдеу, ашқұрсақ байғұс мұндай сәтте өзінің адами келбетін қаншалықты сақтап қалады, тағдырдың сынағына қалай төтеп береді? Бұлар жанардағы от пен жастан, дауыс дірілінен, жүрек лүпілінен, ішкі деммен берілетін өте күрделі иірімдер. Ерболды ойнаған «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты Сырым Қашқабаев, Ленаны сомдаған Айнұр Бермұхамбетова, Ахмет рөліндегі Жанат Оспанов, Сәуле бейнесіндегі Айман Карпсейітова шеберліктерінің ерекшелігі, олар өз кейіпкерлерінің болмысын іштен өрілетін сондай сезім қайнары арқылы жеткізуге талпынады. Режиссуралық тағы бір сәтті шешім – 30-шы жылдарғы оқиға мен қазіргі заманғы өмір қатар өрбиді. Әдетте, көркем фильмдерде, экрандық туындыларда жиі қолданылатын мұндай тәсілді режиссердің сахнаға өте ұтымды шығарғаны – атап өтерлік жайт. Аштықтағы азап пен тоқтықтағы тоқмейілсу алма-кезек ауысып, екі дәуір таразысының басы тең ұсталады. Бір сахнада ана сәбиі үшін жанын қияды. Перзент қазасынан кейін қайта еңсе тіктеуге шамасы келмейді. Екінші сахнадағы ауру сәбиінен тірідей безген әйел қасіреті кісіні терең ойға жетелейді. Қарама-қайшы көрініс. Бұл жердегі мәселе аштықта, тоқтықта емес, адами болмысты сақтауда және жоғалтып алуда болып тұр.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: «Жұт» спектаклінен көрініс.