06 Ақпан, 2016

«Біздің қолымыздан келеді! Менің қолымнан келеді!»

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орайластырылған онкологиялық аурулардың алдын алу мен ерте анықтау жөнінде онкүндік (1-10 ақпан аралығында) жариялады. Аталмыш шара «Біздің қолымыздан келеді! Менің қолымнан келеді!» ұранымен өтуде. Баршаға аян, Қазақстанда әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі онкологиялық аурулармен күрес болып табылады. Профилактикалық шаралар – ғаламдық обыр індетін төмендетудің экономикалық тұрғыда аса тиімді және тұрақты тәсілі. Бүгінгі таңда медицина аурудың алғашқы сатысында жетістікке жетуге мүмкіндік беретін обырдың алдын алу, диагностикалау мен емдеудің бірқатар әдістерін атқарады. Қатерлі ісікті ерте диагностикалау мен профилактиканың аса тиімді әдістерінің бірі – халықты алдын ала медициналық тексеруден өткізу. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының мәліметінше, 2015 жылы онкологиялық скрининг аясында республикада нысаналы топтағы ересек тұрғындарға 1 593 235 скринингтік тексеру жүргізілген. Аталмыш шараны өткізудегі мақсат – жұртшылық назарын онкопатология ауыртпалығын төмендетудің ғаламдық мәселесіне аудару, тұрғындардың, медицина қызметкерлерінің онкологиялық ауруларды ерте анықтау және алдын алу туралы хабардар болуын арттыру, тұрғындарға скринингтік тексеруден уақтылы өту қажеттілігі туралы хабарлау. Онкүндік аясында республиканың барлық өңірлерінде онкологиялық сақтықты арттыратын, денсаулық күтімін үйрететін және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау жөнінде түрлі шаралар өткізілуде. Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні мен онкологиялық аурулардың алдын алатын және ерте анықтайтын республикалық онкүндік күллі қоғамда онкологиялық ауруларды төмендетуге бірлесіп күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.