«Тәуекел түбі – жел қайық» дегенімізбен Арқаның қысы мұны көтермейді. Өйткені, тиісті орындардан алдын-ала ескертпе жасалғанына қарамастан, жанын шүберекке түйіп жолға шығатындар аз емес. Дәл осындай жағдайды 1975 жылы туған Андрей Садықов бастан кешті. Әйтеуір, оны Құдай қаққан екен. Он бір жарым сағаттан кейін дін-аман табылды.
Оқиға былайша өрбіген. Көдебас ауылынан 29 қаңтардағы 14.00 сағатта жолға шыққан ол теміржолды жағалап, 17 шақырымдағы Ақсу кентіне жетпек болады. Бірақ бұрқасын боранда жолдан жаңылып адасады. Содан арада 10 сағат өткенде үй-іші алаңдап Степногор қалалық ішкі істер басқармасына телефон арқылы хабар түсіреді.
Содан Степногор қалалық №16 өрт сөндіру бөлімінің мамандарынан, ІІД қызметкерлерінен жасақталған жедел топ аталған бағыт бойынша іздестіру-құтқару жұмысына кіріседі. Осының нәтижесінде, 01 сағат 27 минутта Көдебас ауылынан 5 және Ақсу кентінен 12 шақырым қашықтықта азамат Андрей Садықов табылды. Боранды түнде адасып, ажал құшуға шақ қалған ол құтқарушыларға алғысын білдіруде.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.