03 Ақпан, 2016

Білім мен тәрбие – егіз ұғым

1355 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
КаримАдам бойындағы сүйіспеншілік сезім Отанға, туған жерге, өзінің туған халқына деген қасиетті ұғым­дармен сабақтасып жата­ды. Өзің өмір сүріп отырған қо­ғамның белді бір мүшесі ретінде осы бір маңызды ұстанымдарды жаныңа серік, көңіліңе медеу, болашағыңа бағдар жол ретінде бағалауға ұмтылуың да заңды құ­былыс. Оған бастар бағыт, сіл­кініс туғызар серпіліс, даңғыл жол қажет екендігі де талас ту­дыр­­­май­ды. Ал осы орайда, Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген түйінді тұжырымдамасы жүрегі елім деп соққан әрбір азаматтың асыл арманының жүзеге асуына сара жол ашатын құнды дүние екендігі күмәнсіз. Мемлекет басшысы 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңінің бас­тал­ғандығын айта келе: «Әр ұр­пақтың өз арманы бар, оларда жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді...», дейді, бұл кешегі ата-бабаларымыздың Қазақ елінің тәуелсіздігі туралы асыл арманының заңды жалғасы екендігін еске салады. Сол азат ел, тәуелсіз Отан туралы ғасырлар бойғы арманның осыдан ширек ғасыр бұрын жүзеге асып, жақсы жалғасын тауып келе жатқанына қуанады. Осы жаңа қазақстандық арманмен алға басқан құтты қада­мымызды қарыштай дамытып, ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға қалай қол жеткізетінінің жоспарын алға тартады. Көздеген мақсаттарға жетудің бір жолы ел экономикасын дамыту болса, оның алғышарттарының бірі – жүзден астам этностық топтар тұратын қазақ жерінде ұлтаралық береке-бірлікті қалып­тастыру. Осы бағытта «Бір ел – бір тағдыр» деген ұстанымның алға шығарылып отырғаны белгілі. Бұл жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясына айналуда. Сол үшін ел құндылықтарын дәріптеп, «Мәңгілік Ел» ұрпақтарына сапалы білім, саналы тәрбие беру қажеттілігі туындайды. Осы­ған орай, маңызды құжат­та бі­лім беру салаларын реформалау, мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзір­леу мен бекіту бо­йынша тиімді жұ­мыстар жүргізіліп жатқандығы айтылады. Қазақ, орыс жә­не ағылшын тілдерін мең­герте отырып, өс­келең ұрпақ бойында жасампаз қазақстандық патриотизмнің негізін қалауды, нығайтуды өмір ағымымен ұш­тас­тыра жүргізу уақыт талабы екен­дігіне назар аударылады. Жас ұрпаққа көңіл бөлу – болашаққа деген жалпыхалықтық сенімді арттыра түсері анық. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттер құрамы Елбасы алға қойған мақсаттарды басшылыққа ала отырып, игілікті істерді дәріптеу бағытында ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Өткен жылы бір халықаралық, бес республикалық, үш аймақтық дәрежеде ғылыми конференция өткізіліп, ғылыми жобалар конкурсына гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік және экономикалық салалар бойынша отызға жуық білімгер қатысты. Жыл барысында 22 пән бойынша республикалық олимпиадада 64 студент бағын сынап, 10-ы жүлделі орынды иеленді. Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грант негізінде рес­публикалық байқау өтеді. Университеттің оқытушылары жеті жылдан бері жеңіс тұғырынан көрініп келеді. К.Білеутаева, Р.Арал­баева, М.Төреғожина, М.Иман­ғазинов, А.Шәріпов, Е.Смағұлов, Б.Оразбекұлы, Е.Андасбаев, С.Байдыбекова, Е.Бейісов, Б.Сериев, Е.Дүсіпов сияқ­ты профессор-оқытушылар үздіктер қатарында. Ғалым ұстаздарымыз Л.Ер­кінбаева, М.Төреғожина, Э.Қы­дырбаева «Болашақ» халық­аралық грантының иегерлері атанғанын әріптестері мақтан тұтады. Былтырғы желтоқсан айының ортасында Білім жә­не ғылым министрлігі тарапы­нан жасақталған комиссия мү­шелері университеттің білім сапасын кешенді тестілеу арқылы мемлекеттік аттестаттаудан өт­кізді. Бес жылда бір жүргізілетін аттестаттау талабына сәйкес білім саласын­дағы ба­­ка­лавриат­тың 40 мамандығы тест сынағынан 96 па­йыздық үл­ге­ріммен республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұл же­тістікте уни­верситет ректоры, заң ғы­лымдарының док­­торы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбдіманап Бектұрғановтың да ұйымдастырушылық үлесі бар екендігін айта кеткен жөн. Білім ордасында ел Президентінің ха­лыққа Жолдауы, «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласы кеңінен талқыланды. Осының барлығы Елбасы алға қойған ма­ңызды реформаны жүзеге асыру барысында қолға алынып жатқан игілікті істердің бір көрінісі. Ұлт Жоспары – қарапайым халықтың арманын жүзеге асыруға бағытталған кешенді құжат. Мұнда сапалы білімді жетілдірумен қатар, медицинаны дамыту, халыққа қызмет көрсетудің барлық түрле­рін оңтайландыру көзделген. Қаржыландыру көлемін арттыра отырып, жұмыспен қамтудың жол картасын жетілдіруге, ең­бекке қабілетті адамдарды қыс­қа мерзімді қайта даярлау курс­тарынан өткізуге, олардың білік­тілігін арттыруға, шағын несие алуларына мүмкіндіктер жасауға мән беріліп отыр. 2017 жылдан бастау алатын «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жұртшылық көңілінен шықты. Бұл – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан игі қадам. Кәсіптік-техникалық білімді игеруге ынталанған жастарға даңғыл жол ашылады деген сөз. Үстіміздегі жылдан бас­тап орталық және жергілікті мем­ле­кеттік органдарда автономды, дербестік, жариялылық бағы­тындағы Қоғамдық кеңес­тердің құрылуы, олардың жетекшілері мемлекеттік қызметте жоқ белгілі қоғам қайраткерлерінің қатарынан болуы, қоғамдық кеңестерге мем­лекеттік органдардың бюд­жеттік бағдарламаларының жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарлар­ды, аумақтарды дамыту бағ­дар­ламаларын талқылауға құ­қық берілуі халық қазынасын сақтауға, ортақ іске деген жауап­кершілікті жетілдіруге септігін тигізеді. Қоғамдық кеңестерде ат­қарушы органдардың есептерінің тыңдалуы, азаматтардың құ­қық­тарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты норма­тивтік-құқықтық актілердің жобалары қаралуы ішкі тәртіптің нығаюына жол ашуға мүмкіндік туғызады. Мұны Елбасының мем­лекеттік қызметтің ашықтығын көздегендігінен туындап отырған игілікті шара деп түсінуіміз керек. Шағын және орта бизнестің іргесін кеңейту мақсатындағы «Салық туралы» кодекстің жетілдірілуі, қа­ра­пайым жұмысшының мүдде­сін қор­ғайтын Еңбек кодексінің жаңа нұсқасының енгізілуі – жалпы қазақстандықтар үшін жасалып жатқан жақсылықтардың белгісі. Қазір ДСҰ-ға мүше елдерге экспорттай алатын сапалы өнімдеріміз молайып келеді. Халқымыздың әл-ауқаты жаман емес. Не ішемін, не киемін демейсіз. Бәрі жеткілікті. Ең бас­тысы – ел іргесі аман, бей­біт дәуірдің куәсіміз. Ұлттық құн­дылықтарымыздан бастау алған тәуелсіздігіміздің баянды болу­ын көздейтін Ұлт Жоспарын жү­зе­ге асыру – ортақ іс. Бұл – кешегі ел бостандығын аңсаған ата-бабаларымыздың, бүгін­гі бар­ша қазақстандықтардың асыл арманы. Тәуелсіздігіміздің таңы арайлап атқан күннен бас­тап елімізді өркениетті мем­ле­кеттердің қатарына қосуға бар­лық күш-жігерін жұмсап келе жатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен қазақстандықтарды Ұлт Жос­парын жүзеге асыруға және рефор­маларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз өзіміздің қазақ­стандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркен­деуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!» – деп сенім­мен айтты. Ендеше, «Көш­басшы біреу – халқы тіреу» деген қағиданы бет­­ке ұстап, ұйымшылдық үлгісін көрсету – басты парызымыз. Тұрлыхан КӘРІМ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің аға оқытушысы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. ТАЛДЫҚОРҒАН.