03 Ақпан, 2016

Халық пен «Нұр Отан» – біртұтас

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сейтхан-1Жақында Қаскелең қаласында тұратын Елбасының ұстазы, 98 жастағы Сейітхан Исаев қария­мен өз шаңырағында жүздесудің сәті түсті. Кездесудегі әңгімемізге күні кеше өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVII съезі, ондағы Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» деп аталатын сайлауалды бағдарламасы арқау болды. – Сейітхан аға, 2015 жылдың күзінде қатты науқастанып қалған едіңіз, қазір қалайсыз, сауығып кеттіңіз бе? – Аллаға шүкір, қазір жақ­сымын. Дәрігерлердің бақы­лауындамын. Арнайы медбике бөлінген, ол күнделікті қа­сымда. Көңіл-күйiм де хош. Тамаққа да тәбетім жаман емес. Күнделікті «Егемен Қазақстан», «Жетісу» газеттерін оқимын. Ара-тұра теледидар көремін. Өзің білесің, Елбасы менің шәкіртім ғой. Нұрсұлтан Әбiшұлы менің науқастанып қалғанымды естіп, уақытының тығыздығына қара­мастан, хабарласып, тезірек сауығып кетуіме жағдай жасады. Жалғыз мен емес, ол кісінің қамқорлығына бүкіл еліміздегі ардагерлер қауымы бөленіп отыр емес пе! – Елбасының ХVII съездегі баяндамасымен танысып шыққан шығарсыз? – Әрине. «Қазақстан» телеарнасынан кешегі шәкіртімнің иманды жүзін көріп, сөзін тыңдап, бір жасап қалдым. Мен – 60 жыл бойы бала оқытқан ұстазбын. Мұғалім өз сабағында алған тақырыбын жан-жақты түсіндіріп, қорытындылап, үйге тапсырма беріп, сөйтіп, оқушылардың жүрегін баурап алады ғой. Елбасының съездегі терең мазмұнды сөзін зейін қоя тыңдап отырып, менің көз алдыма өз сабағын жетік білетін ұлағатты ұстаз бейнесі келді. Нұрсұлтан Әбiшұлы бағдарламалық сөзімен, көтеріңкі көңіл-күйімен бүкіл залды баурап алды. «Нұр Отан» партиясының халықтық, жетекші партия екенін он жеті жылда атқарған жарқын істерімен дәлелдеп, партия мүшелерінің алдағы атқаратын міндеттерін саралап берді. Мен айтар едім: Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл Қазақстан халқының ұстазы деп. Бақыт жайлы «өз еліңде, өз бала-шағаңның қасында болғанға не жетсін» деп ақиқатын айтқанына риза болдым. Сонымен бірге, ғылым және білім туралы айтқан тұжырымдары да жү­­регімнің төрінен орын алды. Менің ойымша, халық пен «Нұр Отан» – біртұтас, бөліп-жаруға болмайды. Тәуелсіздік бәрінен де қымбат! Жарқын болашақта бақытты өмір сүреміз десек, Елбасының ішкі-сыртқы саясатын қолдап, еліміздің экономикасының артуына, халық­тың әлеуметтік жағдайының жақ­саруына әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы керек деп білемін. – Әлемге танымал сарабдал сая­­сат­кер, Елбасымыз, өзіңіздің шәкір­ті­ңіз Нұрсұлтан Әбішұлына қандай тілегіңіз бар? – Мен шәкіртіммен мақтанамын. Қандай ұстаз болса да өзі оқытқан, тәрбие берген шәкіртіне тек жақсылық, алға қойған мақсат, жоспарларының орындалуын тілейтіндігі ақиқат қой. Ал менің шәкіртімнің орны да, мәртебесі де өте биік. Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орындалуын, «Мәңгілік Ел» болуды мақсат еткен арман-тілектерінің жүзеге асуын, денінің сау, жасының ұзақ болуын, бұдан былай да мәртебесі биіктеп, абыройының асқақтай беруін шын жүрегіммен тілеймін. – Әңгімеңізге көп рахмет, аға.  Әңгімелескен Өтесін ҚҰБИЕВ, Қазақстанның құрметті журналисі, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.  Алматы облысы, Қарасай ауданы.