04 Ақпан, 2016

Дайындық пысықталған семинар-кеңес

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ЦИКОблыс әкімдігінде Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәс­лихаттар депутаттарының сайлауларын өз деңгейінде өткізуге ар­налған семинар-кеңес өтті. Онда сайлау комиссияларының, жергілікті атқа­рушы органдардың және үкіметтік емес ұйымдар мен сайлау барысын байқаушылардың, бұқаралық ақпа­рат құралдарының өзара іс-қимыл тиімділігін арттырудың түрлері мен әдістері ортаға салынды. Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллионға жуық халық тұрады. Со­ның 1 млн. 317 мың 225-і дауыс бере­ді. Былтырғымен салыстырғанда сайлаушылардың саны 100 мың адамға артқаны облыстық сайлау комис­сия­сының жұмысын біршама күр­делен­діретіні анық. Бұл жолы 1047 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. – Сайлауды заң аясында, жоғары дең­гейде ұйымдастыру үшiн алдымен сайлау комиссияларының мүшелері заңды жан-жақты бiлуi тиiс. Бүгiнгi жиынның мақсаты да осы – 20 наурызға белгiленген сайлауға байланысты заңнамаларды түсiндiру. Бұл саяси науқан – халықтың өз қалаулысын заңдық тұрғыдан бекiтетiн үдеріс. Сол себептi, халық үшiн, мемлекет үшiн өте маңызды саяси ша­раны жоғары деңгейде ұйымдастыру бiзге сын. Оңтүстiк Қазақстан облысы сайлаушылардың көптiгiмен ерек­шеленедi. Халық санының өсуiне байланысты қосымша 46 сайлау учаскесi ашылып отыр. Қазiр барлық дауыс беретiн учаскелерде жарақтандыру жұ­мыстары жүргiзiлуде, – дедi облыстық сай­лау комиссиясының төрағасы Әлiбек Өмірәлиев. Семинарда облыстық сайлау комис­сиясының мүшелерi сайлау науқанын заңдық, қаржылық, материалдық-тех­ни­калық ұйымдастыру мен ақпа­раттық қамтамасыз етуге қатысты заңнамалық құжаттарды түсiндiрдi. Бұған қосымша айтарымыз, сайлау Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өте­тін­діктен, көптеген азамат тұрғылықты жерлерінде емес, басқа елді мекендерде болуы ықтимал, іссапармен жүретіндер де бар. Семинар-кеңесте осы жағы да пы­сықталды. Сайлау кезінде облыс аума­ғында 9 мыңға жуық комиссия мүшесі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, сақтық мәселесі де күшейтілетін болады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.