05 Ақпан, 2016

Мәслихаттарға ұсынылған кандидаттар саны – 2865

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_6826+77Кеше Орталық сайлау комиссиясында ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының алдағы сайлауларына дайындық барысы туралы брифинг өткізді. Комиссия мүшесінің атап өтуінше, сайлау науқаны бастал­ған кезеңнен бері еліміздегі төрт саяси партия өздерінің съездерін өткізді. Съездерінде олар пар­тия­лық тізімдерін бекітті. Қазіргі кезде Орталық сайлау комиссиясына төрт партиялық тізім ұсынылды – 30 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының 127 адамды қамтитын партиялық тізімі, 2 ақпанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық пар­тиясының 19 адамды құрайтын пар­тиялық тізімі және сол күні Қазақстан Коммунистік халық партиясының 22 адамды қамтитын партиялық тізімі, сондай-ақ, 3 ақпанда Қазақ­станның «Ақ жол» демо­кра­тиялық партиясының 35 адамды құраған партиялық тізімі ұсы­нылды. Орталық сайлау комиссиясы 3 ақпан күні «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін тіркеді. Бұдан кейін ол барлық дең­гей­дегі мәслихаттар депутаттығына қанша кандидат ұсынылғанынан хабардар етті. «Мәслихаттар сайлауына кандидаттарды ұсыну белсенді түрде жүріп жатыр. Өз­деріңіз білетіндей, 20 нау­рыз күні елімізде 3335 сайлау ок­ругі бойынша облыстық, қала­лық және аудандық мәсли­хат депутаттарының сайлауы өткізіледі. Сайлау комис­сия­лары­ның 4 ақпан күнгі сағат 10.00-дегі берген мәліметтеріне қарағанда, республика бойынша барлығы 2865 кандидат ұсынылған», – деді Л.Сүлеймен. Оның хабардар етуінше, олар­дың ішінде облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарына – 324, аудандық мәслихаттарға – 2015, қа­лалық мәслихаттарға – 526 кан­дидат ұсынылған. «Атап өтетін бір мәселе, бұл ұсы­ныл­ған кандидаттардың басым бөлігін өзін-өзі ұсынған адамдар құрайды. Ал облыстар бо­йынша айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыс­тарында кандидаттарды ұсыну белсенді жүргізілуде. Сайлау ко­миссияларының негізгі міндеті – заңдылықты, яғни сайлау заң­на­масына және жалпыға танымал халықаралық қағидаттарға сәйкес әділ және ашық сайлауды өткізуді қамтамасыз ету», – деді ОСК мүшесі. «Ұсынылған кандидаттардың 12-сі Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшесі, 1184-і партияда жоқ, тағы 1669-ы өзі­нің партияға тиесілі екенін көр­сет­пеген, – деді Л.Сүлеймен әрі қа­рай. – Округтік сайлау комис­­сиялары 54 кандидатты тір­кеді. Орт­сай­лауком бекіткен күн­тіз­белік жос­парға сәйкес мәсли­хат­тар де­путаттығына канди­дат­тар ұсыну 2016 жылғы 19 ақпанға, ал тіркеу 23 ақпанға дейін жүргізіледі». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».