03 Ақпан, 2016

Бурабай мұрағатынан бір миллион теңгенің заттары ұрланды

260 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

03-02-16-arhiv-1

КӨКШЕТАУ. 3 ақпан. Ақмола облысында Бурабай мемлекеттік мұрағатынан жалпы құны 1 млн. теңгеге жуықтайтын стеллаждар мен сөрелер қолды болды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі дерегіне сүйенген egemenen.kz тілшісі хабарлады. Бурабай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері 27 қаңтар күні Бурабай мемлекеттік мұрағатынан ағымды жылдың 12 қаңтар мен 25 қаңтар аралығында 18 стеллаж бен 56 сөренің ұрлануына қатысы бар деген күдікпен Щучье қаласының 54 жасар тұрғынын қолға түсірді. Оның мекемеге әкелген зиянының көлемі 989 994 теңге болып шықты. Тексеріс барысында күдіктінің осы мұрағатта күзетші болып істегені, оның кезекті жиналыс кезінде өз қылмыстық ойын жүзеге асырмақшы болғаны белгілі болды. Осылайша, 12 қаңтар мен 25 қаңтар аралығында күзетші мемлекеттік мұрағат гаражынан сталлаждар мен сөрелерді өзінің жеке пайдалануы үшін шығара бастапты. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 2-тармағы («Ұрлық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баптың санкциясы үш мыңға дейін айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлды немесе сол көлемдегі түзетушілік жұмыстарды, немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру мен мүлігін тәркілеумен деген жазаларды қарастырады. Бақберген Амалбек. Дерек, фото: Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.